Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарауға қатысты заңға қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

Заң мәтіні баспасөзде жарияланады.
8 сәуірде Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады. Жаңа нормаларда жануарлар санын реттеу үшін ұйықтатып өлтіру рәсімін енгізу және ұсталған жануарларды табиғи ортасына қайта жіберуге тыйым салу қарастырылған.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Мемлекет басшысының жануарларға қатыгездік көрсеткендерге қатысты жауапкершілікті күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында жазалау шаралары қатаңдатылғанын мәлімдеді. Осы бағытта Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстерге өзгерістер енгізу ұсынылған.
Біріншіден, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің жануарларды күтіп ұстау жауапкершілігін күшейтуге қатысты екі бабына арнайы өзгерістер енгізіліп, салынатын айыппұлдар бірнеше есе өсірілген.
Бұған қоса, жануарларға зақым келтірген жағдайда, Қылмыстық кодекстің 316-бабының (Жануарларға қатыгездікпен қарау) бірінші бөлімінде көзделген екі айға қамап ұстау мерзімін алты айға ұзарту ұсынылған. Осы баптың екінші бөлімінде жануарларды қатыгездікпен өлтіретін болса, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын бес жылға дейін ұзарту қарастырылған.
Бұл заң жобасын сенаторлар 6 мамырда қол қою үшін Президентке жолдаған болатын. Сенат депутаттары «иесіз жануарлар» ұғымын нақтылау, жануарларды жансыздандыру туралы шешімді ветеринариялық қорытынды негізінде қабылдау және басқа бірқатар түзету енгізген, дегенмен бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау туралы норманы өзгеріссіз қалдырған.
Жуырда заңгерлер, ғалымдар мен журналистерден және қоғам белсенділерінен тұратын 115 мың қазақстандық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан жануарларды эвтаназиялау туралы заңға вето қоюды сұрап, хат жолдады.
Хат авторларының пікірінше, заң қазіргі қалпында құқықтық, әлеуметтік, санитарлық-эпидемиологиялық және сыбайлас жемқорлық қаупін тудырады.












