Семинар – сенімділік, тренинг – тәжірибе алаңы ма?
Қазір әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз «Семинар-тренингке шақырамыз», «Бос орын аз қалды», «Асығыңыз, ақысы мұнша теңге» деген хабарландырудан көз тұнады. Тіпті кейінгі кезде белгілі бір тақырыпты желеу етіп, өткізілген басқосудың көпшілігін семинар-тренинг деп атау да әдетке айналды. Жалпы көпшілігіміз қатысып жүрген семинар-тренинг
деген не? Оның бізге берер пайдасы қандай?
деген не? Оның бізге берер пайдасы қандай?
Тренинг терминін тарқатып айтар болсақ, ағылшын тілінің training сөзінен алынған екен. Оның тура мағынасы – жаттығу. Бұл – интерактивті әдістерді қолдану арқылы жүзеге асатын, үйренуші мен бағыттаушының бірлесе жұмыс атқаруына негізделетін заманауи оқыту формасы. Белгілі ақпаратты адамның игеруіне ыңғайлы үлгіде ұсынудың бір түрі. Тренинг арқылы адам қандай да бір қабілетті немесе машықты игеруге жаттығады. Оны ары қарай жүзеге асыру жолын үйренеді. Семинар-тренингтің өзге оқыту түрлерінен артықшылығы да осында жатыр. Оқытушы мен оқушы жаңа ақпаратты бірлесіп талқылайды. Бұны семинар десек, практикалық жаттығу негізінде алынған білімді іске асыру – тренинг. Оны жүргізушіні тренер деп атайды. Ол тек оқытушы ғана емес, нағыз «жаттықтырушы», өйткені оқушыға білім беріп қана қоймайды, сол білімді жүзеге асыру жолдары мен қабілетін ашуға көмектеседі.
Ал, сіз қатысқан семинар-тренигтер сенімділік сыйлай алды ма? Бұған берер жауап та әр қилы. Бір тарап «Иә, менің кәсібімнің өрістеуіне мықты маманның семинар-тренингіне қатысуым себепші болды» десе, енді бірі «Бұл – уақытты текке кетіру» деп есептейді.
– Мен бірнеше семинар-тренингке қатыстым. Бәрі бірдей керемет өтті дей алмаймын. Әрине көңілге қонымдысы да болды. Дегенмен, ақыңды төлеп, барған соң тың дүние үйреніп қайтқың-ақ келеді. Өкінішке орай бұл ойым жүзеге аспай қалған сәттер де кезікті, – дейді Анар. Айтуы орынды.
Бұл ретте түрлі семинар-тренингтер өткізіп жүрген тренер Ақгүл Абдрасул былай дейді: «Кез келген семинар-тренинг алдымен оны ұйымдастырудан басталады. Алғашқы қадамы – мақсат-міндеттерін айқындау. Бұл ретте алға қоятын мақсаттарды SMART өлшемдеріне (критерийлеріне) сәйкес айқындаудың маңызы зор. SMART сөзі келесідей ағылшын сөздерінің бастапқы әріптерінен құралған. S – specific – «нақты» M – measurable – «өлшеуге болатын» A – areal – «аймағы айқын» R – relevant – «шынайы» T – time-bound – «уақыты айқын».
Оның айтуынша, тренер болу үшін оқытатын тақырыпты жетік білу аздық етеді. Мұндай адам аудиториямен жұмыс істеудің шебері болуы тиіс. Тренерге семинарға қатысушы әрбір адамның талап-тілегі мен қажеттілігін дөп басып тану үшін психолог бола білу де маңызды. Үйретуші аудиторияны белгілі бір мақсатқа ұйыта алып, барлық қатысушыны бірлесе жұмыс атқаруға бағыттай білсе, ойға алған мақсаттың орындалғаны.
Семинар-тренинг өз дәрежесінде өтсе, яғни, семинар – сенімділік, тренинг – тәжірибе алаңына айнала алса, әрине қатысушыға берер пайдасы мол.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА