Латын әліпбиі – өркениет кілті
Қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашатын латын әліпбиіне көшу үдерісі басталып кеткені белгілі. Ауқымы кең, әлемдік аудиториясы қалыптасқан әліпби халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге зор мүмкіндік береді. Осыған орай аудандық мәдениет орталығында «Латын әліпбиі – өркениет кілті» атты облыстық көшпелі семинар өтті.
Қызылорда қаласы, Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары және Байқоңыр қаласынан келген тіл мамандары ең алдымен кенттің көрікті жерлерінде, Жанқожа батыр кесенесінде болды. Одан кейін №276 мектепте латын әліпбиі негізінде тренинг жүргізді.
Аудандық мәдениет орталығындағы семинарды аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов ашып, жүргізді. Жаңа әліпбиге байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндаған облыстық тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістеме бөлімінің басшысы Әсел Бахытова:
– Латын әліпбиіне көшу бүгінгі Қазақстанның тіл саясатында жүргізіп отырған үлкен реформа екені анық. Осы жоба басталғалы бері оқыту курстарында, жиындарда жаңа әліпбиге көшудің маңыздылығын халық санасына сіңіру бағытында еңбектеніп жүрміз. Қазалы тұрғындарының тіл мәселесіне алаңдаушылық білдіруі, белсенділігі көңіл қуантады. Жеті ауданда орыс, ағылшын, қазақ тілдерін тегін үйрету курстарының 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазалы ауданы ең жоғарғы көрсеткішке ие болды. Мәдениет және спорт министрлігі жанынан төрт жұмысшы топ құрылды. Олар орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік және ақпараттық тобына бөлінді. Жүзден аса әліпби нұсқаларының ішінен талапқа сай түрін таңдау міндеті жүктелді. Қазір қолымызда бекітілген әліпби бар, – деді.
Сонымен бірге орталықтың бөлім басшысы жұмысшы топ пен үкімет басшысының 2018 жылғы отырысында жаңа қазақ әліпбиінің 107 параграфты қамтитын емле ережесі мақұлданғандығына да тоқталды. Онда 2025 жылға дейінгі кезең-кезеңімен жаңа нұсқаға көшу жоспары бекітілген. Соған сәйкес 2018-2020 жылдарға халықтың көзқарасы мен қолданысын қалыптастыру бағыты белгіленген. Ең алдымен мамандар дайындау бірінші мәселе ретінде қаралып, 2019 жылдың наурыз айынан бастап тренерлерді даярлау жалғасып келеді. Облыс аймағындағы 7 ауданда 14 тренердің біліктілігі арттырылып, сертификат берілген. Қазір «1 сабақ – 1 әріп» бағдарламасы бойынша 600-ден астам мемлекеттік қызметші жоба аясында жаңа әліпбимен танысып үлгерген.
Бұдан кейін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасиловтың әліпби ауыстырудың әлеуметтік лингвистикалық мәселелері, Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының Қазалы ауданы бойынша оқытушысы Жұбатқан Таңжановтың жаңа әліпбиі негіздегі қазақ тілі емле ережелерінің ерекшеліктері туралы хабарламасы тыңдалды.
Жасын СҮГІРӘЛІ