Миллиардтарды мойындатқан мимика
Рас адам баласы ой әлеміне сапар шегіп, қиялға қанат бітірсе, фантазияға ерік береді. Оның үстіне адам ойы шын өмірде болмаған оқиғаларды еске алып, тура кино әлемінде жүргендей күй кешеді. Тіпті қайғы мен қуанышты қатар ойға оралтып, көзге еріксіз жас алуға тура келеді. Демек қол жетпеген жерге ой жетеді.
Мұның барлығы адам ойының жүйріктігі. Міне, осыдан соң жер басып жүрген пенденің пиғылынан туындаған қиял әлемі жер бетіндегі қаншама танымал кинорежиссерлардың тамаша туынды жасап шығуына ықпал етеді. Сол арқылы сценарийге сай басты кейіпкерді тауып, киносүйер көрерменнің жүрегінен жол табуды қалайды. Жарық көрген туындыға касса жинау да нақ сол бас актерге тікелей қатысты. Осы ретте бүкіл әлемге аты әйгілі қылжақбас, ағылшын киноактеры Роуэн Аткинсон туралы сөз ететін боламыз.
Актер компания директоры және фермер Эрик Аткинсон мен Элла Мэй Бэмбридждің отбасында 1955 жылы 6 қаңтарда дүниеге келген. Мектепке баратын шағында ол Дарем соборындағы дайындық мектебінде Ұлыбританияның болашақ Премьер-Министрі Тони Блэрмен бірге оқиды. Кейін Сент-Бис жабық мектебіне ауысып, спорттық дайындығына баса назар аударады. Ара-тұра өзінің физикалық әлсіздігін көрсетпеу үшін мұғалімдерді күлкілі түрде пародиялап, құрдастарына ерекше көңіл-күй сыйлап жүреді. Осыдан-ақ оның болашақ сомдайтын рөліне бала кезден кірісіп кеткенін аңғаруға болады.Алайда кейінірек өмірінің сол кезеңінен достарынан қатты ұялатын болған.
1975 жылы Аткинсон Ньюкасл университетін бітіріп, электротехниканы меңгеріп шығады. Артынша Оксфордтың ең көне оқу орындарының бірінен магистр дәрежесін алған. Осыған дейін ол Оксфордта жүріп әзіл эскиздерінің сценарийлерін жазып, сахнада өнер көрсетіп үлгерген болатын. Магистр дәрежесін алғаннан кейін «Etceteras» театр тобының құрамында Ұлыбританияның алғашқы гастрольдік сапарына аттанады. Осылайша орта ғасырлар туралы «қара жылан» сериясы актерге танымал британдық комедияның мәртебесін алып береді. Ал бұл сценарийді өзінің бұрынғы курстасы Ричард Кертиспен бірге жазып шыққан.
Жалпы Роуэн Себастьян Аткинсон атты кинокейіпкерді көпшілік тани қоюы екіталай. Себебі ол киносүйер көрерменге «Мистер Бин» деген лақап атпен танылды. Тума талантты жұртшылық тек актер ретінде ғана білетін болар. Дегенмен ол сценарист, бір жағынан продюсер және жазушы. Аткинсонның сомдаған рөлдері мен түскен фильмдері өте көп. Алайда оны танымал еткен өздеріңіз білетін «Мистер Бин» картинасы. Бұл киноның әлемдік аренадағы орны өз алдына, тіпті біздің елде актердің туындысын көпшілік үзбей қарайды. Және сол комедиялық рөлі арқылы 1990 жылы әйгілі «ВАFТА» сыйлығының лауреаты атанған.
Аткинсон Мистер Бин образын студенттік жылдары ойлап тапқан. Ол сурет, үнсіз кино мен француз комедиясы Жак Тати дәстүрлерінің әсерінен пайда болады. Кейін автор өзінің мінезі туралы «Мен осы образда ойнағанды ұнатамын, өйткені ол өте жағымсыз, өзімшіл, күлкілі әрі нәресте секілді. Расымен бұлай ойнау өте қызықты, бірақ мен онымен бірге кешкі асқа барғым келмейді», – деп әзілдеген болатын.
Белгілі қылжақбастың рөлі – британдық атақты образ. Бұл танымал персонаж көгілдір экранға 1990 жылдан бастап жол тартты. Комедиялық сериал бес жылға дейін созылды. Бір қызығы, түсірілім аяқталып, киноның жалғасы шықпайтыны белгілі болса да Аткинсонның атағы аспандай берді.
Біршама уақыттан кейін Аткинсон тек Мистер Бин картинасымен шектеліп қана қоймай 2003 жылы Бондианға пародия жасап, «Агент Джонни Ағылшын» фильмінің басты рөлін сомдап шығады. Ол өмірде «Орындаушы-Агент 007» бейнесінің жанкүйері. Міне, сондықтан осы рөлді сомдауға білек сыбана кіріскен.
Атақты қылжақбастың басты бір ерекшелігі автомобиль мен жарысты жақсы көруінде. Бүгінге дейін талай мәрте темір тұлпардың түр-түрін ауыстырып, су жаңа көлік мінуге құмартады. Тіпті эксклюзивті спорт көліктерінен тұратын үлкен коллекциясы бар. 2011 жылы бір көлігіне мініп, ағаштан жоғары жылдамдықпен құлап, өлімнен аман қалады. Одан бөлек жүк тасу көлігі мен пойызды да жүргізуді жақсы меңгерген.
Роуэн Аткинсон спортпен шұғылданғанды жақсы көреді. Өзгелерден спорттық жетістіктерімен ерекшеленбесе де, оған 2012 жылы Лондондағы Жазғы Олимпиада ойындарының ашылуы сеніп тапсырылды. Әрине бұл жолы да Мистер Бин мырзаның бейнесінде.
Иә, әйгілі қылжақбас актердың түскен фильмдерін қарасаңыз, шынымен өмірде «тура осындай бірдеңе жетіспейтін жан ба?» деген ойға келесіз. Десек те оның осы образын әлем мойындап, сол арқылы ел жадында жатталды. Өзіне жүктелген рөлді сомдаудағы шеберлігі атын әлемге танытты. Образымен жер-жаһанды өзіне қаратып, халықты өнерімен тәнті етті.
Танымал ағылшын қылжақбасы соңғы берген сұхбатының бірінде «Мистер Бин» образын тастайтыны туралы мәлімдеген болатын. Алайда актердің туындыларын сағына күтетін жұртшылық оның әлі де көгілдір экраннан бой көрсететініне сенімді.
Абзал ЖОЛТЕРЕК