Тоқаев халықтың тұрмысын жеңілдететін тағы бір заңға қол қойды
Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Құжат қаржы саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтарға арналған салық рақымшылығы рәсімін реттеуге және жаппай жария ету мерзімдерін ауыстыруға бағытталған.
Жаппай жария ету мерзімдерін ауыстыруға қатысты Сенат үш кезеңді қарастырған болатын:
Бірінші кезеңде, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын тұлғалар мен олардың жұбайлары, сондай-ақ, оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсыра бастайды.
Екінші кезеңде, 2023 жылдың 1 қаңтарынан – мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері (білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тағы басқа салалар) және олардың жұбайлары, сондай-ақ квазисектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары.
Үшінші кезеңде, 2025 жылдың 1 қаңтарынан заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттеледі.
Сондай-ақ, салық міндеттемесі бойынша осы жылдың 1 қаңтарына дейін негізгі борышын өтеген жеке тұлғалардың өсімпұлы кешіріледі.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қиын жағдайға тап болған қазақстандықтардың қарыз жүктемесін азайтуды тапсырған болатын.
2019 жылдың 1 маусымына дейін жалпы қарызы үш миллион теңгеден аспайтын тұрмысы төмен азаматтардың борышы өтеледі. Алайда қарыздың толық сомасы емес, белгілі бір бөлігі кешірілетін болады.
sputniknews.kz