Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шет тілінің шебері

Шет тілінің шебері

Замана керуені болашаққа жол тартқан сайын білім сапасының арқалайтын жүгі де ауырлап келеді. Жер бетіндегі барлық ұлттар мен ұлыстар өркениетке бет алғасын олардың бәсекеге қабілеттілігі де артуда. Оны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Абай Құнанбаев айтқандай, түбінде әрбір адам бір-бірінен ары, ақыл мен қайраты арқылы ғана озбақ. Яғни, қай ұлттың білім кеңістігінде бәсі жоғары болса, соның шоқтығы өзгелерден биік тұрмақ. Осы орайда, біздің Қазалы ауданының білім сапасы жылдан-жылға жақсарып, жас мамандар түрлі курстар мен тәжірибелерден өтіп келіп жатыр. Әрине, бұның барлығы болашақ ұрпақтың қабілет-қарымын ашу үшін жасалынып жатырған игі іс.
Білім айдынында ақ кемедей жүзген мектептің жүрегі қай кезде де мұғалім. Ол даусыз. Ал, сол мектепке құлшыныспен баратын жаңашыл, шет тілдерін жетік меңгерген, жоғары білімді жас мамандардың қызмет істегені көңіліңді қуантады. Олар нәтижелі табысқа жетіп жатса нұр үстіне нұр болмақ. Сондай жұмысының жемісі бар ұстаздардың бірі – Максим Горький атындағы №16 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Раушан Теңізбаева.
Раушан Байғабылқызы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін 2008 жылы тамәмдаған. Содан бері аталған білім ордасында қажырлы еңбек етіп келеді. Білімі мен біліктілігін ұштастыра білген жас маман мектепішілік, аудандық, облыстық байқауларға да белсене қатысып, өзін жақсы қырынан танытуда. Мәселен, 2009 жылы «Оқушылардың зерттеушілік және шығар-машылық қабілетін дамытудағы мұғалімнің рөлі» тақырыбындағы аудандық педагогикалық оқуда алғыс хат иеленсе, «Тәжірибе алаңы – 2014 байқауында» 3 орын иеленген. «Көптілді меңгерген үздік мұғалім – 2016» байқауында да өзінің терең ізденісінің арқасында жоғарғы нәтиже көрсеткен. 2011 жылы Тараз қаласында өткізілген «Қазақстан Республикасында білім беруді дамы-тудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мектептің оқу-тәрбие процесіне инновациялық технологияны ендіру» атты республикалық конференцияға қатысып, 1 дәрежелі дипломмен марапатталған. Осынау ұстаздар жиында «Ағылшын тілінде дидактикалық ойындарды тиімді пайдалану» тақырыбындағы баяндамасы конференция жинағына енген. Бұдан бөлек, бірқатар жасаған үздік жұмысы халықаралық жинақтарда да қатталған. Азды-көпті еңбегі еленіп, аудандық білім бөлімінің, облыстық «Нұр Отан» партиясының «Алғыс хатымен» марапатталған.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деген бар. Жас ұстаз Раушанның шәкірті Дильназ Нағашыбай жуырда ғана «Мәңгілік ел жастары – Ғылыммен индустрияға» атты облыстық ғылыми жобалар байқауында «Үздік жас ғалым» бағамына ие болған. Бұдан бөлек жас мұғалімннің білім биігін бағындыруға талпынып жүрген шәкірттері жетерлік.
– Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында «Адам капиталы – жаңғыру негізі» деген жетінші мәлімдемесінде «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» деген болатын. Саралап көрген жанға өте қажетті бағдарлама. Ұлт көшбасшысының біз дәріс беретін шет тілдеріне де баса көңіл бөліп отырғаны барлық озық елдермен тереземіз тең болсын деген мақсаты деген ойдамын. Ағылшын тілі алты құрлыққа ортақ, заманауи техниканың тілі болып отыр. Сондықтан, біз де шет тілін шәкірттерімізге үйрету жолында аянбай қызмет етеміз, – дейді Раушан Байғабылқызы.
Раушан Теңізбаева өткен айда «ЕFSET» онлайн тесттен өтіп, Англияның Оксфорд қаласына оқуға жолдама ұтып алғаны ауданның білім саласы үшін үлкен жетістік деуге болады.
Айта кету керек, жас ұстаз қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен қатар неміс тілін де еркін меңгерген. Оның оқушылармен тез тілтабысатын елгезек мінезі шәкірттері мен әріптестерінің де құрметіне бөлендіріп келеді. Біз де болашағынан үлкен үміт күттіретін төрт тілді еркін меңгерген ұстаздың алар асуының, бағындырар белесінің әлі мол екеніне сенімдіміз.
Есет ТАБЫНБАЕВ.
16 қаңтар 2018 ж. 1 870 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930