Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерар Пике бір ғасыр тарихы бар Дэвис кубогын «жойды»

Жерар Пике бір ғасыр тарихы бар Дэвис кубогын «жойды»

«Барселона» қорғаушысы теннистен Дэвис кубогының орнына Әлем кубогы жобасын құрды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі sports.ru сайтына сілтеме жасап.
Жуырда Халықаралық теннис федерациясының (ITF) директорлар кеңесі Дэвис кубогын реформалауды бірауыздан мақұлдады. Ендігі кезекте ITF футболдан Испания құрамасы мен «Барселона» клубының қорғаушысы Жерар Пике негізін қалаған Kosmos инвестициялық тобымен бірлесіп Әлем кубогының өткізбек.

Жоспар өте ауқымды: 25 жылға есептелген және оның қаржылық қоры 3 миллиард долларды қамтиды. Жобаның мақсаты – Дэвис кубогын жойып, оның орнына Әлем кубогының финалын (World Cup of Tennis Finals) құру.

Жаңа турнир алғаш рет алдағы қараша айында ұйымдастырылуы мүмкін. Бір апта бойы 18 құрама топтық кезеңнен бастап бақ сынайды. Әр кездесу үш сеттік форматтағы үш матчтан тұрады: екі жекелей және бір жұптық. Kosmos компаниясының инвестициясы негізінен қатысушылардың жүлдесіне, әр түрлі іс-шаралардың ұйымдастырылуына жұмсалады. Сондай-ақ құрамалардың кездесу орындары да өзгеріп отырады.

ITF Президенті Дэвид Хэгтери: «Бұл ITF үшін де, теннис үшін де үлкен революция, біздің директорлар кеңесі Дэвис кубогының батыл және амбициға толы жаңа жоспарын толықтай қолдайды деген ойдамын», дейді.

«Біздің мақсатымыз – теннисті сауықтық бағдарламамен үйлестіріп, әлемнің ең мықты деген ойыншылары Әлем кубогында өз елінің атынан қатыса алатындай үлкен турнир ұйымдастыру. Біздің жаңа серіктестігіміз әлемдік теннис Кубогын құрып қана қоймай, әлем бойынша теннис сүйер ұрпақтың болашағына деген үлкен инвестиция болмақ».

Жобаның іске асуы жөніндегі соңғы дауыс беру қараша айындағы ITF-тің жыл сайынғы дәстүрлі жиынында өтеді.

Бұл жобаны кімдер қолдады?

Жаңа топтық турнирді құру туралы ой өткен жылы айтылған болатын. Бұл ұсыныстың ең әуелі әлемнің алдыңғы қатарлы теннисшілері – Рафаэль Надаль, Новак Джокович және Энди Маррей (АТР ойыншыларының қазіргі және сол кездегі Кеңесінің президенттері) қолдаған. Джокович осы жоба туралы бірнеше рет Пикемен сөйлескенін, бірақ әзірге бәрі ресми түрде заңдастырылмағанын және жалпы жобаның іске асу-аспауы белгісіз болғандықтан ештеңе айта алмайтынын жеткізген. Оның пайымдауынша, жобаны қабылдаудағы негізгі мәселе теннисті бірнеше ұйым басқаратындығына келіп тірелмек. Өйткені, олардың әрқайсысымен келісу оңай шаруа емес.

Ал Надаль мұның жақсы бастама екендігін ескеріп: «Жүзеге асады деп үміттенемін», деген пікірін білдірген. Маррей де бұл жобаны қолдайтынын, бірақ жүзеге асуы мүмкін екендігіне күмәнмен қарайтынын жеткізді. «Егер бәрі оң шешімін тауып жатса, бұл теннис үшін өте пайдалы жоба болады. Меніңше, әлі көптеген сұрақтардың шешімін табу керек. Тенниске осы сынды турнирлер керек-ақ», деді ол.

Дэвис кубогы қандай жоба еді?

Дэвис кубогы – Халықаралық Теннис федерациясы жыл сайын өткізетін ерлер арасындағы ең ірі халықаралық командалық жарыс. Жүз жылдан асатын тарихы бар турнир ұлттық құрамалардың бейресми чемпионаты саналады.

Ең алғаш 1899 жылы Гарвард университетінің төрт студентіне ұлттық құрамалар ойнайтын теннис турнирін ұйымдастыру туралы ой келеді. Студенттердің бірі Дуайт Дэвис жарыстың кестесін құрып, өз ақшасына жарыстың сыйлығы ретінде күміс кубокты сатып алады. Кубоктың салмағы 70 килоны құраған. Алғашқы турнир 1900 жылы Бруклинде өтіп, оған АҚШ және Ұлыбритания құрамалары қатысқан. Бірінші Дүниежүзілік соғысқа дейін бұл турнирге тағы алты құрама қосылған. Олар – Франция, Бельгия, Аустрия, Аустралия, Германия және Канада. Ал 1923 жылдан бастап қатысушы елдер саны артқан соң, «Америка аймағы» және «Еуропа аймағы» болып екі топқа бөлінген. 1955 жылы бұл турнирге «Азия аймағының» теннисшілері қосылып, жарыс көрігін қыздыра түседі. Арадан 11 жыл өткенде Еуропаның бірқатар мемлекеттері Дэвис кубогына қатысуға ниет білдірген соң, турнирге тағы «Еуропа аймағы-А» мен «Еуропа аймағы-B» топтары қосылды.

Турнирдің 1981 жылғы соңғы ережесі бойынша командалар дәрежелеріне қарай, үш топқа бөлінеді. Бірінші топ – әлемдік элита. Яғни, әлемнің ең мықты деген құрамалары өзара жеңімпаздарды анықтайды. Екіншісі – аймақтық топтар (Америка, Еуропа/Африка, Азия/Мұхит аралдары). Үшіншісі – аутсайдерлер тобы.

Турнирдің бас жүлдесін іріктеуден іркілмей өткен әлемдік топтың үздік 16 құрамасы сарапқа салады. Дэвис кубогының жеңімпазын анықтау үшін командалар жылдық кесте бойынша ақпан және қыркүйек айларында үш кездесу өткізеді. Ал финалға шыққан екі команда қараша айының соңында жылдың ең үздік құрамасын анықтау үшін өзара бәсекеге түседі. Аймақтық топтардың сегіз жеңімпазы әлемдік топтың бірінші айналымда жолы болмаған, келесі жылғы әлемдік лигаға қатыса алмайтын сегіз құрамамен қыркүйек айында кездесетін болады 2002 жылғы турнирге 142 құрама қатысқан. Бұл Дэвис кубогының тарихындағы рекордтық көрсеткіш болатын.

Дэвис кубогының ең алғашқы жүлде қорын 1981 жылы НЕК компаниясы тағайындап, турнирдің бас демеушісі атанған. Ал 2002 жылдан бүгінгі күнге дейін «BNP Paribas» банкі ұлттық құрамалардың бейресми чемпионаты саналатын жарыстың бас демеушісі болып келеді. Дэвис кубогының қазіргі жүлде қоры 8,5 миллион АҚШ долларын құрайды.

Дэвис кубогының несі ұнамай қалды?

Соңғы кездері Дэвис кубогына сын айтушылардың саны көбейіп кетті. Біріншіден, ол маусым бойына созылады. Екіншіден, ойындар қолайсыз уақытта болады. Әдетте «Үлкен дулыға» турнирінен кейін ұйымдастырылатын. Ал кубогтың финалы ТОП теннисшілер әбден шаршап-шалдығатын маусымның ең соңында өтетін. Үшіншіден, матчтар кейде қолайсыз жерде өтеді. Мәселен, Australian Open турнирінен кейін Аустралияда ойнаса мәселе басқаша болар еді, ал жасыл құрлыққа «Уимблдоннан» (Англия) кейін ұшып бару қиын. Төртіншіден, Дэвис кубогында әлі күнге дейін бессеттік формат, яғни ойыншының үш күнде үш бессеттік матч (екі жекелей және жұптық) өткізе алатындығы көбісіне ұнамайды. Тіпті осы уақытқа дейін бесінші сетте тай-брейк болмайтын, сол себепті матчтардың үздіксіз жалғаса беруі мүмкін еді. Осы маусымнан бастап қана жағдай өзгерді.

Осындай жайттардың әсерінен көптеген топ-ойыншылар Дэвис кубогына қатыса алмайтын немесе маусымның өту мезгіліне қарай бір матчқа ғана келетін. Мысалы, 2015 жылғы кубогта Энди Маррей Британия сапында толық ойнап шықса, басқа топ-ойыншылар кестелеріне сәйкес өз құрамалары үшін ойнай алмады. Ал мұнан бір жыл бұрын да дәл сондай жағдай Швейцариямен болған: Роджер Федерер мен Стэн Вавринка Дэвис кубогында ойын өткізген жалғыз топ-ойыншылар болды.

Көбі ITF-тан Дэвис кубогын жаңартуды сұрап, ұсыныс білдірген. Бірақ әзірге жөні түзу ұсыныстар айтылған жоқ. Сол себепті, Джокович бұл тақырыпты талқылаудан жалыққанын айтады, ал Томаш Бердых құрамадағы мансабын аяқтады. Кубоктың жаңа турнирге өзгеруі мәселенің ең оңтайлы шешімі болар еді.

Негізі әлемнің топ-ойыншылары өз құрамаларында ойнағысы келеді, бірақ өте тығыз маусымдық кестелеріне байланысты Дэвис кубогынан амалсыз шет қалып жатады. Сонымен қатар ТОП ойыншылардың матчтарын жанкүйерлер қызығып қарайды (бұл үшін былтырғы Маррейдің Дель Потромен бес сағаттық триллерін еске түсіру жеткілікті).

Пике жаңа жобада ерекше өзгеріс ұсынды ма?

Жалпы алғанда – жоқ. Пикенің ойы бар болғаны турнирді жаңаша екпінмен және қолайлы уақытта өткізетіндігімен ғана ерекшеленеді. Жалпы 1975 жылдан 2012 жылға дейін АТР күнтізбесінде Дюссельдорфта өтетін World Team Cup топтық турнирі бар болатын. Бірақ оның маңызды демеушілері болмады және ол қолайсыз уақытта болатын. Яғни, World Team Cup ойыны әлемнің барлық топ-ойыншылары «Үлкен дулыға» сериясына енетін «Ролан Гаррос» турниріне қатысатын аптаның алдында өтетін.

Пикенің теннисте несі бар?

Біріншіден, ол теннистің үлкен жанкүйері. Ол көптеген испандық ойыншылармен араласады және Барселона мен Мадридтегі матчтарға тұрақты түрде барып тұрады. Екіншіден, Пике үшін бұл қызықты іскерлік жоба.
Испандық жігіт өзін бұған дейін бизнесте байқап көрген. Мәселен, оның ойын құрастыратын Kerad Games атты шағын компаниясы бар. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, ол «Барселона» мен логотипі жаңа маусымнан бастап топтың жейделеріне түсетін жапондық Rakuten компаниясы арасындағы демеушілік келісімді іске асыруға көмектескен. Пике мен оның әйелі Шакира Rakuten басшысы Хироши Микитанимен достық қарым-қатынаста және олар Сан-Францискода кешкі ас ұйымдастырып, сол жерде компания мен «Барселона» арасындағы серіктестікті келіскен.
29 наурыз 2018 ж. 806 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930