Жастар жемқорлықты жақтамайды
Қазіргі таңда ел аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көптеген акция ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Құзырлы органдар қоғам індетін жою үшін барша қазақстандықтарды жемқорлыққа мүлде төзбеушілік ұстанымын қалыптастыруда тізе қосуға шақыруда. Бұндай шаралар аудан деңгейінде де үзіліссіз ұйымдастырылып тұратынын айта кеткен жөн. Жақында “Nur Otan” партиясының аудандық филиалы мен ішкі саясат бөлімі бірлесіп, “Қазалы жастары жемқорлыққа қарсы” тақырыбымен плакаттар байқауын ұйымдастырды.
“Coworking” орталығында өткен ауқымды жиынның өз дәрежесінде өтуіне “Қазалы-Жомарт” қоғамдық бірлестігі мен “Jas Otan” Жастар қанатының аудандық бөлімшесі де атсалысты. Бастама көтерушілер аталған шара жемқорлыққа қарсы күрес және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік атмосферасын құруды көздейтіндерін тілге тиек етті. Ал “Nur Otan” партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжанов қоғам індетін жоюда жастардың белсенділігі айрықша әсер ететінін айтты.
– Сыбайлас жемқорлықтың етек жаюуы мемлекет экономикасын құлдыратып, ел дамуына көптеген кедергі келтіретіні белгілі. Сондықтан әлемдік мәселеге айналған теріс әрекетке әрқашан қарсы тұруымыз керек. Әсіресе ел ертеңі жастар қылмыстың бұл түріне жаппай қарсылық білдіргенін қалаймыз. Өйткені болашақ сіздердің қолдарыңызда, – деді ол.
Ауданның 14-29 жас аралығындағы тұрғындары арасында өткізілген сайысқа 35 жас қатысты. Олар осы сәтте әлемдік деңгейде жағымсыз әрекетке, қылмысқа айналған үрдісті жою мақсатында дүниеге келген шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Сайыс нәтижесі бойынша шығармашылық иелері “Ең үздік заңшылдық”, “Ең үздік өлең шығармашылығы”, “Ең үздік авторлық жұмыс”, “Ең үздік креативтілік” және “Ең үздік ақпараттандыру” номинациялары бойынша марапатталды.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ