Тәнге салынған сурет
Жыл өткен сайын Қазақ еліне Батыс мәдениетімен бірге әдет-ғұрпы кірігіп келе жатқаны жасырын емес. Бұған дейін киім-кешегі мен сәні елде салтанат құруын бастаса, қазір батыстықтар қызығушылық танытатын дүниеге қазақ баласы да ынтығып келеді.
Бұрын мүлде керісінше еді. Соңғы кездері денесіне татуировка салдырып, сән қуғандар көбейген. Қазақ менталитетінде мұндай әдет болмағандықтан, көпшілік денеге сурет салуды құптамайтыны анық. Бірақ соны біле тұра қалауына қарсы келмеген жастардың қылығына да түсіністікпен қарайтындар жетерлік.
Ислам діні денеге сурет салуға түбегейлі қарсы екенін білеміз. Әңгімені содан бастайық. Kazislam діни ақпараттық порталы: «Денеге ине батырып, тесілген жерлерге бояу төгу арқылы жасалатын татуировка надандық дәуірінен қолданылып келе жатқан әдетке жатады. Бұл денсаулыққа зиян болумен қатар дінімізде де тыйым салынған. Яғни назар аударту, әдемірек көріну мақсатымен жаратылысынан берілген сұлулығын өзгерткені үшін оған Ислам діні түбегейлі қарсы», – дейді. Сонымен бірге Хазірет Пайғамбар (с.ғ.с.) сәндену мақсатымен денеге тату жасату, тістерін майдалатып өзгертуді болмысын бұзу ұғымында қарастырған және оны іске асырғандар, жасауға себепші болғандар Алланың мейірімінен алыс болатындығын білдіргенін айтады. Осы аралас-құралас жандардың жартысынан көбі татуировка жасатқаны ойға оралады.
Кеңес үкіметі ер азаматтарды әскер қатарында болуға міндеттегеннен бері жігіттер Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанып жатты. Елге оралғанда олардың қолдарынан «За двд», «За морпех» деген сияқты жазуларды жиі байқайтынбыз. Бұл олардың әскери бөлімге берілгендігін, адалдығын көрсетеді деп түсінетінбіз. Шынына келгенде бұл да денеге ойып сурет салудың кіші түрі.
Бұдан бөлек ертеректе сүйген адамының есімін денесіне жазу да әдетке айналды. Мұндайды ресейлік телесериалдардан тамашалап жүріп, қазақ жастарының әдетіне айналады деп ойламадық. Мұны да махаббатқа деген адалдық деп қарағанымен кейін арнайы аппаратпен өшіртіп тастауға болатынын білгеннен кейін бос әуре екенін аңғардық. Өйткені өмір ғашықтардың айырылысуымен бітпейтінін ұққандар келесі серіктесінің есімін жаза салуға арланбайтын болды. Қазалылық таныстар арасында да мұндай «тағдырлы» жандар жетерлік.
Қазақы отбасынан шыққандардың санасында татуировканы жеңілтек қыздар жасатады деген түсінік бары жасырын емес. Мұны дұрыс деп қарауға болмайды десек те, сурет салдыру жағына көбіне қаркөздерге көз түседі. Ашық мойынға, иық пен қолға салынған гүлдерді бір рет болса да байқаған боларсыз. Бұл кей кезде көрікті көрінетіні рас. Бірақ мұны жария түрде жасайтындар аз. Ал барлығына мәлім татуажды қыздар қас пен ерінге жасатады. Дәрігерлер мұның да үлкен зияны барын жасырмайды. Салдары жергілікті және жалпы сипатта болады. Жалпы асқынуларға анафилактикалық шок тудыратын көрінеді. Қазіргі уақытта анафилаксия – бұл өте күрделі мәселе, ол көбінесе пластикалық хирургияда, стоматологияда, тіпті ауруханада пайда болады. Шок бояу инъекциясы кезінде болуы мүмкін. Сонымен бірге инфекция жұқтыру қаупі жоғары. СПИД, гепатит А, В, С, D сияқты қиындыққа, бірқатар ауру реакцияларының асқынуына әкелуі мүмкін. Кей жағдайда қатерлі ісікті оятып, мертігіп кетуге де болатын көрінеді.
Ал жігіттер қауымына келер болсақ, сән үшін салатындар көп. Бірақ Еркебұлан есімді жігіт мұны шығармашылық өнер деп бағалайды.
– Денеге сурет салу – ішкі толқыныстарымның эстетикалық көрінісі. Айналамдағыларға ризашылығымды, жақындарыма махаббатымды осы арқылы білдіруге шешім қабылдадым. Үнемі татуажға қарап өмірлік принциптерім есіме түседі. Қайда бет алғаным, қай биікті бағындыруым қажет екені, бәрі-бәрі. Әрдайым жадымда сақтауға жәрдемдеседі, – дейді. Ағылшын тілінің педагогы мұнысына еш өкінбейтінін, эльф тіліндегі “Алғыс”, “Алға”, “Жарық” деген леттерингтік татулары өз болмысының бір бөлшегіне айналғанын айтады.
Негізінде адам ою-өрнекті терісіне алғаш рет қашан қолданғанын нақты айту қиын. Бірақ татуировка тарихы кем дегенде 60000 жыл бұрын басталғаны белгілі. Ең көне татуировкалар Египет пирамидаларын қазу кезінде табылған. Мумиялардың жасы шамамен төрт мың жыл болса да, кептірілген терінің өрнектері айқын ерекшеленеді. Алайда татуировка әлдеқайда ертерек – алғашқы қауымдық жүйе кезінде пайда болды. Ол ою-өрнек ретінде ғана емес, сонымен бірге тайпа, рулық, тотемдік белгілер ретінде қызмет еткен. Ол иесінің әлеуметтік дәрежесін көрсетіп, кейде сиқырлы күшке ие болды деген дерек бар.
Теорияға сәйкес, бұл тас дәуіріндегі адамдар кездейсоқ алған терінің табиғи зақымдануынан пайда болған әдет деседі. Жара мен көгеру таңғаларлық тыртықтарға ұласып, кейін тайпалар батыл жауынгер және табысты аңшы сияқты көрсетеді деп сенген.
Сартай БАЙЖАН