Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңашыл жоба жемісі

Жаңашыл жоба жемісі

Бүгінде аты республикаға танылған «РЗА» Акционерлік қоғамы 2000 жылы тәжірибелі әрі білікті басшы Самұрат Жұманұлы Имандосовтың бастамасымен құрылды. Содан бері үдемелі дамып, жыл өткен сайын материалдық-техникалық базасы нығайып, азық-түлік өнімдерін өндіру мен халыққа қызмет көрсету аясын барынша кеңейте түсті. Бүгінде «РЗА» АҚ Сыр аймағындағы тұрақты жұмыс жасап келе жатқан, қуатты техникалық және өндірістік базасы, жеке теміржол тұйықтары мен жоғары дәрежелі инженерлік-техникалық қызметкерлері бар іргелі ұжымға айналып отыр.
«РЗА» АҚ-ның негізгі саласы – құрылыс-монтаж жұмыстарын атқару болғанымен, қазіргі нарықтық қатынастар талабына сай ауыл шаруашылығы саласымен, яғни дәнді дақылдар егу және төрт түлік мал өсіріп, өнімдерін өндіріп, өңдеп, тұтынушыларға тарту етуде айтарлықтай істер атқарып келеді. Сыр өңірінің солтүстігінде қоныс тепкен Қазалы ауданына сырттан инвесторлар келмесе де «РЗА» АҚ агроөнеркәсіп кешенінің дамуына өзінің қомақты үлесін қосып, тек қана қазалылықтар емес, бүкіл сырбойлықтардың ризашылығы мен құрмет-қошеметіне кенелуде. «РЗА» акционерлік қоғамы әзірлеген өнімдер – Қазалының мақтанышы. Мұнда қаншама тұрғын тұрақты еңбекпен айналысады. Түрлі өнімдерімен танылған «РЗА»-ға тұтынушылар да дән риза. Ауыл ажарын арттырып, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырған Самұрат Жұманұлы Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының Құрметті азаматы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы. Толағай табысқа жету жолында телегей тер төгіліп, қыруар қаржы жұмсаған іскер басшының ісі көпке үлгі. Көшбасшы кәсіпкер бір емес бірнеше салаға сай «Рза-Агро», «Рза-Транс», «Рза-Сүт», «Рза-асыл түлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін құрды. Бұнда нақты кезеңде 1300 адам тұрақты еңбек етеді. Маусымдық шара кезінде бірнеше тұрғын қосымша жұмыспен қамтылады.
2006 жылы «DUCK Export-Import-Vermittlungen» компаниясымен келісімшарт жасалып, шұжық цехы іске қосылды. Мұнда шығарылатын «Одесская», «Краковская», «Докторская», «Любительская», «Чайная», «Московская» және тағы басқа қақталған, жартылай қақталған шұжық түрлері, сарделька, сосиска, тұшпара, тартылған ет, котлеттер көптің талғамынан табылуда.
Күріш өндірудің кластерлік жүйесін енгізу мақсатында Оңтүстік Кореядан «KoreaIndustrial CO LTD» компаниясынан сағатына 5 тонна күріш ақтайтын жаңа технологиялық линия алынып, күріш өңдеу зауыты іске қосылғалы да біршама уақыт болды.
«Рза-Асыл түлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Қазақстанның индустриалдық даму картасының белсенді қатысушысы. Мемлекеттік бағдарлама аясында біршама уақыт бұрын ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырған ұжым экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіруде. Типтік жобадағы тауарлы сүт фермасына қоса ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынды. Венгриядан әкелінген 660 бас голштино-фриз деп аталатын асыл тұқымды қашарлар қыруар еңбектің арқасында төлі есебінен көбейді. Өткен жылдың шілдесіндегі есеп бойынша асыл тұқымды мүйізді ірі қара саны 1600 басқа жеткен. Бұл – жоғары көрсеткіш.
Айта кетерлігі серіктестік Италия, Германиядан алынған заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Дамыған шетелдік озық технологияның көмегімен өндірілген пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдерінің дәмі тіл үйіреді әрі сұранысқа ие. Бұны дүкендерге бара қалсаңыз тұрғындардың арасындағы «Рзаның айранынан берші», «Рзаның құрты келді ме?» деген сөздерінен сезесіз. Сүт өнімдері Қазалымен бірге көршілес аудандарға, Байқоңыр, Қызылорда қаласы мен Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Орал облыстарына сатылады. Зауыт ұжымы 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды. Бұдан соң «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, Нұрлан Самұратұлы «Рза-Агро» ЖШС-нің тізгінін ұстады. Ақылшы әкенің тәлімі мен аяулы ананың мейірімін бойына сіңіріп өскен бозбала жоғары оқу орнын бітірісімен туған жерді түлетуге бел буды. Атамекеніне асығып жеткен ұл абыройы Алатаудай асқақ әкеге көмекші болуды ұйғарды. Ерінбей еткен еңбегі еш кетпеді. Нұрлан Самұратұлы тындырымдылығымен танылды. Ол басқаратын «Рза-Агро» ағымдағы жылы 4895 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын, оның ішінде 1950 га күріш егуді межелеуде. Серіктестік қуатты отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтай жарақтандырылған. Инженерлік жүйеге келтірілген жердің 900 гектары «Мара» агрегатымен тегістеліп пайдалануға берілген. Шаруашалық басшыларының айтуынша, алдағы уақытта мұны жылына 300 гектар жерге жүргізуді межелеп отыр. Биылдың өзінде 15 шақырым қашыртқы каналдары тазаланып, 7 шақырым дренаж қазылған. Бұл жұмыстар әлі де үздіксіз жалғаса беретін болады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
14 мамыр 2019 ж. 2 208 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 105

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930