Қылқалам ұстаған ұстаздар

Бұл сайысқа сұлу табиғаттың нәзік сырларын ерекше ұғынатын жандар қатысты. Олар таңертеңнен лагерь орталығындағы алаңға жиналып, осы кезге дейін жасаған еңбектерінен көрме ұйымдастырды. Осыдан соң лагерьдің көркем тұстарын аралап, өздеріне қолайлы жер қарастырды. Ұйымдастырушылар белгі бергеннен кейін суретшілер мүлгіген тыныштықта кезекті керемет дүниені жасап шығуға қызу кірісті.
Қатысушылар қиялын қамшылап жатқан шақта, қазылар мүшесі мен сурет өнерінің ардагерлері аудан тарихында аты әйгілі осы саланың маманадары жайлы ой қозғап, қонақтарға өңірдегі өнер майталмандары жайында естеліктер айтты. Алаңның әр жерінде шашырап отырған шеберлер ара-тұра бір-біріне қарайласып, кенеп бетіне жаңа туып келе жатқан шығармаларын бағамдап қойды. Он алты қатысушы екі сағаттан кейін лагерь орталығына жиналып, туындыларын ортаға қойды.
Қылқалам шеберлерінің еңбектерін арнайы құрылған қазылар алқасы қарап, баға берді. Кәнігі мамандар мен бояу әлеміне қызығушылығы енді оянып жүрген жастардың айырмашылығы бірден байқалды. Әрқайсысына жеке баға берген олар бірнеше минуттан кейін марапаттау рәсімін бастады.
Жарыс қорытындысында үшінші орынға №88 мектептің қызметкері Құлатай Әбілов пен №90 мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Гүлзада Сырлыбаева ие болды. Екінші орынды №92 мектептен келген Ғалымбек Жылқыбай мен №17 мектептің ұстазы Аршын Нұрымова еншіледі. Ал жүлделі бірінші орынға №216 мектептің қызметкері Дәурен Сәрсенбаевтың жұмысы лайық деп танылды. Жеңімпаздарға арнайы диплом және бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Шара соңында аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің басшысы Әбілқасым Раман сөз алып: «Газеттің 10 жылдығын себеп қылып, суретшілердің бүгін басы қосылды. Аудандағы ұстаздар ішінен танылмай жүрген таланттарды тауып, солардың қалам ұстауына қозғау салу, мұғалім мерейін жан-жақты көтеру ол біздің міндетіміз. Жоғарғы деңгейде өткен жарыста білім саласының қызметкерлері белсенділік танытып, атсалысқаны көңіл қуантады. Алдағы уақытта қай бағытта болмасын оларға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деген пікірімен бөлісті.
Қазылар алқасының төрағасы, ардагер суретші Тастайбек Иманғалиев қазіргі уақытта өңірде қылқалам ұстайтын жас қызметкерлердің көбейіп келе жатқандығы жайында қуана хабарлады. Пленэрлі пейзажда сурет салып, шеберлерді жарысқа жинап, түрлі пікір алмасу мен ой қозғауға түрткі болғаны үшін аудандық білім бөлімі қызметкерлері мен «Қазалы» газеті ұжымына алғысын білдірді.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ