«Ақылды қалалар» – ақыл-ойдың жемісі
Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеулеріне қарағанда, 2030 жылға қарай қалаларда Жер шарының 60 процентке жуық тұрғыны тұратын болады. Ал, 2050 жылға болжам жасағандар сол уақытта әлем тұрғындарының 67 проценті қалалық болады деп отыр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда шамамен 10 млн-нан астам адам қалаларда, 7 млн-нан астам адам ауылдарда тұрады.
Қала тұрғындары санының өсуі өз кезегінде көлік және коммуналдық қызметтерге, қаланың күнделікті тіршілігіне салмақ салатыны белгілі. Оған төтеп беру үшін озық әлемдік тәжірибелерді қолдану керектігі күн тәртібіне шығады.
Әлемдегі мегаполистер адамдардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету, тұрмыс-тіршілікке қатысты мәселелерді шешу үшін “ақылды қалалар” концепциясымен жұмыс істеуде. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы барлық қызметтердің тиімділігін арттырған. Қазіргі уақытта әлемнің 2500-ден астам ірі және кіші қалалары “ақылды қала” концепциясына сүйеніп, тұрғындарына түрлі қызметтер ұсынуда.
“Цифрлық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасының, Елбасының биылғы Жолдауының өзегінде аталған концепция жатыр. Қазіргі уақытта Үкімет «Smart Сity» жобасын Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтөбе сияқты ірі қалалармен қоса басқа шаһарларда да біртіндеп енгізуде.
Біз әлемдегі «ақылды қалалардың» үздік бестігін көрсете отырып, олардағы жетістіктерге ұмтылыс біздің де болашағымыз үшін қажет екенін айтқымыз келеді. Мұның бәрі – сіз бен біз сияқты адамның қолымен жасалған игілік. «Ақылды қалалар» тұрғындары тұтынатын жаңалықтарды біздің де өмірімізге енгізу үшін арнайы бағдарламалар қабылдануда.
Қытайдың Иньчуань қаласы – Нинся провинциясының астанасы. Мұнда 1,6 млн халық тұрады. Бұл қалада банк картасы, жол жүру билеті, қолма қол ақша керек емес. Мұның барлығының орнына адамның беті қолданылады.
Кез келген қызмет ақысын төлеу үшін жүйеге бетін көрсетсе жетіп жатыр. Қажетті сома бет иесінің шотынан автоматты түрде алынады. Мұнда ешкім дүкенге бармайды. Азық-түлікке телефондағы қосымша арқылы тапсырыс береді. Тапсырысын жақын маңдағы мұздатқыш камерадан алады.
Жапонияның Фудзисава қаласы 2016 жылы салынған. Қазір онда 3000 адам тұрып жатыр. Мұндағы барлық үйлер күн энергиясын пайдаланады, электр автокөлікпен, велосипедпен және самокатпен жүреді. Суды әдеттегіден 30 процент аз тұтынады. Қала көшелері сенсорлық жүйемен жабдықталғандықтан, жарық адамдар жүргенде ғана жанады. Жер сілкінісі сияқты төтенше жағдай туындай қалса, қала 3 күнге дейін тұрғындарын азық-түлікпен, электр энергиясымен, ыстық және суық сумен қамтамасыз ете алады.
Ұлыбританияның Милтон-Кинс қаласында 192 мың адам тұрады. 2015 жылы мұнда алғашқы электрокарлар пайда болды. Бұл екі адамдық автокөліктер 22 сенсормен, радармен, стереокамерамен жабдықталған. Көлік қуаттаусыз 64 шақырым жүре алады. Қала «МК:SMART» жүйесіне қосылған. Бұл жүйеде қала туралы барлық ақпараттар жинақталады. Оған шаһардың барлық тұрғыны қосылған. Тұрғындар үйлеріндегі су және электр энергиясы шығынын өздері қадағалап отырады.
Сингапур 5,5 млн тұрғыны бар мегаполис болғанымен, Үкіметтің «SMART NATION» бағдарламасы бұл қаланы «ақылдыға» айналдырып үлгерді. Мәселен, YUHUA кварталына қоқыс жинайтын вакуумдық жүйе, су мен электр энергиясының қолданылуын бақылайтын күн панельдері, сенсорлар орнатылған. Үйлерде қарт кісілердің қозғалысын бақылайтын арнайы датчиктер қойылған. Егер жүйе қарияның құлап қалғанын байқаса, ауруханалар мен туысқандарына хабар береді. 2016 жылдан бері Сингапур көшелерінде жүргізушісіз автокөліктер жүре бастады. Ал 2020 жылға қарай барлық автокөлік жүргізушілеріне олардың көліктері қай бағытта кетіп бара жатқанын көрсететін арнайы навигациялық жүйе қондыруды міндеттемек.
Біріккен Араб Әмірліктеріне қарасты Масдар қаласы Әбу Дабидің іргесінде орналасқан. Әзірге 300 адам тұрады. Көп ұзамай тұрғындар саны 7 мыңға дейін өседі деген болжам бар. Қаланың барлық жүйесі «таза» энергиямен жұмыс істейді. Жанармаймен жүретін көліктерге қаланың маңына жақындауға тыйым салынған. Шекараға 3 шақырым қалғанда кері бұрылуға тура келеді. Масдарда жүргізушісіз электр көліктері жүреді. Таңғалдыратын ноу-хаудың ең негізгісі – қала көшелері күн мен желдің бағытын есептеп салынған.
Болашақ ақпараттық технология мен жасанды интеллекттің жағында екенін уақыт біртіндеп дәлелдеп келеді. Демек, жаңалықтарды жатсынбай, жатырқамай қабылдап, пайдаға жарататын күн де алыс емес.
М.МЕРЕЙ.
Syrboyi.kz