Шет тілінің шебер мұғалімі
Жыл өткен сайын елімізде шет тілдеріне деген сұраныстың артып келе жатқаны рас. Бүгінгі таңда кәсіп пен озық техника саласына дендеп ене бастаған тілді еркін меңгерген жастардың көбейгені көңілге қуаныш ұялатады. Осы ретте, шәкірттер санасына ағылшын тілінің сан қырын сіңіріп келе жатқан ұстаздар қауымы біздің ауданымызда да жетерлік. Солардың бірі – Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жәмилә Әбжан деуге толық негіз бар.
Саналы ғұмырының 32 жылын ұстаздық жолға арнаған оның талай буынның бойына терең білім мен тұнық тәрбиені сіңірудегі орны ерекше.
1988 жылы Алматы қаласындағы шетел тілдері институтын тәмамдап келген Жәмилә Әбдінағиқызы алғашқы еңбек жолын Cәкен Сейфуллин атындағы №165 мектептен бастаған. Мұнан соң аудандық оқушылар үйінің әдіскері, аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болып, 1997 жылдан бері Б.Мергенбаев атындағы №226 гимназияда ұстаздық қызметте шыңдалған.
Шәкіртсіз ұстаз – тұл. Кез келген мұғалімнің арманы өзі дайындаған шәкіртінің олимпиадалардан жүлде алғанын көру десек, бұл тұрғыдан келгенде Жәмиләны бақытты ұстаз деуге болады. Мысалы, оның оқушылары VII, IX, X және XI халықаралық олимпиадалардың алтын, күміс, қола медалдарын мойнына таққан. Сонымен қатар, ол баптаған оқушылар «Заманауи білім – өмір талабы» атты оқушылардың республикалық интелектуалдық турнирінің жеңімпаздары. Ал, өзі АКСЕЛС қоғамы ұйымдастырған сайыстың I, II, III турының жеңімпазы атанып, Америкаға жолдама ұтып алған қазалылық алғашқы ұстаздардың бірегейі десек қателеспейміз. Мұнымен қоса, облыстық «Ағылшын тілі пәнінің ең үздік мұғалімі», «Ең үздік бірлестік жетекшісі» номинацияларының, «Алтын глобус» сыйлығының, облыс әкімінің 200 мың теңге грантының иегері. Жалпы, бұлардың барлығы шет тілінің шеберіне айналған Жәмилә Әбінағиқызының көптеген жетістігінің бір парасы ғана. Әріптестеріне сыйлы ұстаз жайлы мектеп басшысы Күлзипа Нақан:
– Жәмилә Әбдінағиқызы ұжымдағы өте талантты, еңбекқор, талапшыл ұстаз. Көптеген тақырыптағы түрлі ғылыми-әдістемелік еңбектеріде педагогикалық журналдарға жарияланып, жинақтарға енген. Шәкірттерінің алды еліміздің сан саласында қызмет етіп, абыройдың асқарынан, беделдің биігінен көрініп жүр. Айта кетерлігі, Жәмиләның сайыстарға дайындаған оқушылары үнемі жүлделі оралады. Бәрі де мектебіміздің маңдайалды мақтаныштары. Тағы бір айта кетерлігі Жәмилә 2016 жылы халықаралық «Наланда» олимпиадасының үйлестірушісі қызметін атқарып, үздік ұйымдастырушы ретінде Дубайға екі жолдама жеңіп алды. Бұның барлығы оның ізденімпаз ұстаз екенін айғақтайды, – деген пікірін жеткізді.
Ал, Жәмилә Әбжанның дарынды оқушыларының бірі, «Алтын белгі» иегері, «Болашақ» степендианты, бүгінгі таңда Астана қаласындағы Н.Назарбаев университетінде қызмет атқаратын Бекзат Бәлдіров ұстазының өте талапшыл, білімді екенін былайша баяндайды.
– Жәмилә апай бастауыштан кейін мектеп бітіргенше сыныбымызға жетекшілік етті. Талапшылдығымен қатар, оқушыларды түрлі жарыстар мен олимпиадаларға дайындауда өзіне тән сан қыры болатын. Көзінде оты бар, шет тілін меңгергісі келетін кез келген баламен тез тіл табысатын. Мектеп қабырғасында жүргенде біздің сыныбымыздағы көптеген оқушыларды АКСЕЛС ұйымдастырған турнирлердің жеңімпазы еткені есімде. Мен де апайымыздың қолдауымен түрлі байқауларда бақ сынадым. Ол кісі менің ағылшын тіліне деген қызығушылығымды оятты. «Болашақ» бағдарламасымен Англияда оқығанымда ұстазым үйреткен шет тілінің үлкен көмегі тиді. Кейін Испания, Швеция секілді елдерге шыққанымда да мектеп қабырғасынан алған шет тілімнің нәтижесінде өзге елдің өкілдерімен еркін сөйлесетіндей дәрежеге жеттім. Бұл да болса, Жәмиләдай ұстазымның ерен еңбегі, – дейді.
«Еңбектің бейнеті ащы, жемісі тәтті» деген ұлағатты сөз бар. Жәмилә Әбдінағиқызы білім саласындағы өлшеусіз қызметі үшін әрі жылдары аудандық білім бөлімінің, облыстық білім департаментінің «Алғыс хаттарымен», облыс әкімінің, Республикалық Білім Академиясының, халықаралық АКСЕЛС қоғамының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Жуырда ғана жаңа оқу жылы басталар тұста Қызылорда қаласында өткізілген «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» атты облыс мұғалімдерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде Жәмилә Әбжан «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелігісін иеленіп, өз кәсібінің нағыз маманы екенін тағы бір дәлелдей түсті. Ұлтымыздың ұландарын ұлағаттыққа тәрбиелеу жолында аянбай қызмет етіп жүрген ұстаздың бұл жоғары наградаға лайықты екеніне кәміл сенімдіміз.
Есет ТАБЫНБАЕВ