Латын қарпі – ғылымның бағыты
Латын әліпбиіне көшу – Қазақстанды ғылыми жаңалықтарды дүниеге әкелуден көшбасшы атанған жетекші елдерге жақындата түсетіні белгілі. Сондай-ақ бұл үдеріске көшуді құптайтындар елдегі қордалынып қалған тіл мәселесін шешудің, қазақ тілінің дыбысталуын бастапқы қалпына келтірудің таптырмас жолы деп санайды. Бұдан да басқа күрделі қиындықтар латын қарпіне көшу арқылы шешілетінге ұқсайды.
Бірнеше жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деген еді.
Осыған орай №170 мектепте “Ахмет Байтұрсынұлы мұралары және латын әліпбиі” тақырыбында семинар тренинг өтті. Оған облыстық “Рухани жаңғыру” орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас, аудандық өлкетану музейінің директоры Сәкен Әліш пен бірқатар бөлім басшылары қатысты. Сонымен қатар жиынға аудандағы білім беру ұйымдарының ұстаздары шақырылды.
Семинар басталмас бұрын мұғалімдер екі топқа бөлініп, қолдарына берілген әріп аудармалары арқылы бір-бірімен жапон тілінде танысты. Бұдан соң түрлі сергіту ойындарын ойнап, латын әліппесі туралы білімдерімен бөлісті. Барлығы бірге Ескендір Хасанғалиевтың “Атамекен” әнін латын қарпімен жасалған караокеде шырқады.
Шара барысында латын әліпбиіне көшудің тиімді және кемшін тұстары жайында үш адамнан тұратын екі топқа бөлініп, “Мәселе” бағдарламасы ұйымдастырылды. Даттаушы тарап бұл бастама біршама шығын келтіретінін, онсыз да мектеп бағдарламасында көрсетілген кітаптар толық жетпей жатқанын айтты. Сондай-ақ бүгінгі буын орысша басылымдарға көшіп, қазақ тілі мәселесі одан әрі күрделеніп кетуі мүмкін екенін тілге тиек етті. Ал жақтаушы тарап бұның барлығы уақыт еншісімен ақырындап шешімін табатын мәселе екенін түсіндірді. Заман ағымымен тең жүретін жастар бұл олқылықтың орнын толтыратынын айтып сендірді.
Бұдан кейін, түрлі интеллектуалды ойындар ұйымдастырылып, ұстаздар білімдерін сынаудан жарысты. Шаттық шеңберін құрып, игі бастамаға қолдау білдіретіндерін көрсетті.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ