Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Келешегіне сенімді серіктестік

Келешегіне сенімді серіктестік

 Ертеректегі хандық, әмірлік, патшалықтардың даму деңгейі сол тұстағы сәулет өнері мен құрылыстың жетілгендігіне қарап бағаланған. Қазіргі таңда да солай. Жақын келешек ұрпақтары ауданда бой көтерген ғимараттар мен оларға пайдаланылған құрылыс заттарының жоғарғы технологиясына биік баға беретіні анық. Себебі сол үшін және тұрғындардың жақсы жағдайда өмір сүруі үшін тиісті мекемелер аянбай тер төгуде. Олардың қатарында біраз жылдар бойы тынымсыз іске толымды еңбегін арнап келе жатқан “Қазалы Строй – Сервис” құрылыс мекемесі де бар.

 Заман талабын ұстанып, жаңа технологиямен қатар жүретін бұл серіктестік жұмысын 2006 жылы бастаған. Алғаш “ҚазМұнайГаз” жанар-жағармай құю бекеті құрылысын ойдағыдай бітіріп, тапсырыстардың жаңа легіне жолығады. Сонымен қатар Жанқожа батыр кесенесінің биіктігі 18 метрлік мұнарасын тұрғызды. Жанқожа батыр ауылындағы балабақшаны күрделі жөндеуден өткізіп, балақайларды жайлылықпен қамтамасыз етті. Бұдан кейін елді мекендерді абаттандыру ісін қолға алып, бірнеше ауылдың көркін еселеп берді. Мәселен, кенттегі “Ақарық” каналы үстінен жаяу жүргіншілерге арналған көпір салып, Сарбұлақ, Тасарық, Бозкөл, Құмжиек, Қызылқұм, Өркендеу, Бекарыстан би ауылдық округтері, кент пен қаладағы көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Ондағы саябақтар мен демалыс орындарына брусчатка төсеп, жасыл желекке бөледі.
 Мекеме қызметкерлері тұрғын үй мен қоғамдық нысандар тұрғызуға да біркісідей атсалысып келеді. Олар қолға алған жұмыстың сапасы бірнеше жыл өтсе де бәз қалпында тұрғанын айта кеткен жөн. Басықара мен Ғ.Мұратбаев ауылдарындағы спорт алаңдарын, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасына сәйкес Басықара, Бірлік, Жалаңтөс батыр ауылдарында бой көтерген үш бөлмелі арендалық 8 тұрғын үйді, кенттегі “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы шеңберінде бой көтерген 12 арендалық үйді “Қазалы Строй – Сервис” мекемесінің құрылысшылары салып берген. Ал аудан орталығында орналасқан бес қабатты, Қ.Пірімов көшесіндегі екі қабатты пәтерлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жасау арқылы елдегі тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты модернизациялау ісіне қолдау көрсетті.
 Бұдан бөлек Әйтеке би кентіндегі ұзындығы 1150 метр болатын су құбырын жүргізу, инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік маңызы бар істердің басы-қасынан табылып жүр. Сонымен қатар серіктестік көлік жолдарына жөндеу де жүргізеді. Осы кезге дейін кенттегі, Басықара ауылдық округіндегі жолдарға орташа жөндеу жүргізуді сәтті аяқтаған. Мекеме басшысы Әділбек Сарабековтың айтуынша, жақсы іс алдағы уақытта да жалғасын табады.
 – Кеше ғана Әйтеке би кентіндегі көшелерге орташа жөндеу жүргізу мақсатында келісімшарт жасадық. Жоспар бойынша Төле би көшесінен бас­тап, Желтоқсан, М.Шоқай, Ш.Айманов, Михайлюк, С.Сейфуллин көше­леріне ағымдағы жөндеу жүреді. Қазірдің өзінде алдын ала дайындық шаралары басталып кетті. Бұл үшін қосымша бригада жасақталып, жұмылдырылатын болады.
Сондай-ақ брусчатка басып шығару цехы жұмысын жандандырып жатырмыз. Сұраныс көп болғандықтан цехты кеңейту ісіне ден қойып отыр­мыз, – дейді ол.
 Құрылыс серіктестігінде бүгінде 15 адам тұрақты жұмыс істейді. Қосымша жұмыстарға байланысты тұрғындарға уақытша жұмыс ұсынатыны тағы бар. Тұрақты қызметкерлердің бесеуі цехта брусчатка басумен айналысады. Бағасы кәнігі тас төсемелерден жоғарырақ болғанымен оның өзіндік артықшылықтары бар. Мәселен, жергілікті құмның құрамында 70-80 процент саз болғандықтан, одан жасалған төсеме тастардың беріктігі сын көтермеуі мүмкін. Ал серіктестік Шөміштен алдыратын ақ құмнан, яғни әйнек жасауға пайдаланылатын ресурстан жасалған төсеніш ұзақ жылдар бойы үгітілмейтінін уақыт көрсетіп берді. Күн райына қарамай тапсырыс берушілердің сұранысын қанағаттандыру мақсатында брусчатка шығаратын жабық нысан тұрғызу да серіктестіктің күн тәртібіндегі мәселе қатарында тұр. Осындағы өндірістік база меңгерушісі Жасұлан Матығұлдың сөзіне сенсек, тапсырыс төрт мезгілде де арылмайтын көрінеді.
 – Бұнда қоршаулар, темір есіктер, қақпа, ағаш бұйымдар жасаймыз. Бірақ қазіргі таңда брусчатка басудан қол тимейді. Себебі халық үй ауласына төзімді брусчатка тұтынудың дұрыстығын түсінген. Сәйкесінше төрт түрлі тас төсеме басып шығарамыз. Бағасы да көңілге қонымды. Оның үстіне тапсырыс беруші тауарды көңілі қалаған түске боятып ала алады. Тас төсемені басып шығару ісі автоматтандырылғандықтан жұмыс ауыр емес. Жұмысшылардың жалақысы да көңіл көншітеді, – деді база меңгерушісі.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
10 тамыз 2019 ж. 846 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 30

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930