Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Таңғажайып Түрік елі

Таңғажайып Түрік елі

Бүгінде елде саяхат десе, ішкен асын кейінге ысыратын жандар қатары жыл санап артып келеді. Дамыған елдер туризм саласына ерекше мән беруде. Әлем шарлаған туристердің арқасында экономикасы өрлеп тұр. Қазір кейбір шет елге қазақстандықтар визасыз бару мүмкіндігі мол.
Әр жиһанкез өзі қызығушылық танытатын елін мінсіз елестетеді. Бұл әр бұрылысы мен тарихи жерлері эпикалық көріністерге толы болары сөзсіз. Оған апарар жол барлық қиял-ғажайыптан асып түседі. Осындай арман мен түрлі-түсті қанық бояулармен көмкерілген таңғажайып Түркияға жол түсті. Бұл мақсатты жүзеге асырған Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы "Стамбұл-Балыкесир-Чанакалле" жобасы арқылы Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан және Қызылорда облыстарының аймақтық БАҚ өкілдерінің басын қосты. Бару-қайту ұшақ билетінің ғана құнын көтерген қазақ тілді журналисттерді Стамбұлдың халықаралық әуежайынан түрік әріптестер күтіп алды. Шынын айтса, Қазақстанның біраз жерін тек пойызбен шарлаған маған ұшаққа алғаш мінуім жан-дүниемді біраз толқытты. Әкем дәрігер әрі ұшқыш болғанмен де, өзімде бірнеше фобия бар. Олар биіктік, қан және аса жылдам жылдамдық. Бұндайда басым айналатыны және жүрегім көтерілетіні (качка) есті кетіреді. Десе де уайымдатқан сол үрейлерді жеңіп шықтым. Алты сағат аспанда қалықтап, жерге қонғандағы сезім ерекше болды. Езуім екі жаққа кеткен күйі жан-жағыма аңтарыла қарағанымды жасырмаймын. Стамбұлды көк жәшік пен ұялы телефоннан емес, шынайы көріп, ауасын жұтқан бір бөлек. Өзге елде алғаш болғандықтан ішкі тебіреністен ой-санам сан саққа тарады. Мұндағылар ашық жүзді, қонақжай келеді. Мәдениеті мен еңбекқорлығы және көше келбеті айрықша таңдандырады. Ешбір жерде бей-берекетсіз жатқан дүниелерді көрмедік. Бәрі жып-жинақы, тап-таза. Астана уақытымен сағат бірлерде спринтермен Стамбұл арқылы Балыкесир өңіріне қарасты Джунда аралына тарттық. Теңіздің үстінен көпірден өтіп, 5,5 сағатта діттеген жерге жеттік.
Сыр сақтаған Джунда аралы
Ықылым заманнан мыңдаған хабар сақталған сыр сандық іспеттес. Тау тасты жерде орналасқан ежелден бүлінбеген қалпы ұрпақтан-ұрпаққа аманатталған ғаламат жер. Аралды Эгей теңізі қоршап тұр. Теңізден соққан самал жел тынысыңды ашады. Ешқандай шаң-тозаң, көзге топырақ түсіп, әбігерге салынбайсың.  Түркияның туризмін дамытуға атсалысып жатқан Джунда аралы әдеттегі Эгей курорттық қаласының сипатына ие. Ол Түркияның солтүстік-батыс жағалауындағы Эдремит шығанағында, Балыкесир провинциясындағы Айвалык жағалауында орналасқан. Мұндағы тұрғындар негізінен балық аулаумен шұғылданады. Аралды жағалай тізіліп тұрған қайықтар мен шағын кемелер және яхталар ашық аспан астында қалдырған аулары мен арқандары әсем көрініс беріп тұр. Бұл жерде үлкен қаладағыдай арлы-берлі жүрген көліктердің дауысы мен топталған адамдардың шуы жоқ. Оңашада орналасқан жанға жайлы нағыз демалыс орны дерсіз.
Зәйтүннің отаны
Айвалық – Эгей теңізінің солтүстік-батысындағы теңіз жағалауындағы қала. Мұнда агрошаруашылыққа басымдық берілген. Негізгі өнімдері зәйтүн ағаштарының жемістерін өңдейді. Айвалықта 12 миллион түп зәйтүн ағашы өсіп тұр. Содан жылына 35000 тонна өнім алынады.
Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Бисенованың ұйымдастыруымен барған әр аймақтан келген қаламгерлер Айвалық, Гөмеч, Хавран аудандарында, Эгей теңізінің ортасындағы Джунда аралында 3 күн болып, таңда теңіз жағалауына бардық. Сол жерден Мұстафа Кемал Ата Түріктің Джунда аралына түскен жерін көрдік.
Өзкун зәйтүн майы зауытына барып, ондағы қызу жұмыстың қалай атқарылатындығын және дүкен сөрелерінде тұратын сұйық майдың әзірлену жолдарына қанықтық.
Жалпы түрік халқының агро шаруашылығы жақсы дамыған. Олар зәйтүн ағашын молынан отырғызып, өнімін ішкі нарықтан бөлек сыртқа да экспорттайды. Зәйтүннің дәрумені мен сапасы мықты болуы үшін арнайы таңдалған сорттары іріктеледі. Жиналған өнім арнайы аппаратқа төгіледі. Онда үрленген желдің екпінінен жапырақтарынан арылтып, тек зәйтүннің өзі қалады. Сосын жуылады. Дайын жеміс 1,5 тонналық үш гранит тас арқылы (оны төбеге арнайы ілінген айнамен көруге болады) жарты сағат бойы қамыр болғанша сүйегімен бірге зәйтүн иленеді. Қамыр болып, мыжылған қоймалжың жылжытылып, арнайы диірмен сияқты дөңгеленген ыдыстарға құйылып, үстінен таспен басылады. Бар-жоғы 40 минуттың ішінде арнайы ыдысқа майы тама бастайды. Орташа есеппен 60 келі май сығылып, алынады. Зәйтүн бойындағы суы мен майы екіге ажыратылады. Өкінішке қарай біздің топ келерде жаңбыр жауып, күн сәл суытқандықтан май алу процесі тоқтап тұрды. Егер жұмыс жүріп тұрса, онда сол бойда өндірілген жылы майдан ішуге болатын еді. Ал енді содан шыққан майды арнайы ыдыстарға құяды. Зауытта өңделген зәйтүннің түрлі өнімінен түркітілдес журналистер қорының мүшелері дәм таттық. Ұнап қалды. Негізі "Грецкий" салатты тапсырыспен алғанда зәйтүнін жемейтінмін. Сөйтсем дәмі тым жақсы, әрі ағзаға өте пайдалы. Түріктердің дастархан мәзірінен зәйтүн арылмайды. Олардың айтуынша, таңертең бір уыс зәйтүнмен ауқаттансаң, кешке дейін тоқ боласың.
Осылайша қаншама еңбек, талай күтіп-баптаудың нәтижесінде бір зәйтүннің өзінен шығарылған небір өнімді тамашаладық. Олардың қатарында дене мен қолға арналған крем, шаш жууға су сабын, иіссу, дәмдеуіш, джем, паста, салат пен тамақ әзірлеуге арналған сұйық май мен шәй және тағы басқа да дүниелер болды.
Шайтан дастарханы
Келесі сапар "Сайтан сорасы" бізше "Шайтан дастарханы" деп аталатын биіктіктен Айвалық аймағын тамашалаумен жалғасты. Оның қарамағында 22 арал орналасқан. Айналасы Эгей теңізімен шектеседі.
"Сайтан сорасы" шығу тарихы гректер заманынан қалған Осман империясының кезінде Айвалықтың ішінде аштық басталған. Сол уақытта дін адамдары, яки поптар шайтанның кесірі деп айтқан. Ол кім деген саулға ешкі бағатын шопанды көрсеткен деседі. Соны өлтірсеңдер, аштық та бітеді делінген. Халық шопанды жаһаннамға аттандыру үшін келсе, ешкі бағушы дастархан жайып, құстың сүтінен өзгенің барлығын келгендерге ұсыныпты. Ашуға булыққан жазалаушылар мұндай молшылықты көріп, сен кінәлі емессің деп кері қайтқан дейді аңызда. Осыдан келіп, бұл жер "Шайтанның дастарханы" деп аталып кеткен. Тіптен сайтанның аяғының ізі түскен орны да бар. Жергілікті халық пен жан-жақтан келушілер осы жерге келіп, биіктіктен табиғат көрінісін тамашалайды, естелікке суретке түседі.
Кешкісін Айвалық аймағының негізгі жерлеріне барып, орталық көшелеріндегі тыныс-тіршілікпен таныстық. Джунда аралындағы ең қымбат "Bay Nihat" атауындағы мейрамханада ауқаттандық. Теңіз жағасында естелік суретке түстік. Кешкі астан соң ежелгі гректерден бұзылмай, сақталған 4 жұлдызды қонақүйге оралдық.
Балыкесир әкімі құрмет көрсетті
Сосын Балыкесир әкімі, Түркиядағы Әкімдер бірлігінің төрағасы Йүджел Йылмаз мырза Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы бастаған қазақ журналистеріне арнап қонақасы берді.
Жобаға басты түрткі болған Түркітілдес журналистер қорының Балыкесир журналистер одағының басшысы Рамазан мырзаның да қосқан үлесі зор. Сондықтан журналистер керемет демалыс үшін риясыз ризашылықтарын жеткізді. Эгей теңізінің астында ашылған музеймен танысу, Балыкесир орталығындағы Балыкесир журналистер одағының бас кеңсесінен бастап, 1461 жылы негізі қаланған Мехмет паша мешіті, Түрік халқына танымал жомарт жан Ахмет Кот атындағы 100 мың кітап қоры бар мемлекеттік кітапхана, Мұстафа Кемал Ата Түрік музейі және басқа да көптеген тарихқа таңбаланған дүниемен танысу ерекше әсер сыйлады.
Туристерді қызықтыратын тереңдік
Түркия мемлекеті Мәрмәр тастардың отаны. Ал сол мәрмәрлардан жасалған дүниелер мен оның тарихы жайлы ақпарат ерекше. Айвалық аймағынан кейін, Түркітілдес журналистер қорының Балыкесир журналистер одағымен ортақ жобасы аясында Балыкесирге қарасты Гөмеч ауданы әкімі Мехмет Ирем Химам мырзамен кездестік. Өңірге сыйлы әкім Эгей теңізінің астында ашылған музеймен таныстырды. Мифологиялық кейіпкерлердің мүсінінен құралған музейге шетелдік туристердің қызығушылығы зор. Мүсіндердің бәрі мәрмәр тастардан жасалған.
Жылда әр елден жиналатын мүсіншілер мұнда ай сайын 20-22 мүсін дайындайтын көрінеді. Теңіздің 12-24 метрлік тереңдігіне тасталатын мүсіндерге кальмарлар жұмыртқа тастайды және оны балдыр басады. Бұл өз кезегінде аквалангшымен тереңге сүңгитін туристерге ерекше көңіл сыйлайды.
Екі күн бойы Балыкесир орталығындағы Балыкесир журналистер одағының бас кеңсесінен бастап, музейлер, кесене, 1461 жылы негізі қаланған Мехмет паша мешіті, Түрік халқына танымал жомарт жан Ахмет Кот атындағы мемлекеттік кітапхана сынды ғажап жерлермен танысу жалғасын тапты. Мұнда көздің жауын алатын жерлер жетерлік. Бір қызығы, Балкесирде 976 және 570 жылдық шынар ағаштары арнайы қорғауға алынған.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
02 желтоқсан 2023 ж. 462 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 73

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 68

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930