Неліктен адам суды көп ішу керек?
Су – кез келген тірі ағза үшін аса қажетті нәрсе. Адам ағзасының 65-70 пайызы судан тұрады. Адам денсаулығы жақсы болуы үшін күніне екі литр су ішу керектігі дәлелденген. Алайда, мұнша су не үшін қажет? Назар аударалық...
Токсиндерді шығару
Адам ағзасында көптеген токсиндік заттар кездеседі. Өндірістің зияны, пайдасыз тағам, көліктен шығатын шаң-тозаң, осының бәрі – біздің ағзамыз кезігетін жағымсыз заттардың бір бөлігі. Одан бөлек, тамақты қайта ысыту кезінде көптеген токсиндік заттар пайда болады. Ал бұл кейін тамақтан улануға әкеліп соқтырады. Қуанышқа қарай, судың көптігінен біздің бүйректеріміз жақсы жұмыс істеп, зәрмен бірге ағзадағы қажетсіз заттарды шығарады. Айтпақшы, тағы бір маңызды мүше бауыр да сусыз жұмыс істей алмайды. Ендеше, ағзаңызды қажетсіз заттардан тазартқыңыз келсе, су ішіңіз.
Әмбебап еріткіш
Біздің өміріміздегі көптеген химиялық реакциялар да судың көмегімен орындалады. Ағзадағы барлық заттар тек ерітінді түрінде. Бұлшық ет, тері, сүйек, бұзылған ткандердің қалыпқа келуі, гормондардың синтезделуі, ферменттер, медиаторлар, бәрі де суды қажет етеді.
Жүрек пен буынның саулығы
Су атеросклероз бен басқа да оның асқынған түрлерінің ең негізгі емі болып табылады. Біз қажетті мөлшерде су ішкенде қан жақсы таралады да, атеросклероздық түйіндердің пайда болуына жол бермейді. Сол себепті, жүрек талмасы және инсульт сынды аурулардың алдын алады.
Буындардың қозғалуы әрі ептілігі
Әрбір буында буын сұйықтығы бар. Сол сұйықтықтың арқасында буын жылжып тұрады. Ал ағзадағы судың аздығы буын сұйықтығының өзгеруіне, құрғауына әкеледі. Буын қиындықпен қозғалып, біздің белсенді әрекет етуімізге кедергі келтіреді.
Денедегі ткандердің қоректенуі
Қан – ағзадағы ткандерге оттегі мен қоректік заттарды әкелетін басты тасымалдаушы. Егер біз сұйықтықты аз ішетін болсақ, қан қоюланып қалады да, ең ұсақ буындар - артериол мен капиллярларға қиындық туады. Ал бұл буындар ағзадағы ткандерді қоректендіреді. Одан бөлек, оттегі мен қоректік заттар ағзаға сіңуі үшін де су аса қажет.
Ас қорыту
Су ас қорыту жүйесіне аса қажетті элементтердің бірі. Судың көмегімен ас қорытылады. Ол тағамды қорытады, ад соңында керек емес заттарды шығаруға үшін де ішекте жеткілікті көлемде су болуы тиіс. Егер сіздің ішіңіз ауыратын болса, су ішу режиміңізге мән беріңіз. Өйткені, дәрігі жүгіргеннен бұрын, су ішуді арттыру да жеткілікті болуы мүмкін.
Иммунитет және су
Су иммундық жүйенің қызметін жақсартады. Біріншіден, иммундық жүйе ағзаға қан арқылы таралады. Ал қан қоюланып қалса, ұсақ буындардың арасына жетуі неғайбыл екенін жоғарыда айттық. Екіншіден, иммундық жасушалардың пайда болуы суды қажет етеді. Үшіншіден, несіптің дұрыс айдалмауы мен керек емес заттардың ағзадан толық кетпеуі иммунитетті түсіреді. Егер аз ауырғыңыз келсе суды көп ішіңіз.
Су дене температурасын реттейді
Сіз спортпен шұғылданған кезде немесе ауа ыстық болса, ағза ыстықтан тер шығару арқылы қорғанады. Тер тері сыртына шығады да, сол әрекетімен ағзаны салқындатады. Айтпақшы, тері токсиндерді шығарудың тағы бір жолы екенін ұмытпаңыздар. Өз ағзаңызға терлеу мүмкіндігін беріңіз. Бұл өте қажет. Ал ол үшін су ішу керек.
Су арықтауға көмектеседі
Егер сіз арықтауды мақсат етіп, диетаға отырып, спортпен шұғылдансаңыз, суды ұмытпаңыз. Су майды жоюға көмектеседі. Әрине, арықтау үшін сізге жүгіріп, спортпен айналысып, терлеу қажет. Алайда, сіз қажетті мөлшерде су ішсеңіз, жаттығудан да жақсы қорытынды шығады.
Ми да суды қажет етеді
Бас ауыру, әлсіздік, жұмыс істеу қабілетінің төмендеуі – бұл ағзасындағы су мөлшері аз адамға кездесетін қиындықтар. Орталық жүйке жүйесінде орын алатын өзгерістер, қиын химиялық реакциялар және миға оттегі жеткізу, мұның бәрі суды қажет етеді.
Терінің әдемілігі сақталады
Жұмсақ, таза тері қандай жағымды әрі әдемі көрінеді! Әрине, тері тазалығын сақтау үшін біз түрлі косметикалар қолданамыз, косметологтар кеңесіне жүгінеміз, алайда, судың қажеттілігін де ұмытпаймыз. Суды керекті мөлшерде қолдану терідегі ылғалдықты сақтауға көмектеседі, терінің қартаюына қарсы әрекет етеді.
Ағзаны қалай «суару» қажет?!
1. Адам күніне 2 литр су ішуі керек. Бұл салмағы 65-70 келі аралықтағы адам үшін жарамды. Егер сіз бұдан да ірі болсаңыз, онда күн сайынғы ішетін су мөлшерін есептеп шығыңыз. Әрбір килограмм үшін 30 грамм судан қосылып отырады. Мысалы, сіз 90 келі тартасыз. 90*30=2700 мл су.
2. Әрбір таңды бір стакан кофемен емес, сумен бастаңыз. Осылай, сіз ағзаның оянуына көмектесесіз. Миға күш бері, ішек пен қарынға таңғы асты қорытуға мүмкіндік бересіз.
3. Сізде бос уақыт мүлде аз болса да, күн сайынғы ішетін су мөлшерін ұмытпаңыз. Бұл жоспарды асыра орындауға да болады. Бүйрек сау болса, судың кейбір артық мөлшерін де реттейді. Егер өте жұмысбасты болсаңыз, суды жұмыс үстеліне артығымен қойыңыз. Өйткені, су іздеп әуре болмайсыз және маңызды құжаттар арасында судың тұрғаны сіздің денеңізге су керектігін еске салып тұрады.
4. Егер сіз спортпен шұғылданып, белсенді қимылдайтын болсаңыз, ағзаңызға су артығымен қажет екенін есте сақтаңыз. Өйткені, ағзадағы судың көп бөлігі термен кетіп қалады. Күніне ішетін су мөлшеріне кем дегенде 2 литр және 2 стакан су қосыңыз.
5. Ауырған кезде, әсіресе, дене қызуы көтерілгенде сізге су аса қажет болады. Мұндай кезде су ең маңызды дәрінің бірі болмақ. Сіздің ағзаңызға жиналған бактериялар мен вирустардың кесірінен токсиндер жиналып, сіздің қимылдауыңыз да ауырлап кетеді. Ағзадағы жағымсыз заттардан арылу үшін су ішіңіз. Егер су іше алмасаңыз, лимон қосылған шай, компот, морс, тауық сорпасын қабылдаңыз. Бактериялардың бой алуына жол бермей, бүйректеріңіздің жұмысын жақсартуға көмектесіңіз.
6. Құрғақ ауа кезінде суды көп ішіңіз. Өйткені, мұндай кездерде көп терлеп, көп тыныс алғандықтан, ағзадағы су азаяды. Мысалы, ұшақта ауа құрғақ. Сол себепті, стюардессалар жолаушыларға су, шырын және шайды көп ұсынады.
7. Кейбір аурулар кезінде су мөлшерін азайтуға тура келеді. Егер бүйрек қызметі бұзылса, жүрек өз жұмысын дұрыс атқара алмаса, ал аяқ ісіп кетсе, онда судан бас тарта тұрған дұрыс.
8. Ішетін суды дұрыстап таңдаңыз. Әрине, қайнаған суды да ішуге болады. Алайда, қайнаға суда көптеген элементтер жойылып кетеді. Сондықтан, дәмсіз суды көп іше алмайсыз. Бөтелкеленген суды сатып алыңыз. Тіпті, табиғи суды алып ішсеңіз, нұр үстіне нұр. Алайда, көктемде қар еріген сәттегі су да қауіпті болуы мүмкін. Мұндай кездерде ішек қызметін бұзатын бактериялар кездеседі. Сол себепті, су ішкенде де сақ болыңыз.
9. Суды күні бойы ішіңіз. Бір күннің нормасын аз уақытта орындаймын деп ойламаңыз. Өйткені, ол бүйрегіңізге күш түсіреді. Ал сәлден соң бұл сұйықтықтың тең жартысы сыртқа кетеді де, ағзаңызға тағы да су жетпеуі мүмкін.
Ағзаңызды құрғатпай, су ішіп тұрыңыз! Су ішіп, денсаулығыңызды сақтаңыз!
alashainasy.kz