Ерекше функцияларға ие "ақылды" қолсағаттар

Сұр, қара, күлгін-сары түспен сатылымға шыққан аксессуар 1,19 дюйм көлеміндегі экранға ие. Сонымен қатар, сағаттың орналасқан мекенжайын нақты көрсететін GPS, NFC микроқондырғылар орнатылған. Әдеттегідей, жүрек қағысының жиілігін өлшейтін қондырғы және фитнеске арналған функциялар жұмыс істейді. Swimproof технологиясының арқасында сағатты қолға таққан күйі қорықпастан суға шомыла беруге болады. Компания атаулы девайсті онлайн түрде де сатылымға шығарып үлгерді. Сонымен қатар, жақында Райан Говардтың идеясынан туындаған iBeat Heart Watch ақылды қолсағаты да әлемдік нарыққа кірді. Бұл сағаттың шығу тарихының өзі қызық. Осыдан дәл 3 жыл бұрын Райан Говард түсінде бала күнгі досының қайтыс болғанын көреді. Осы қорқыныш Говардтың жадында ұзаққа дейін жатталып қалады. Үнемі қалың ойға шомып жүретін ол аяқасты адамның жүрегі сыр берген жағдайда бірден белгі беретін құрылғы іздейді. Бірақ, іздегенін таба алмайды. Осы ізденіс араға 3 жыл салғаннан кейін iBeat Heart Watch сағатының жарыққа шығуына түрткі болады.
Говард жасаған құрылғы қарапайым сағат сияқты көрінгенімен адамның жүрегі қысылып, жайсыз сезіне бастағанда дабыл беріп, өлімнен арашалап қала алады. Осы қызметті орындау үшін сағат секундына 100 рет сіздің жүрек қағысыңыздағы ақпаратты жинап, қолданушыға көрсетіп тұрады. Оқыс жағдай орын алып, дабыл қағылғаннан кейін сағат иесі 10 секундтың ішінде жауап қайырмаса жасанды интеллектпен жабдықталған құрылғы автоматты түрде жедел жәрдем шақырып, жақындарыңызға хабар береді. Идея авторы Райан Говардтың ойынша, бұл құрылғы жасы 50-ден асқандарға және жүрек ауруымен ауыратын адамдарға арналған. Адам өліміне араша болу үшін жасалған бұл сағаттың негізгі артықшылығы аккумуляторының қуаттылығында. Құрылғы небәрі 1 сағаттың ішінде толықтай қуатталады және осы қуат 4 күнге дейін жетеді.
Massaget.kz