Не себепті жарқанаттар қауіпті вирустар тасиды?
Ғалымдар жарқанаттардың иммунитеті адамға қарағанда бірнеше есе күшті екенін анықтады. Бұл жарқанаттардың өз өлшеміндей сүтқоректілерге қарағанда ұзақ өмір сүретіндігі мен олардағы вирустар өте қауіпті екенін білдіреді.
Соңғы жылдары ең көп адам өліміне себеп болған вирустық ауруларға SARS (атипті пневмония), MERS (Таяу Шығыстағы респираторлық синдром), Эбола мен Марбург вирустары және Қытайда жаңа коронавирус –COVID-2019 шығуының себебі жарқанаттан тараған вирустар екені анықталған.
Жарқанаттар қандай жануар?
Жарқанат – құстар тобына жатпайтын қолқанаттылар жануарлар. Олар бізге 60-100 миллион жыл бұрынғы динозаврлар дәуірінен белгілі. Көзі нашар көретін болғандықтан түнде ұшады. Жемтігін түнде аулайды. Есесіне олардың есту қабілеті жақсы дамыған. Кеңістікте өзі шығаратын жоғарғы жиіліктегі ультрадыбыстарды (40 — 80 кГц), сондай-ақ, адам естімейтін, төменгі жиіліктегі инфрадыбыстарды (12 кГц) ести алады. Олар қауіпті кедергілерден осы дыбыс арқылы айналып өтеді. Әлемде 1000-нан аса түрі бар. Ал Қазақстанда 4 тұқымдасқа жататын 20 түрі кездеседі. Олардың кейбірі қызыл кітапқа енген.
Аңыз әңгімелер мен шығармаларда оларды қансорғыш қорқынышты етіп көрсеткенімен, шын мәнінде өте мейірімді жануарлар. Олар бір сағаттың ішінде мыңға жуық масаны жеп, өсімдіктерді тозаңдандырады. Табиғатқа пайдасы зор жануарлар саналады.
Коронавирус –COVID-2019 неге Қытайдан шықты?
Коронавирустың жаңа түрі Уханьдағы теңіз өнімдері сатылатын базарда таралған. 11 миллион халқы бар қала инфекцияның ошағына айналды, вирус жұқтырғандардың көпшілігі осы қалада қайтыс болды. Вирус адамнан адамға жұғады, жұқтырғандардың көпшілігі Ухань қаласына барған немесе ауырған адамдармен тығыз байланыста болғандар. Әзірге вакцина жоқ, иммундық жүйесі жақсы адамдар аурудан айыға алады. Қазіргі уақытта адамдарды вирустан қорғайтын вакцина жасау бойынша зерттеулер жүргізілуде.
Вирустың неге Қытайдан шыққанын дөп басып ешкім айта алмайды. Болжам ретінде ол жарқанаттан жыланға одан оны тұтынған адамға берілуі немесе вирустарды зерттейтін орталықтан шыққандығы айтылады. Анығы коронавирустың жаңа түрі Уханьдағы жануарлар базарынан таралған. Қытай зерттеушілері Уханьдағы жануарлар базарына вирустың жаңа түрін жұқтырған адам әкелген болуы мүмкіндігін айтқан. Тағы бір себеп жарқанаттар қытайлардың сүйікті асының бірі саналады.
Бүгінде аталмыщ вирусты жұқтырғандар саны 80 мыңға жетіп, одан қайтыс болғандар саны 2700-ден асты.