«BALQAIMAQ» брендке айналады
Соңғы жылдары өңірімізде ата кәсібіміз – мал шаруашылығы қайта жанданып, түлік саны айтарлықтай өсті. Тіпті, мал қарасы көбейген 1993 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 29,6 % , жылқы – 50,4 % , түйе 52,5%-ке артқан. Сонымен қатар соңғы бес жылда ұйымдастырылған шаруашылықтарда ет өндіру 2,7 есеге көбейсе, сүт өндіру 1,6 есеге ұлғайған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аймақ тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдерін тарату нарығына кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі «Агрокартасы» қабылданды. Агрокартаны іске асырудың 2018-2022 жылдарға арналған егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарға сай 2022 жылға дейін облыста ет өндірісін 13 мың тоннаға, сүт өндірісін 68 мың тоннаға ұлғайту көзделген.
Ендігі мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу. Уақыт көрсеткендей, нарық талабы қатал әрі талғампаз. Көше бойында немесе үй аралап сүт сатудың да уақыты өтті. Тұтынушы үшін таза да ыңғайлы жерден, барлық талапқа сай өнім қажет.
Облыс орталығында ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында ашылған «BALQAIMAQ» кешені осы талап деңгейіне сай келеді. Жеке кәсіпкер Жібек Мұхимова отбасылық кәсіпті өзгелер секілді үй жағдайында бастаған. Оның айтуынша, сүт сату оңай. Ал сүт өнімдерін қайта өңдеу үлкен еңбекті қажет етеді. Бүгінде аймағымызда мал басы көбейген сайын біз сүтті шикілей сатқанымызға мәз болып жүрміз. Тіпті, көрші облыстардың сұранысын өтеудеміз. Олар бізден арзан сүт сатып алып, қайта өңдеп, кәсіпті дамытуда. Ал кезінде жайлауында малы мыңғырған қазақ атакәсіпті неге ұмытуы тиіс?! Қазақтың берекелі де мол дастарханында құрт, ірімшік, жент, қаймақ – бәрі-бәрі табылған. Қазір жас ұрпақ ұлттық тағамдар жайында тек кітаптан ғана оқып білетін жағдайға жетті. Мал басының көбеюімен бірге ұлттық тағамдарды дастарханға қайта оралту, тіпті уақыт талабына сай брендке айналдыру біздің міндетіміз.
Осындай оймен үйдегі кәсіпті заман талабына сай етуді мақсат еткен кәсіпкер ең әуелі ыңғайлы ғимарат құрылысын бастауды ойлап, тәуекелге бел буады. Кәсіпті дамытамын дегенге қолдау табылатын уақытта бұл жұмыс та соншалықты қиындық туғызбайды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында төмен пайызбен 10 млн теңге несие алған кәсіпкер екіқабатты ғимарат құрылысын жүргізіп, сүт өнімдерін қайта өңдеу талабына сай етіп жабдықтайды. Яғни, бұл кешеннен сүт өнімдерінің түр-түрін табасыз. Сүт, қатық, ірімшік, қаймақ, саумал, шұбат, қымыз, тіпті балқаймаққа дейін бар. Әрине, балқаймақ дегенде елдің елең ете қалатын жағдайы бар. Себебі, бүгінде балқаймақты білмейтіндер де аз емес.
– Мақсатымыз – сүт өнімдерін қайта өңдеп сату ғана емес, қазақтың ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарын қайта жаңғырту. Мәселен, жастар біле бермейді. Өзіміз де көп іздендік. Ел ішінен балқаймақты дәмді етіп жасай алатын әжелерді іздеп тауып, үйреніп жасап жатырмыз.Тұтынушы көңілінен шығу үшін сол мезетте күбіде айран пісіп бере аламыз. Бұл үшін тоқпен жұмыс істейтін заманауи күбі сатып алдық. Сонымен қатар дастарханымыздан жоғала бастаған басқа да ұлттық тағамдарды жасап, насихаттағымыз келеді. Біздің ұстаным: ұлтты сақтау – дәстүрді сақтау, – дейді патриот кәсіпкер Жібек Мұхимова.
Айтпақшы, Жібектің кәсібі бұл ғана емес. Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында тыңғылықты ізденген кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2020» аясында инновациялық жобаларға арналған конкурсқа қатысып, грант ұтып алады. Бұл конкурста түйе жүнінен көрпе тігу жобасын ұсынады. Жеңімпаз жоба иесі ғимараттың екінші қабатынан қаражатына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, жұмысын бастап кетіпті.
–Бүгінде қой, түйе жүнін қоқысқа тастайтындар аз емес. Ал, өзге елдер кәсіпке айналдырып, түйе жүнінен жасалған көрпені қымбат бағада сатуда. Бұл кәсіп біздің де қолымыздан келеді. Шикізат дайын, – дейді кәсіпкер.
Айта кетелік, «BALQAIMAQ» кешенінде әзірге 4 адам жұмыс жасауда. Алдағы уақытта сұранысқа сай жұмыс орны көбейе түспек.