Дәрі-дәрмек қымбаттап барады
Отандық фармацевтиканың белсенді дамуына қарамастан, көптеген дәрілік заттарды сырттан әкелуге мәжбүрміз. Мұны дәріхана сөрелерінде қаптап тұрған шетелдік дәрі-дәрмектер, сонымен қатар кепілдендірілген медициналық көмек жүйесіндегі сатып алу тізімі дәлелдей түседі.
Еуразиялық экономикалық одақтағы басқа елдерге қарағанда бізде дәрі-дәрмек анағұрлым қымбат. Мәселен, ағымдағы жылдың мамырында ЕАЭО-да дәрілік заттардың қымбаттауы орташа есеппен 4,2%-ды құраса, бізде бұл көрсеткіш бір жылда 11% болған. Алдымызда тек 16,1%-бен Қырғызстан тұр. Ал дәрі-дәрмек жеткізуші Ресей мен Беларусьтің өзінде бағаның өсуі соншалықты байқалмаған. Еуразиялық экономикалық комиссия келтірген мәліметтер бойынша оларда фармацевтикалық өнімдер бағасы тиісінше 3% және 0,8%-ға өскен. Дәл осындай жағдай былтыр да байқалды. Фармацевтикалық өнімдерге баға динамикасы бойынша Қазақстан одақта екінші орынға жылжыды.
ЕАЭО елдерінде бір позициядағы дәрі құны әр жерде неге әртүрлі екенін түсіну үшін ЕЭК сарапшылары егжей-тегжейлі зерттеу жүргізген. Сонда Қазақстанда 50 дәрінің 30-ының бағасы Ресейге қарағанда жоғары болып шықты. Айырмашылық негізінен 9% шегінде, ал кейбір дәрілер үшін ол 310%-ға жетті. Одақтың біртұтас фармацевтикалық нарығындағы мұндай диспропорцияның себебі ‒ елдердегі мемлекеттік бағаны реттеу әдістерінің әртүрлілігі. Дәрілік заттардың құнын бақылау Армениядан басқа ЕАЭО-ның барлық елдерінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар одаққа мүше қалған төрт елде бағасы реттелетін дәрілердің талаптары мен тізімі әртүрлі және басқа да көптеген факторларға байланысты.
Мысалы, біздің елде шекті баға белгіленетін дәрілік заттардың тізбесі
6 мыңнан астам пункттен тұрады (дәрілік заттардың әртүрлі дозаларын ескергенде). Биылдан бастап еліміз бағаны қайта реттеу бағытын ұстанды. Яғни бірте-бірте, бірнеше жыл ішінде мемлекет бақылауындағы дәрілердің тізімі қысқарады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, биыл 10 қаңтардан бастап бөлшек саудада 376 дәрі-дәрмектің бағасы реттелмейді. Бұл – әртүрлі витаминдер, гомеопатиялық препараттар, қарапайым ауруларды емдеуге арналған дәрілер. 2023-2024 жылдары рецептсіз берілетін басқа да дәрілік заттардың көтерме және бөлшек саудасын реттеу, ал 2024-2025 жылдары рецепт бойынша берілетін дәрілік препараттарды реттеу жойылады. Сөйтіп, 2026 жылға қарай Қазақстанда мемлекеттік реттеу кепілдендірілген медициналық көмек пен МӘМС жүйесі аясында ауруханалар үшін сатып алынатын дәрілік заттарға ғана қатысты болады.
Мемлекет бағаны еркіне жіберген кезде дәріханалардағы баға қалай өзгеретіні кейін белгілі болмақ. Бұл ретте реттеу дәрі-дәрмек бағасын орташа инфляция деңгейінен төмен ұстауға мүмкіндік береді. Мәселен, республикамызда биыл мамырда тауарлар мен қызметтер 2022 жылғы мамырмен салыстырғанда орта есеппен 15,9%-ға өсті. Былтырғы фармацевтикалық өнімдер бағасының динамикасына қарағанда, 2022 жылдың мамыр айынан бастап биыл ақпанға дейін өсу қарқыны байқалды. Ай сайын көрсеткіш 0,3-2 пайыздық тармаққа өсті. Бағаның ең елеулі өсімі қаңтар-ақпан айларында жылдық мәнде 13,6%-ды (яғни 2022 жылдың қаңтар және ақпан айларымен салыстырғанда) көрсетті. Көктемнен бері жағдай біршама өзгерген. Наурыздан бастап статистика дәрі-дәрмек құнының өсу қарқыны бәсеңдегенін тіркеді.
Жалпы, дәрі-дәрмектің бағасы 11%-ға көтерілгенімен, жекелеген кейбір түрі бұдан да қатты қымбаттады. Бағаларын Ұлттық статистика бюросының мамандары қадағалайтын 30 фармацевтикалық өнімнің тізімінде бағаның үштен біріне жуығы әлдеқайда жоғары. Мысалы, парацетамол мен ацетилсалицил қышқылы сәйкесінше 43,3% және 16,2%, амброксол мен «Бронхикум-С» 22,9% және 12%, азитромицин 12,7% қымбаттады. Бағасы көтерілмеген, тіпті төмендеген тізімдегі жалғыз дәрі бүйрек ауруларын емдеуге арналған «Канефрон Н» болды.
Отандық фармацевтика белсенді дамып жатыр десек те, сырттан ағылған препараттардың үстемдігі басым. Мысал ретінде былтырғы бірінші жартыжылдықтағы ТМККК (Тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі) жүйесі бойынша фармацевтикалық өнімдерді мемлекеттік сатып алу көрсеткіштерін келтіруге болады. Бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» сайтының мәліметінше, отандық фармацевтикалық компаниялардың елдегі ауруханаларға дәрі-дәрмек сатып алудағы үлесі небәрі 33%-ды құраған. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін алғашқы 10 елдің қатарына Германия, Швейцария, Франция, Ирландия және тағы басқа елдер кірген.
Кедендік статистикаға сүйенсек, бізге дәрі-дәрмектің ең ірі импорттаушысы ‒ Ресей. Биыл қаңтар-сәуір айларында импорттың жалпы физикалық көлеміндегі ресейлік жеткізілімдердің үлесі 21%-ды құрады: РФ-дан 26,2 млн долларға екі мың тоннадан астам дәрі-дәрмек әкелінді. Қытай жеткізілім бойынша екінші орында, ол жақтан 1,8 мың тонна фармацевтикалық өнім жеткізілді. Елдің үлесі – 19%. Барлығы қаңтар-сәуірде елімізге жалпы сомасы 456,7 млн долларды құрайтын 9,8 мың тонна таблеткалар, дәрілік заттар мен фармацевтикалық ерітінділер әкелінді. Жеткізу құны бойынша біздің еліміз үшін дәрі-дәрмектің негізгі жеткізушілері ‒ Германия мен Үндістан. Биылғы төрт айда олар елімізге 124,5 млн долларды құрайтын дәрі-дәрмек жіберген. Бұл – фармацевтикалық импорттың үштен бірі.
Дәрілік заттардың сыртқы саудасы туралы мәліметтер Қазақстанда осы тауарлардың импорт құрылымы өзгеріп отырғанын көрсетеді. 2022 жылы да, биылғы қаңтар-сәуірде де Ресейден жеткізілімдердің азаюы және Қытай, Франция, Беларусь, Польшадан импорттың артуы байқалады.