Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытайда тараған қауіпті вирустан 4 адам көз жұмды. Қазақстанға қауіп бар ма?

Қытайда тараған қауіпті вирустан 4 адам көз жұмды. Қазақстанға қауіп бар ма?

Жаңа вирустың күш алуына орай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше комитет отырысын шақырды.
2019 жылғы желтоқсанда Қытайдың Хубэй провинциясына қарасты Ухань қаласында шығу тегі белгісіз пневмония таралғаны туралы ақпарат жария болды. Қаңтар айында бұл ауруға коронавирустың жаңа түрі себеп болғаны анықталды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, вирусты жұқтырғандар саны 217-ге жеткен. Олардың төртеуі көз жұмса, 35 адамның жағдайы ауыр.
Қауіпті вирус Ухань қаласынан бөлек, Бейжіңнің екі тұрғыны мен Шэньчженьнің бір тұрғынынан табылды. Сондай-ақ вирусты Уханьда болған Таиланд, Жапония, Оңтүстік Корея азаматтары жұқтырған.
Бұл қандай вирус?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Уханьда таралып жатқан вирустың генін анықтады. Коронавирустың жаңа түрі Таяу шығыс респираторлық синдромына 20 пайыз ұқсайды. Бұл – коронавирус тобындағы адам ағзасына әсер ете алатын жетінші вирус.
ҚХР мемлекеттік гигиена және денсаулық сақтау комитетінің сарапшысы Чжун Наньшань Қытайда пневмония тудыратын коронавирустың жаңа түрі адамнан адамға жұғуы мүмкін деп мәлімдеді. Сарапшылар мұндай қорытындыға бір отбасыда бірнеше адамның жұқтырғаны анықталғаннан кейін келген. Уханьдағы медицина қызметкерлерінің 14-і қауіпті вирусты бір науқастан жұқтырған.
"Қазір қолымызда жаңа коронавирусқа қарсы ешқандай арнайы дәрі жоқ. Әзірге жануарларға тестілеп жатырмыз", – деді сарапшы Чжун Наньшань.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, коронавирустар алғаш жануарлардан жұғады. Вирустың жаңа түрінің таралуына су сүтқоректілері, жылан, жарқанат не қоян себепші болуы мүмкін. Аталған жануарлар Ухань қаласындағы көтерме базарда сатылады.
Науқастар саны күрт өсуі мүмкін
Бұған себеп – Қытай жаңа жылын тойлау. Бұл уақытта ел тұрғындары аймақтар арасында көп қозғалады. Соған орай, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі бірінші орында болуы тиіс екенін айтып, барлық қажетті алдын алу мен бақылау шараларын қабылдауды тапсырды.
Қазақстанға қауіп бар ма?
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің хабарлауынша, елде сақтық шаралары қолға алынған. Атап айтқанда, лабораторияларда ауруды диагностикалау тест-жүйесі әзірленген;
әуежай, шекара және кеден қызметінде жұмыс істейтіндер, бортсеріктер, экипаж және жолаушылар пойызының жолсеріктеріне профилактикалық жұмыстар жүргізілген;
Қазақстан шекарасынан өткізу бекеттерінің қызметкерлері, тасымалдаушылар мен жолаушылардың, әсіресе, Қытайдан келгендердің қызуы өлшеніп жатыр.
Бүгінге дейін 13 000 адам тексеруден өткен. Қытайдан келушілер арасында қызуы көтерілген және ауру белгілері бар адамдар анықталмады.
Ауру белгілері қандай?
Аурудың клиникалық белгілері – безгек, респираторлық белгілер, жөтел, демікпе және ауыр тыныс алу. Осындай белгілер анықталса, науқастар оқшауланып, медицина мекемелерінде емделеді.
Инфекцияның аса ауыр жағдайында пневмонияға, аса ауыр респираторлық синдромына, бүйрек жетіспеушілігіне, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті ДДСҰ ұсынымдарына сәйкес аурудың алдын алудың келесі жолдарын ұсынады:
Ухань қаласына және Хубэй провинциясына барудан бас тарту;
Қытайда болған қазақстандықтарда респираторлық ауру белгілері пайда болған жағдайда сапар кезінде немесе сапардан кейін медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге инфекция ошағында болғанын хабарлау;
Респираторлық инфекциялармен ауыратын адамдармен байланыспау;
Науқастармен және оның жанында болған адамдармен тікелей қатынастан соң қолын мұқият тазалау;
Ауру жануарлар жанына жоламау;
Респираторлық инфекция белгілері бар адамдар жөтел кезінде аузын жауып, бір реттік майлықтарды қолданып, қолын жуып жүруі керек.
24 қаңтар 2020 ж. 689 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930