Көркейген өңір – келісті өмір
Ауыл азаматымен ажарлы
Қазалыда Шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев атымен аталатын ауыл бар. Әйтеке би кентінен 5 шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауыл көркімен көз тартады, тазалығы жан жадыратады. Тақтайдай тегіс жолдар, қаз-қатар қонған үйлер, жайқалған жасыл желек, келбеті келісті ғимараттар осы ауылға тән теңеулер.
Округте 275 отбасы, 1516 халық тұрады. Талай талант дүниеге келген киелі топырақ Қазақстанның халық қаhарманы, әнші Роза Бағланова, Қазақстанның Халық әртісі, әнші Мадина Ералиева, Социалистік Еңбек Ері Көлжан Оразалиева, Қазақ ССР депутаттары О.Ержанова, К.Іксендіров, Б.Елешов, «Ленин» орденінің иегерлері М.Ахметжанов, С.Бахбергенов, І, ІІ, ІІІ-дәрежелі «Даңқ» ордененің иегерлері К.Өтепбергенов, Ш.Молдабаев, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Шапағат» медалінің иегері, Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі ақын Рүстем Жанай және филология ғылымының докторы, профессор Алпысбай Мусаев туған жер.
Ауыл көшелері асфальтталып, түнгі жарық шамдар орнатылған. Ауызсу мен аяқсудан тұрғындар қысылмайды. Жуырда көгілдір отын тартылады деген қуанышты хабар да бар. Қонақжай ауыл төрінде ел ағалары Б.Сағынтаев, Қ.Көшербаев, парламент сенатының, парламент мәжілісінің депутаттары болғанын мұратбаевтықтар мақтанышпен айтады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында Қызылорда облысында «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсында Ғ.Мұратбаев ауылдық округі жүлделі екінші орынды иеленді.
– Сыйға берілген қаржыға №15 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасының 1 блогы ауыстырылды. Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің паспорты жаңаланып, латынша жазылып, құлпытасқа ауыл тарихы ойып жазылды. Әкімдік ғимараты алдына орындық, қоқыс жәшігі, гүл егетін құмыра, бисетка, жарықшам орнатылып, брусчатка төселді. Ауылға кіреберіс жолдағы «Ғ.Мұратбаев ауылы» деген сөз латыншаға ауыстырылып, сырланды. Ақтан батыр көшесі бойындағы аяқсу жүретін құбыр қазып алынып, жаңадан салынды. Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің паспорты жанындағы жасыл белдеудің көлемі кеңейтіліп, арықтар тартылып, қадалар қағылып, тікенек сыммен қоршалып, ішіне талдар егілді, – дейді ауыл әкімі Абай Рыстығұл.
Ауыл тұрғындарына орта мектеп, 90 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория, кітапхана, мәдениет үйі, «Қуандық әулие» мешіті, ветеринарлық пункт, пошта байланыс бөлімшесі және бірнеше дүкен ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Ғ.Мұратбаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Орталық саябақ», «Атамекен» алаңы, «Ғани», «Тәуелсіздік» бағы ашылды.
Жасыл желек жанға сая
Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Әйтеке би – Ғ.Мұратбаев» автомобиль жолының екі жағындағы 5 гектар жасыл белдеуге 5000 түп көлеңкелі тал егілген. Елді мекенді абаттандыруға бюджеттен қаржы бөлініп, «Орталық саябақ» және «Атамекен» алаңдарына гүлдер отырғызылған. «Ғани», «Тәуелсіздік» бағында 2000 мыңға жуық көшет бар. Жасыл желегі жайқалған бақ ішіне үнемі күтім жасалады.
Бұндағы әрбір тұрғынның ауласында бау-бақша бар. Бірі азды-көпті көкөніс өнімдерін ексе, енді бірі жеміс-жидектің түр түрін жайқалтып қойған. Біз барған Бурабай Рахметовтің бағы тіптен бөлек. Ауланың біраз бөлігін алып жатқан бақшалықта қызанақ, қияр, чеснок, тәтті бұрыштан бөлек, алма, алмұрт, қара, сары өрік және жүзімнің бірнеше сорты бар. Мектеп директорының шаруашылық жөніндегі меңгерушісі болып зейнет демалысына шыққан Бурабай аға бүгінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Жары Асыл Шыныбекова қырық жылға жуық ұстаздық қызмет атқарған. Ұлдарынан немере сүйген қос қария бақша баптап қана қоймай, төрт түлік мал да ұстайды.
– Қорада азды-көпті малымыз бар. Апаларың сүт пісіріп, айран ұйытады. «Баптай білсең, жер жомарт». Тыңайтқышын салып, жерді қопсытып қолдан келген күтімімді жасаймын. Бақшаға керектің бірі – аяқсу. Бұл мәселе біздің ауылда оңтайлы шешімін тапқан, – деген ардагер жүзімінен ауыз тиюге шақырды.
Денсаулық пен білім басты назарда
Ғани Мұратбаев ауылындағы №91 орта мектеп 1976 жылы жаңа үлгімен 320 орынға арналып салынды. Екі қабатты білім ошағында спорт, акт залы, пәндік лабораториялар, асхана, шеберхана бар. ЭЕМ, лингафон кабинеттері ашылды. 2002 жылы компьютерлік сынып іске қосылды. Электронды оқулықтармен қамтылды. 2008 жылы мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Мультимедиа кабинеті жабдықталып, екі интерактивті тақтамен қамтамасыз етілді.
Мектептің іргетасы қаланғаннан бері әр жылдары Нұрпайыз Кенжалиев, Қалдан Ерімбетов, Аяп Қартбаев, Іскендір Нағашыбаев, Талғат Мәмбетов, Жеңіс Есенов, Маруа Мағауияева, Лаура Ізбасар, Айгүл Лайық мектеп директорлығына тағайындалды. Қазіргі таңда мектепті жоғарғы санатты тарих пәнінің мұғалімі Дархан Алдабергенов басқаруда.
Білім ордасында жоғарғы санатты 6, І санатты 13, ІІ санатты 15 мұғалім бар. Тәлімгер, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, дефектолог, көркемдік жетекші және кітапханашы, 35 техникалық қызметкер жұмыс істейді. 320 оқушы білім алуда.
2018-2019 оқу жылында 13 бітіруші түлектің 8-і ҰБТ-ға қатысты. Мадияр Әбілқасым «Алтын белгі» игері атанды. Жалпы есепте аудан бойынша 94,5 процентті құрап, төртінші орыннан көрінді. Биыл 1 сыныпқа 45 бала қабылданды.
«Дарын» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ақбота» интеллектуалды марафонына, «Руский медвежонок» конкурсына, «Кенгуру-математика для всех» сайысына, «Золотое руно» байқауына бірнеше оқушы қатысып, бірінші, екінші орындар иеленді. «Зерде» ғылыми жобалар сайысында да шәкірттер озық шықты. Білім мен тәрбиені ұштастыра білген оқушылар спорттық жарыстардан да қалыс қалмайды. Жаттықтырушы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дәулет Бақытбергенов баптаған жас спортшылар Мадияр Әбілқасым, Жаңабай Нажмадин, Данияр Қаршыға, Абылай Байкенұлы гандболдан республикалық жарыста облыс құрамасы сапында болып, жүлделі екінші орынға қол жеткізді.
Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда 4 адамға арналған күндізгі емдеу бөлімі жұмыс жасайды. Жыл көлемінде күндізгі емдеу бөлімінде 57 адам ем қабылдады. Флюрографиялық тексеруден 153 адам өткізіліп, 20 сәби дүниеге келген.
2014 жылы пайдалануға берілген емдеу орнында дәрігер Замир Аман, аға мейіркеш Нұргүл Ізтілеуова, учаскелік мейіркештер Маржан Айтуған, Бақытгүл Бөлек, Айқаракөз Жаңбыршиева, әлеуметтік қызметкер Айпатша Нарикбаева, зертханашы Роза Көрпебаева, егу мейіркеші Мөлдір Рашева, мектеп мейіркеші Гүлнаурыз Төлеген еңбек етеді. Тазалықшы Ғалия Ермекбаева мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Асылжан Ізтілеуов те жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды.
– Айына 10-12 науқас күндізгі стационарда ем қабылдайды. Артериялық қан қысымы, жүрек, бүйрек аурулары мен қан аздық, қант диабетіне шалдыққандарға ем жүргіземіз. Кейбір жандарды диагнозына қарай жолдамамен аудандық, облыстық емдеу орындарына жібереміз. «Дамумед» бағдарламасы арқылы дәрігердің қабылдауына жазылған тұрғындар кезексіз қабылданады. КМИС бағдарламасымен жұмыс істейміз, яғни барлығы электронды түрде. Бізге келген әр адамның ЖСН нөмірі базаға енгізіліп, қай уақытта қандай дәрігердің көмегіне жүгінгендігі жазылады, – дейді аға мейіркеш Нұргүл Ізтілеуова.
Мәдениеттің мәйегі – кітап. Ауыл тұрғындары бас қосатын рухани орданың бірі – кітапхана. Биыл ғана жаңа ғимаратқа орналасқан кітап үйінде бір оқу, екі абономент залы, 20997 кітап қоры бар. Оқырмандарға кітапханашы Айгерім Смағұлова қызмет көрсетеді.
Өнерпаздардың талантын шыңдап, өнерін танытуда мәдениет үйінің қосар үлесі зор. Балаларды шығармашылыққа баулуда ән, би, драма, көркемсөз оқу шеберлері және халық аспаптары үйірмелері жұмыс істейді. Өнерлі ұстаздар баптаған шәкірттер түрлі байқауларда бақ сынап, ауыл абыройын асырып жүр.
Қырмандағы қызу еңбек
Ғани ауылындағы «Рза-Агро» ЖШС-ның қырманында қызу тірлік басталып кеткен. Егіс басынан жеткізілген өнімдер арнайы аппаратта тазартылып, елеп-екшеленіп, жүк көліктеріне тиеледі. Одан соң Әйтеке би кентінде орналасқан зауытқа жеткізіледі. «РЗА-Агро» ЖШС 2019 жылы барлығы 1350 гектар жерге егіс орналастырған. Оның ішінде жаңа жоңышқа 150, ескі жоңышқа 250, күріш 270, бидай 30, мақсары 150, жүгері 500 гектар.
Қырман басындағы қызу тірлікке белсене араласып жүрген еңбеккерлер күн-түн демей үш ауысым бойынша жұмыс істеуде. Қырман меңгерушісі Нұрболат Оңталаповтың айтуынша, егістікте күріштің бірнеше сұрпы егілген. Күніне 10-12 рет аудан орталығына қатынайтын жүк көлігінің жүргізушісі Сәбит Батаманов, техникаларды жөндеп, уақытылы жүріп-тұруын қадағалайтын механик Нұрлан Өтепбергенов, жұмысшылар Райкүл Қалыбаева, Гүлжанат Ағытаева, Индира Шабарованың еңбекқорлығы кейінгі буынға үлгі.Бағдарлама баяны
Мемлекеттік бағдарламалар негізінде де айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылуда. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 3 азамат тіркелді.
Ал екінші бағыт бойынша өткен жылы 12 адам кәсіптік білім алып, бизнес жобаларын қорғады. «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 18 адам оқыды. Нәтижесінде жас кәсіпкер Сұлтан Айтуған қымыз өндіру жобасы бойынша 250 мың теңге грант жеңіп алды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқыған Айғаным Аймашова мен Құттыбай Манарбек жылқы малын өсіруге миллион теңгеден қаржы иеленді. Гүлнар Нареке газель автокөлігін алуға 3 миллион несие алса, «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша білім алған Самат Таңжарық 4 миллион теңгеге қол жеткізіп, жылқы малын өсіруді бастап кетті.
Биыл да несие алуға ниет еткен Нұрбол Құлмырза, Тұрсынай Байжігіт, Орынкүл Рыстығұл, Қоянақ Қазтуған мақсатына жетті. Бисара Есетова қой өсіру үшін бір миллион теңге көлемінде грант жеңіп алды. Бұдан бөлек Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығына және ауылшаруашылық қаржылай қолдау қорына ұсынылған жобалар оң шешімін табады деген үміт басым.
Бағдарламаның үшінші бағытынан да мұратбаевтықтар құр қалған жоқ. Биылдың өзінде тоғыз адам тұрақты жұмысқа орналасса, 4 жас маман тәжірибеден өтуде. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған» бағдарламасы бойынша және «Даму-Аймақтар» аймақтық шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру бағдарламасы бойынша шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерді тарту бағытында тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жиі жүргізіледі.
Р.S:
Бұндағы әр тұрғын туған жерін алтын тұғырға балап, оның өркендеп, өсуіне үлес қосуды парыз санайды. Көркейген өңірде келісті өмір сүрудеміз деген ауыл тұрғындарының келешектен де күтері көп.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
Фото
Қаракөз ЕРМЕКБАЕВА