Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Пластикалық құтыдан қауіп көп

Пластикалық құтыдан қауіп көп

Қазақ елдігін алған сәтте туған балалар үшін пластикалық бөтелке ерте заманнан келе жатқандай көрінетіні рас. Себебі ес білгелі оны доп орнына пайдаланып, одан қалса қақпағын шегемен тесіп, су шашып ойнауға да таптырмас құрал еді. Ал оны өмірге әкелген суретшілер отбасынан шыққан Натаниэл Уайет есімді балақай үш жасында-ақ өнертапқыштық, ізденімпаздық қасиетке ие болған. Үлкен ағасы мен әпкелері әкесінің нұсқауымен жаны қаламайтын салаға бет бұрғанымен, кішкентай Нат білімге құштарлығынан қайтпады. Нәтижесінде білім алып, оқуын тәмамдаған соң, сол тұстағы химиялық заттарды өңдейтін DuPont компаниясына жұмысқа тұрған. Оның ғылыми жаңалықтары да осы кәсіпорында жарық көре бастады.

Механикалық жаңалықтар ашуды жаны сүйетін өнертапқыш бірде әріптестері арасында газдалған сусын сақтауға арналған пластикалық бөтелке жасау туралы ойын ортаға салады. Алайда ондағылар бұның көмірқышқыл газына төтеп бере алмайтынын айтып, мақұлдамай тастайды. Кешке жақын Нат дүкеннен пластикалық құтыдағы ыдыс жууға арналған сұйықтық сатып алып, ішіндегісін төгіп тастайды. Оны қатты газдалған зімбір сусынымен толтырып, мұздатқышқа салып қояды. Келесі күні ашып қараса, бөтелке ісініп, сөренің арасында қыстырылып қалғанын көреді.

Бұдан соң өнертапқыш полимердің бірнеше түрін қолданып, тәжірибе жасайды. Оған керегі екі нәрсе болды: бөтелкеге қыртыс салу арқылы молекулаларды қажетті формаға келтіру және бөтелке жасау үшін қолданылатын полипропилен материалының орнына полиэтилентерефталат (РЕТ) химикатын пайдалану еді. Бірнеше тәжірибенің нәтижесінде қазіргі қолданыста жүрген мөлдір, жеңіл, мықты бөтелке пайда болды.

Бұл ыдыстың тағы бір тиімді тұсы – екінші рет пайдаға жарайтындығында. Бірақ 1973 жылы Натаниэл Уайет тауарды патенттеп алған уақытта оған сұраныс үлкен болды деп айту қиын. 1977 жылдың басында ғана халық оның тиімділігін түсініп, рақаттарына пайдалана бастады. Қазіргі күннің өзінде АҚШ пластикалық бөтелкенің тең жартысын жасап, шығарып отыр. Дегенмен Наттың жаңалық ашқан сәтінде мүлдем зиянсыз деп таныстырылған бөтелкенің бүгінгі таңда қоршаған ортаға әкелген қасіреті орасан болатынын ешкім болжаған жоқ.

Ғалымдардың айтуынша, пластика­лық өнім өндіретін зауыттардың өзі бір жылда атмосфера қабатына 400 миллион тонна көлемінде улы газ шығарады. Ал оның өнімдері тіршілік иелеріне айтарлықтай қауіп төндіруде. Мәселен жер бетіндегі жан-жануарлардың 800-ден астам түрі пластикалық заттарды жеп қою салдарынан жойылып кету алдында тұр. Бұдан басқа кәріз жүйлерін бітеп, демалыс орындары мен қала көшелерін лас­тайтын бірден бір зат осы. Бірнеше жыл бұрын қоршаған орта зерттеушілері пластикалық бұйымдар 200 жылға жуық уақыттан кейін ғана ыдырайтынын айтқан болатын. Демек, қарапайым “баклажка” екі ғасыр бойы айналасындағыларды бифенол А және полистирол сияқты улы химикаттармен улайды деген сөз. Бұған пластикалық бөтелкеден бөлінетін метан газын қосыңыз.

Қазіргі таңда әлемнің жетекші елдері пластикалық бөтелкелер мен қалдықтарды өңдеуге, олардан келетін зиянды жоюға жұмыс жасап жатқаны белгілі. Қауіптен ерте құтылғысы келетіндердің қатарында Қазақстан да бар. Бүгінде республикада пайдаланылатын пластикалық өнімдердің 28,7 проценті ғана қайта қолданылады екен. Статистика мамандары солай дейді. Қалған бөлігі өртеу, көму, суға лақтыру арқылы уақытша көзден жоғалатынын көріп жүрміз.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Экологиялық кодексінің 301-бабына сәйкес полигондарда пластмасса, плас­тика, полиэтилен қалдықтары және полиэтилентерефталат орамасы; макулатура, картон және қағаз қалдықтары; құрамында сынап бар лампалар мен аспаптар; шыны сынықтары; түсті және қара метал сынықтары; литий, қорғасын-қышқыл батареялары; электрондық және электр жабдықтары қалдықтарын көмуге тыйым салынды. Бірақ бұған дейін ауданның түкпір-түкпірі қызғылт-сары түсті қауіпті тұрмыстық заттарға арналған жәшіктермен толып қалған болатын. Кейін тұрғындар оның ішін жарықшамдар мен қуатты батарейкалармен емес пластикалық құтылармен, темекімен толтырып тастады. Әрі-беріден соң бұл сорақылықты ең болмағанда халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізілмегеннің салдарынан көресің. Осындайда әлі қарапайым қоқыс жәшіктерімен толық қамтамасыз етілмеген жерге бұның қаншалықты қажеті бар деген де ой келеді. Ал көпшілік сол жәшіктердің бір данасына жұмсалған қаражатқа тұтас кентті пластикалық бөтелкеге арналған жәшіктермен қамтамасыз етсе болмас па еді дегенді айтуда.

Қалай дегенмен де адам қолымен жасалған дүниенің бәрі зиянсыз емес. Солардың ішіндегі критикалық жағдайда тұрған мәселенің бірі пластикалық қалдық екені даусыз. Сол себепті қазірден бастап оның салдарымен күрес қолға алынуда. Десек те бөтелкелерге арналған торлы контейнерлерді аудан көшелерінен байқау қиын. Алдағы уақытта мұндай олқылықтарды тезге келтіріп, қоршаған орта мен адамзат өміріне қауіп төндіретін химиялық заттарды пайдалануды азайтып, оны қайта өңдеу немесе жою жолдары қолға алынса, келер ұрпақтың бүгінгілерге алғыстан басқа айтары болмасы анық.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

17 шілде 2019 ж. 2 218 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031