Пластикалық ыдыстар ракқа шалдықтыруы мүмкін
Британиядағы Эксетер университетінің ғалымдары жасөспірімдердің ағзасынан бисфенол А-ның – пластмассаның құрамына кіретін химиялық түзілімді тапты. Бисфенол А су бөтелкесінде, сондай-ақ тамақ салатын пластмасса ыдыстарда кездеседі. Ол адам ағзасына түссе, онкологиялық ауруларға әкеп соғады. Бұл туралы The Telegraph жазады, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі lenta.ru басылымына сілтеме жасап.
Мамандар 94 жасөспірімнің кіші дәретіне сараптама жүргізді. Солардың 84 пайызында бисфенол А кездесті. Сараптамаға қатысушылар қандай тамақ жегендері туралы сауалнамаға да жауап берді. Пластикалық пакеттердегі химиялық түзілім тамаққа сіңетіндіктен мамандар мұндай ыдысқа салынған тамақты жемеуге кеңес берді. Дегенмен, бұл жағдайда да дәреттегі бисфенолдың көлемі азайған жоқ.
Ғалымдардың айтуынша, бисфенол А-ны азайту үшін арнайы жасалған диета да көмектеспеген. Өйткені пластикалық ыдысқа салынбаған тағамдар жасалып жатқан кезде, яғни өндірісте бисфенолмен араласып кеткен. Оның ішінде ауызсуға арналған баклажкалар өте қауіпті болып тұр.
Ал British Plastics Federation компаниясы мамандар жасаған қорытындымен келіспейді. Ұйым мүшелері пластмассадағы бисфенол А-ның зардабы әсірелеп айту деген пікір білдірді. Олардың айтуынша, көптеген зерттеу қорытындыларына сәйкес пластикалық ыдыста тамақ сақтаудың денсаулыққа еш зияны жоқ.
baq.kz