Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәнге түскен таңба

Тәнге түскен таңба

Қазір адамзат мобильділік басым болғаннан бәрін уақыт созбай, жылдам жасаудан жарысуда. Жылда тіпті ай сайын технологияның жаңа түрін шығаруда алпауыт компаниялар бір-бірімен бәсекелесуде. Әрине бұл тұтынушыларынан айрылмай, олардың қатарын көбейтудің жолы. Осылайша өркениет жаңаша дамып отырады. Мұндай уақытты үнемді пайдаланып, жеделдікті ұлғайту әсері сұлулық әлеміне де әсер етуде.
Мәселен, нәзікжандылар соңғы кездері жаппай көз, қас, ерін, одан қалса денесіне жазу не символика түрінде татуаж жасатуға құмар-ақ. Өкініштісі, оны көпшілігі «сән» деп түсініп, өзгеден ерекшелену үшін жасайды. Теріні инемен тесудің, тырнаққа маникюр жасатудың зиян екеніне көпшілігі аса мән бермейді. Ал мұндай сәндіктің адам өміріне қаупі зор екендігін мамандар айтудан жалықпайды. Солай бола тұра жасанды сұлулықты қалайтындар қатары көбеймесе азаймай тұр.
Сұлулық салондары татуаж жасату зиянсыз екендігіне тұтынушыны сендіреді. Дегенмен ине арқылы бауыр аурулары мен ЖИТС жұқтырудың ықтималы басымырақ. Бұл жұқпалы дерттің негізгі таралу жолының бірі ғана. Қант диабеті, тері аурулары, онкология, жүктілік кезінде және қан ұйығыштыққа бейім болғанда татуаж жасатуға мүлдем болмайды. Сонымен қатар теріге тез тыртық түсетін адамдарға болмысын өзгертіп, әрлеуден бас тартқан абзал. Бастысы, біртүстес «сән» ең әуелі жұқпалы әрі қатерлі ісік дертіне шалдықтыратынын есте сақтау керек.
Шетелдіктерге еліктеушіліктен жас та, кәрі де денені жаралап, әдемілеуді сұлулық санайды. Әсілінде «тәнге түскен жазбалар азып-тозудың, азғындалудың негізгі белгісі» дейді дін өкілдері. Құранда адам баласы ең көркем мүсінде жаратылғаны жазылған. Алланың жаратқан денесін бүлдіріп, сурет салуға тыйым салынған.
– Егер жаратылысында бет әлпетінде кемістік немесе артық бөлік болса, онда өз қалпын өзгертпей жөндеуге пластикалық ота жасауға рұқсат етіледі. Ал жаратылысына риза болмай ажарын өзгертсе, Алла Тағала алдында лағынеттелген пенделерден болады. Өкініштісі, қазір көпшілігі осы сипатты алып жүр, – дейді Болатбек Наурызбаев.
Осы ретте әлеуметтік желіде қойылған сауалға аудан тұрғындары бір-бірінен айырмашылығы жоқ әдемілікті кейбіреулері қоштаса, екіншілері қарсы екендіктерін жеткізді. Ғалия Жанқожа да өз тарапынан пікір білдіруден шет қалмады.
– Татуаж жасатып көрмедім. Негізі оны жасату – күнə саналады. Бет-əлпет, қас-кірпікті өзгерту Құдайдың ісіне қарсы келгендік болып табылады. Тек ұзақ аурудан кейін қас-кірпік түсіп қалса, өрт немесе басқа жағдайда күйіп қалса татуаж істеуге рұқсат етіледі, – деген ойын ортаға салды.
Ерлер жағы да түрлі пікірлерімен бөлісуден қашқақтамады. “Сұлулық бетте емес, жүректе”, – дейді Нұрперзент Бақытұлы. Оның уәжінше, жасандылық әйел болмысын ерсі көрсетеді. Әрбір арудың өзіне тән тартымдылығы болады. Қолдан жабыстырылған кірпік, татуаждалған қас, көз бен ерін келбетін бұзады. Табиғилыққа ешнәрсе де жетпейді деген ішкі ойын айтты. Бұл сөзді қазалылық Әли Серік те қоштап отыр. “Арулардың өзіндік әдемілігін өзгерткен көзге тұрпайы. Сүйіктімнің салонға барып, арнайы маманға бет-аузын әсемдеткенге жаным қас. Оның қазіргі қалпы өзіне жарасымды,” – десе, Самат Қази: “Жан-жарымның қасын татуаждауға келісімімді бердім. Өзін осылайша әдемілесе несі айып?! Қайта макияж жасауға уақыты көп кетпейді,” – дейді.
Қалың, ұзын, найзадай кірпіктерді кез-келген қыз армандайды. Бүгінде оған қол жеткізу қиындық тудырмайды. Өйткені қадам сайын кірпік жалғап беретін әсемдік салондары көп. Бірақ американ технология институтының ғалымдары ұзын кірпік көздің ауруына, уақыт өте келе соқыр болып қалуы мүмкін екендігін дәлелдеді.
Олардың пайымдауынша, адам көзінің кірпігі 1-3 мм құрайды. Бұндай табиғи кірпік көздің әрдайым ылғалданып, көзге шаңның түспеуін қадағалайды. Жасанды кірпік болса, көзге желім арқылы жабыстырылады. Ол көзге ауа жібермейді, сонымен қатар түрлі індетті аурудың пайда болуына ықпал етеді. Әсіресе аллергия, коньюктивит сонымен қоса, көздің торлы қабағының қабаталуына әкеп соғады. Қасқа жасалған татуаждың да өзіндік салдары жетерлік. Яки органикалық бояудың теріге егілуі арқылы жүзеге асырылады. Ғалымдар бояудың аллергияны қоздырып, ағзадағы герпес вирусының оянуына септігін тигізеді. Жасанды қас пен кірпік адам денсаулығына зиян. Қолда бардың қадірін бағаламай, әдеміліктің шыңына жеткісі келген қаншама қыз-келіншек жапа шегуде.
Жалпы ауылдық жерде еншілеген малға ғана таңба салынады. Ал бізде кәрі-жасың жарыса денесіне өрнек салуға тым әуестік танытып жүр. Ертеде ежелгі тайпаларда қылмыскерді жазалау, масқаралау үшін денесіне сурет салатын болған. Сондай-ақ түрмеге отырған қылмыскерлердің денесіне, не бетіне татуировка салынатыны белгілі.
Мамандар 10-20 жылдан соң қазақстандық онкологтардың алдында «татулықтардың» қаптайтынына шүбә келтірмей отыр. Сондықтан артық қыламын деп жүргіп, артынша тыртық түсіріп алмасына кім кепіл?!

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
21 қараша 2020 ж. 556 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930