Жаңа жүйе қандай мүмкіндік береді?
2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік салаға бірқатар өзгеріс енді. Осы орайда біздің қоғамда бірыңғай жиынтық төлем жүйесі пайда болды. Бұл жүйенің негізгі мақсаты қандай? Бізге берер мүмкіндігі бар ма?» деген сауалдар төңірегінде облыс әкімдігі жанынан құрылған мобильдік топ мүшелері ауданымызда болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Әйтеке би кенттік клубындағы кездесу барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жанар Дәулетбаева «Жаңа жүйенің негізгі мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды, яғни, «көлеңкеде жүрген жұмысшыларды» заңдастыру», – деп түсіндірді. Бірыңғай жиынтық төлемінің көлемі республикалық маңызы бар қалаларда, елорда және облыс орталықтарында 1 айлық есептік көрсеткіш, яғни 2525 теңге көлемінде. Ауылдық жерлерде 1263 теңге. Бірыңғай жиынтық төлемді әркім өз бетінше немесе ол үшін үшінші тұлға төлесе болады.
Бұл төлемді төлеушілер міндетті медициналық сақтандыру аясында барлық медициналық қызмет түрлеріне қол жеткізе алады. Медициналық ұйымды таңдау өз еркінде. Сонымен қатар зейнетақы жүйесінде еңбек өтілін жинап, базалық және жинақталған компоненттердің есебінен үлкен көлемде зейнетақы алатын болады. Бұл жерде БЖТ төлеушінің базалық зейнетақысы еңбек өтіліне қарай есептеледі. Еңбекке жарамсыз болып қалғанда, асыраушысынан айырылғанда, жүктілік және бала туғанда, бала асырап алғанда немесе 1 жасқа дейінгі бала күтімінде отырғандарға әлеуметтік сақтандыру қорынан сақтандыру төлемдерін алуға мүмкіндігі туады. Тағы бір артықшылығы, жүйелі жарна төлеп отырсаңыз, ресми түрде банктен несие ала аласыз.
Семинар кезінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Абылайхан Рахымов МӘМС заңына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды. Оның айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленетін жарналар мен аударымдар бес түрлі форматпен жүргізіледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жаңа үлгісіндегі медициналық пакетіне консультативтік-диагностикалық көмек, ересектерді профилактикалық, ал балаларды мамандандырылған деңгейдегі тексеру, ақысы қымбат зертханалық диагностикалық қызметтер кіреді.
Сонымен қатар семинарға қатысқандар жалақының көбеюі, электрондық еңбек шарттары, электронды еңбек биржасы, базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруі, әйелдердің зейнетке шығу жасының ұлғайтылуы туралы ақпараттарға қанықты.
Семинарды аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанев қорытындылады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА