Ғалымдар неліктен «жақсы адамдардың» бизнесі жүрмейтінін анықтады
Табысты бизнесмендердің арасында мейірімді әрі әдепті адамдар өте сирек кездеседі, себебі мұндай адамдар ақшаны аз бағалайтындықтан көбіне банкротқа ұшырайды. Экономистер мен әлеуметтанушылар жүргізілген зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, осындай қорытынды жасады, деп хабарлайды JPSP журналы.
«Біз қаржылық мәселелерде көңіл жықпайтын мінез бен сәтсіздіктердің арасындағы байланысты анықтауды мақсат тұттық. Бұдан бұрын біздің әріптестеріміз ақкөңіл жандардың жалақысы айтарлықтай төмен болып келетінін және олар басқа адамдармен салыстырғанда несиені тым аз рәсімдейтінін мәлімдеген болатын. Біз қаржы мәселесінің басқа салаларында да осындай жайт орын алатынын немесе олай емес екенін тексердік», - дейді Нью-Йорктегі (АҚШ) Колумбия бизнес-мектебінің қызметкері Сандра Матц (Sandra Matz).
Адамдардан басқа көптеген сүтқоректілер мен кейбір приматтар өздерінің тайпаластарына көмектесуге бейім емес және өз үйірлерінен бөлек достық байланыстарды қолдамайды деп есептеледі. Соңғы жылдары ғалымдар шимпанзенің, маймылдардың кейбір басқа да түрлерінің және балалардың қатысуымен көптеген «альтруимзмге тестілеу» жүргізді.
Қазіргі таңда эволюционистер альтруизмге және өзара көмектесуге бейімділік адамзат баласының тіршілік үшін күресте жеңістер мен жетістіктерге жетуінің негізгі себептерінің бірі деп санайды. Екінші жағынан алып қарағанда, капиталистік экономикадағы жетістіктерге қарама-қарсы жолмен қол жеткізуге болады. Сандра Матц атап өткендей, «мейірімділер таяқ жейді» де, қазіргі заманғы трансұлттық мега-корпорациялардың іргетасын қалаған неғұрлым арсыз және адамгершілігі төмен жандардың бизнес-практикасы жеңіске жетіп отырады.
Сандра Матц пен оның әріптестер осы тұжырымның шынайылығын тексеріп көруге шешім қабылдаған және егер бұл рас болса, жұмсақ мінезді жандардың бизнес пен қаржы саласындағы сәтсіздіктері немен байланысты екенін түсінуге жауап іздеуге тырысқан. Бұл мақсатта ғалымдар шамамен 10 мың адам қатысқан бірнеше ауқымды әлеуметтік сауалнамалардың деректерін, сондай-ақ Британияның 2,5 млн жуық азаматының банкроттық және қаржылық жағдайы бойынша ақпаратты қамтитын банк шоттарының дерекқоры деректерін талдаған.
Ғалымдар осы деректерді салыстырып және біріктіріп, адамның әдептілік деңгейі оның өмірде әртүрлі экономикалық және қаржылық проблемаларымен байланысты екендігін анықтаған. Мәселен, мұндай адамдардың жинақ ақшалары аз болған, олар жеке немесе корпоративтік деңгейде көбіне банкротқа ұшырап отырған және типтік «бизнесмендермен» салыстырғанда бизнестен өте аз табыс тапқан.
Осы проблемалардың барлығы, әлеуметтік сауалнамаларды талдау нәтижелері көрсеткендей, мейірімді әрі әдепті жандар басқа адамдарға қарағанда ақшаны өте төмен бағалайды, яғни олар үшін ақша маңызды емес, керісінше әділдік немесе өзара сенім секілді әлеуметтік және психологиялық факторлар олар үшін өте маңызды болып табылады.
«Біз қазіргі әлемде мейірімділік пен сенім олардың бағалайтын жандарға аса қымбатқа түсетінін дәлелдедік. Олар өздерінің осындай қасиетінің арқасында қиындық көрмес үшін келешекке ақша немесе басқа да қаржылық ресурстар жинамауы мүмкін», — деп қорытады Сандра Матц.
Дереккөзі: РИА Новости