Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тылсым күшке табынған ел

Тылсым күшке табынған ел

Құпия мен тарихқа тұнған Азияның бір кереметі – Вьетнам экзотикалық мемлекеті. 88 проценті вьеттер болса, қалған бөлігін мыонг, кхмер, таи, тхай, тағы да басқа ұсақ халықтар құрайтын жергілікті тұрғындар күріш өнімін жан басына қолдану бойынша әлемде екінші орын алады. Мұндағы тағамдардың бәрінде дерлік құрамында күріш бар. Мемлекетте оннан аса күріш сорты өндіріледі.
Донги — Вьетнам ұлттық валютасы. Ерекшелігі жергілікті ақша қағаздан емес, пластиктен жасалады. Ол жыртылмайды, лас болмайды, ең бастысы суға түссе, жарамсыз боп қалмайды.
Вьетнамдықтар кофе өндіруден әлемде екінші орынды иемденеді. ­Бразилиядан кейінгі орынға жайғасқан олардың өздері мүлдем кофе ішпейді екен. Өнімнің бәрі экспортқа шығарылады.

Санасы бөлек, салты басқа
Вьетнамдықтардың үйлену тойы қазақтан қалыспайды. Мұнда кем дегенде 300-400 адам шақырылады. Кейде мыңға да жетеді. Мұндай той 5 күн қатарынан болады, яғни, әр күнде әртүрлі қонақ келеді.
Дәстүрлі үйлену тойы – ең маңызды датаның бірі. Батыстандыруға қарамастан, көптеген ежелгі дәстүрлерді ел тұрғындары да, вьетнамдықтар да құрметтейді.
ХХ ғасырға дейін ерте үйлену жиі кездесетін. Тойды ұйымдастыру ата-ана мен отбасы мүшелерінің міндетіне кіреді. Жас жұбайлардың өздері бұл процесске қатыса алмайды. Қазір бұл дәстүр ескіргендіктен, жастар болашақ жарын өздері таңдайды. Белгілі бір этникалық топтардың әдеттеріне байланысты неке әртүрлі кезең мен рәсімдерді қамтиды, бірақ тұтастай алғанда екі рәсім бар.
Тойдан біраз уақыт бұрын күйеу жігіт отбасымен бірге қалыңдықтың отбасына үйлену сыйлықтары бар дөңгелек қораптармен барады. Олардың саны тақ болуы керек. Құрамына пальма жаңғағы, шай жапырақтары, пирог, жемістер, шарап, ақша кіретін сыйлықтар қызыл матамен жабылып, екі әулеттегі кішкентай балалар ұстап жүреді. Осылайша бірінші рәсімде той күнін белгілейді. Ал екінші рәсім үйлену кешінің өзіне байланысты.
Вьетнамдағы жерлеу салты ерекше. Біреу қайтыс болған кезде, көңіл айтуға бір адам келе алмай қалса, қанша күннен кейін келсе, сонша күн ұзақтығы артып отырады.
“Адам топыраққа оралуы керек”деген мақалға сәйкес өлген адамның денесі жердегі шөп қоқысына қойылады. Ақ матамен оралып, табытқа салынып, содан кейін жерленеді.
Қайтыс болған адамның отбасы мүшелері таңертең ақ шалбар немесе қара жолақтар киеді. Мұнда жерлеу рәсімінде көңіл көтеру керек. Қайғыруға болмайды.
49 күннен кейін олар қайтыс болған адам үшін отбасылық құрбандық үстеліне күріш салуды тоқтатады. 100 күннен кейін “көз жасының аяқталуы” күні өтеді. Бір жылдан кейін өлімнің мерейтойы, ал екі жылдан кейін аза тұтудың аяқталуы атап өтіледі.

Туризм мәдениеті
1980 жылға дейін вьетнамдықтардың көпшілігі ұсақ ауылдарда тұрды. Қазір мемлекетте халқы 1 миллионнан асатын Ханой, Хошимин, Хайфон және Кант Тхо сынды бірнеше мегаполис бар.
Мегаполистерден туризм саласына көп көңіл бөлінетінін байқауға болады. Елде көптеген керемет жағажай курорттары бар. Олар балық аулау, сүңгуірлер мен экскурсияларды қоса, демалуға жақсы жағдай жасайды. Вьетнамдағы ең танымал жағажай курорттары – Фанг Тхиет, Нха Транг, Фукуок аралы, Дананг, Вунгтау және Халонг. Соңғы жылдары шетелдіктер осы елдің жағажайларын бағалай бастады.
Нячанг – бұл курорттың жағажайлары бүкіл Вьетнамдағы ең жақсы деп танылды. Бұл сүңгуірлердің сүйікті орны, өйткені оның айналасында көптеген балық пен маржан бар. Мұнда бес жұлдызды қонақ үйлер және көптеген ойын-сауық мүмкіндіктері бар, соның ішінде луна паркі.
Алайда туристер Вьетнамдағы ең жақсы жағажай елдің батысында орналасқан Фукуок аралында екенін мойындайды. Аралдың құмы ерекше – ақ түсте. Айта кету керек, елдегі кез-келген қонақ үй өз қонақтарына спа қызметтерін ұсынады. Нячангта балшық – тұзды ванна бөлмелері бар өте үлкен спа бар, Ханойда дәстүрлі медицина орталығы бар. Жалпы, Вьетнамда балшықпен емдеу кеңінен таралып, жоғары деңгейде дамыған.

Аңызға айналған бас киім
Ұлттық киім – халықтың визиткасы. Дәстүрлі вьетнамдық шляпа ағаш басынан құлайтын кокостардан қорғану үшін ойлап табылған. Себебі, құлаған кокостардан адамдар жиі қаза болған.
Кептірілген шөптен немесе пальма жапырақтарынан жасалған конустық бас киім нон деп аталады. Оны тоқуға өңделген тропикалық өсімдіктердің кең жапырақтары мен кептірілген бамбук шыбықтары қолданылады.
Мұндай бас киімнің екі түрі бар. Нон ла – ең көп таралған жапырақтан тоқылған шляпа. Нон бай тхо – ең төбесіне жарығы мол жерде ғана көрінетін поэзиялық туынды жазылатын шляпа.
Түпнұсқа стильдегі шляпаның пайда болуы ежелгі аңызбен де байланысты. Бірнеше ғасыр бұрын ауылдардың бірінде бойы сұңғақ, сұлу әйел өмір сүріпті. Табиғатта серуендеуді ұнататын арудың тылсым сиқыры бар сынды. Жаңбыр жауып немесе қар борап тұрған мекенге ғажайып сұлудың аяғы тиісімен-ақ ауа райы жадырап сала береді екен. Оның басында вьеттердің ұлттық бас киіміне айналған бамбуктен тоқылған шляпа болған. Кейіннен ол әйел ешкімге көрінбей, жоғалып кетеді. Ел арасында аңыз әйелдің ауа ­райын өзгерткен сиқыры осы бас киімде деп таныған жергілікті тұрғындар тылсым күшке әлі де сенеді.
Ал өз маңызын жоймаған ұлттық бас киім әлі күнге дейін әр вьеттің гардеробынан табылады. Нон бай тхоны жастар өз сүйіктісіне сезімін білдіру үшін арнайы тапсырыспен жасатады. Өлең жолдары жазылған шляпаны сыйлау – таптырмас романтикалық амал.

Аспанға жанасу
Дананг курортты қаласындағы Ба На тауының жанынан 2018 жылдың жазында жерден алып қолдарымен жеткізілген алтын жіп түріндегі үлкен көпір салынды. Бұл құрылым аз уақыт ішінде әлем бойынша ең көп туристер саяхаттайтын мекенге айналды.
Алтын көпір теңіз деңгейінен 1400 м биіктікте орналасып, әрі көпірді екі үлкен қол көтеріп тұрған бейнеде салынған. Туристер көпірде болған кезде, олар аспанда тұратын құдайлар сияқты бұлттарды аралап жүргендей сезінеді. Сондықтан ерекше көріністі «аспанға жанасу» немесе «Құдайдың қос қолы» деп атайды.
Көпірді көтерген қолдар тастан ойылған сияқты, бірақ іс жүзінде олардың қаңқасы болаттан жасалған. Алақандар бұл жерде ғасырлар бойы тұрған сияқты әсер беруі мүмкін. Құны 2 миллиард доллар болатын үлкен жобаның бір бөлігі болып табылатын архитектура дизайнымен ғана емес, естігенді елең еткізер атауымен де туристерді өзіне шақырып тұрады. Ерекше мәдениетке, салт-дәстүрге, өнер мен архитектураға бай Вьетнам мемлекеті шынымен «Құдайдың алақанындағы елге» айналғандай.
Дина БӨКЕБАЙ
05 маусым 2021 ж. 1 326 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930