Инфрақұрылым – ел игілігіне
Биылғы жылы Қазалы ауданы бойынша 11 нысанның құрылысын жүргізуге республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен қыруар қаржы бөлінді.
Қазіргі уақытта Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығында құрылыс жұмыстары қызу қарқын алған. Жуырда аталған аймақта болып, жұмысшылармен тілдестік. Екі аралықтан берілетін жер учаскесінің 15,4 шақырымына ВЛ 0,4 әуе электр желісі жүргізілген екен. Бас мердігер «Нұрай-Ақжол РГ» ЖШС 1150 дана темірбетон бағанасын орнатып біткен. Газбен жабдықтаушы мекеме – «МФК Туран» серіктестігі де жоспарланған істі жүйелі жүргізуде. Олар 19,6 шақырым төмен қысымды газ құбырының желісін жүргізіп, 1 дана газ реттеу пунктін орнатқан.
Біз барғанда жүргізушілер Талғат Көптілеуов пен Мақсат Оспанов «Камаз» көлігімен құм тасып, жер тегістейтін механизмді басқарған Досжан Қазыбек жолды жөндеп жатты. Сұрастыра келе, жол салушы мекеменің «Аман-Құрылыс» серіктестігі екенін білдік. Олар құм төгеді оны тегістейді. Бұдан соң, су сеуіп, катокпен басады. Бүгінге дейін 12,1 шақырым жолға құм, саз, 2,5 шақырымға малта тас төсеп үлгерген серіктестікте жиырма техника бар. Жиырмадан астам жұмысшы еңбек етеді. Олардың басым көпшілігі түрлі автотехникаларды жүргізсе, қалғандары әртүрлі қол жұмыстарымен айналысады.
Қызылорда облысы көлемінде бірнеше құрылыс нысанын тұрғызуға атсалысқан «Аман-Құрылыс» серіктестігінің басшысы Руслан Ибрагимовтың айтуынша, қазіргі жұмысшылардың басым көпшілігі қазалылық азаматтар.
– Біз Қызылорда қаласында үй салумен айналыстық. Қазалы ауданының Жанкент, Бірлік ауылдарында мектеп салдық. Жанқожа ауылындағы медициналық пункттің де құрылысын жүргіздік. Жол салуды наурыз айында бастадық. Қарашада толық аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді Р.Ибрагимов.
Бұдан бөлек, Қазалы қаласынан 81 гектар жер учаскесінде де тұрғын үйлер тұрғызылмақ. Әдеттегідей сол аймақ алдымен инфрақұрылыммен жабдықталады. Яғни ауызсу мен жол салу мәселесі бірінші кезекте орындалады деп күтілуде.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА