Аз ұйықтау зиянды
Тарихта аз ұйықтаған адамдар туралы аңыз көп. Мәселен, Наполеон Бонапарт, Александр Македонский, Леонардо да Винчи сынды танымал адамдар өмірде аз ұйықтап, көп нәрсеге үлгерген деген «әңгіме» бар. Бірақ оларға еліктеудің, олардан үйренудің қажеті бар ма? Ұйқыдан бас тартудың зияны неде?
Бұған жауап берген Ресей Ғылым Академиясының нейрофизиология институтының зертхана жетекшісі Владимир Дороховтың айтуынша, аз ұйқы адам ағзасына үлкен зиян әкеледі әрі тарихи тұлғалар аз ұйықтаған деп, оларға еліктеу ақылға сыйымсыз. Себебі біріншіден, олар күніне 4-5 сағат ұйықтаған дегенді әлі ешкім дәлелдеген емес. Бұл жай ғана аңыз-әңгіме, тұлғаның «тұлғалығын» арттыру үшін жасалған образ болуы да мүмкін.
- Наполеон, Александр Македонский, Черчилль, Маргарет Тэтчер аз ұйықтаған адамдар дейді. Бұлардың арасында тек Тэтчердің ғана аз ұйықтағаны дәлелденген. Өйткені Тэтчер – гені бөлек адам, аз ұйқыға бейімделген ген. Мұндай адамдар 4 сағат ұйықтап, ағзасын қалпына келтіріп алады. Бірақ ондай генді басқа адамдардан табу қиын. Оған еліктеудің қажеті жоқ. Бұл қасқыр мен итті салыстырумен бірдей факт. Екеуінің гені бір-біріне мүлдем ұқсамайды, - дейді ғалым.
Ғалымның айтуынша, ұйқысы азайған адамның денсаулығы да нашар болады. Тіпті, өлімге апаруы мүмкін. Аз ұйықтаған адамның өмірі 10-15 жылға дейін қысқарады.
- Адам не үшін ұйықтайды? Ағзасын қалпына келтіріп, «жөндеу» үшін ұйқыға жатады. Ал ағзаны «жөндемесе», бұзыла беретін болады. Содан ауру пайда болады. Семіру, диабет, жүрек ауру сынды патология көбейіп кетеді, - дейді маман.
massaget.kz