Қызылордада заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы басталды
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы ІІМ-нің нұсқауына сәйкес 2018 жылғы 10 сәуірден бастап республика аумағында тұрғындарда заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша кезекті акция өткізілуде.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарда заңсыз сақталған қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді өтемді түрде қабылдау болып табылады.
Қазіргі таңда барлық қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдерінде азаматтар тапсырған атыс қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің техникалық жай-күйі мен оларды тапсырғаны үшін сыйақы белгілеу жөніндегі комиссия құрылды.
Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерге тартылмайды. Ол азаматтарға тапсырған қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің түріне және техникалық жай-күйіне байланысты айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде сыйақы тағайындалады.
Азаматтардың заңсыз сақтаудағы қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ішкі істер бөлімдеріне өткізіп, қарумен жасалатын қылмыстардың және төтенше оқиғалардың алдын алуда өз үлестерін қосады деген сенімдеміз.