Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шынберген СҮЛЕЙМЕНОВ, айтыскер ақын: Мен ән сатқан емеспін

Шынберген СҮЛЕЙМЕНОВ, айтыскер ақын: Мен ән сатқан емеспін

Жуырда қазақ эстрадасын әсем әндерімен әрлеп, тыңдарманын талантымен тамсандырып жүрген ақын, композитор әрі әнші Шынберген Сүлейменовпен сұхбаттасудың сәті түсті. «Сыр сүлейі – Сүлейменов», «Шайыр Шынберген» атанған ақын бізбен әсерлі әңгіме өрбітті.
– Шынберген аға, халық Сізді ақын, әнші, композитор әрі асаба ретінде таниды. Сіз өзі­ңізді кім деп та­ныстырар еді­ңіз?
– «Нағыз қа­зақ қазақ емес, нағыз қа­зақ домбыра» дейді ғой. Мен бала күнімнен домбыра үйренуге құмартып өстім. Жыр-термелерді жаттайтынмын. Ән айттым, ән шығардым. Той жүргіземін. Дегенмен жаныма ең бір жақыны ол – ақындық өнер. Айтар ойыңды іркілмей, көзіңмен көріп, көкірегіңде сайрап тұрған сөзді халыққа жеткізудің өзі бір ғанибет. Ең алғаш мектепішілік айтысқа қатыстым. Мектеп бітірген соң Арал ауданының Бөген деген ауылында ақын Зейнолла Шүкіровті еске алуға арналған ақындар айтысы өтті. Сол жолы бас жүлдені жеңіп алдым. Астыма ат мінгізді. Міне, содан бері ақындық өнерді ақсатпай алып жүруге ниеттендім.
Үйдегі бауырларымның барлығы дерлік ән салады. Ал ақындық қасиет маған ғана қонған. Сондықтан болуы керек өзімді айтыскер ақын ретінде таныстырғанды жөн көремін. Айтыс ақыны боламын деп жүрген кезімде:
Ойымнан туған жерім бір кеткен жоқ,
Ақ туын адалдықтың кірлеткем жоқ.
Аралдың табанынан су кеткенмен,
Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ, – деген бір ауыз сөзі артында ұран болып қалған Бекұзақ Тәңірбергеновті ұстаз тұттым.
– Домбыра шертуді кімнен үйрендіңіз?
– Туып, өскен топырағым Қызылжар деген ауылда әкемнің құрдасы әрі көршіміз Жұмабай деген кісі болды. Домбыраны керемет тартатын. Менің домбыраға деген ықыласымды аңғарған анам домбыра сатып алып беріп, сол кісіге ертіп апарды. Ең алғаш «Туған жер» деген әнді үйрендім. «Ақсақ киік», «Ерке сылқым», «Тойбастар» секілді күйлерді тарта бас­тадым.
Көрші тұрамыз. Қолым қалт етсе жүгіріп, Жұмабай ағаның үйіне барамын. Бір күні мынадай қызық жағдай болды. Үйіне барсам, ағам жоқ екен. Содан күтіп отырғанда домбырамды қолға алып, шертіп отырып, бір ән шығардым. Жұмабай аға үйге келгенде қатты қуанып «Аға, мен ән шығардым» дедім. «Қандай ән, қазір көреміз» деп ағам шай үстінде мені шақырып «Балам кел, шығарған әніңді тыңдайық» деді. Мен шертіп жатырмын домбыраны сабалап. Сөйтсем ол бұрыннан бар ән екен. Мен соны домбыраға салғаныма мәз болып, ән шығардым деп жүрегім жарыла қуанғаным бар.
– Тыңдарманға композитор ретінде танымал еткен әніңіз туралы айтсаңыз...
– Алғашқы кезде ән шығару дегеннің не екенін білмейміз. Бір күні ыңылдап жүріп, бір әнді домбыраға түсіріп көрдім. Ол:
Түнгі аспанда жүрегіміз сырласқан,
Құпиясын, сыр сандығын кімге ашқан?
Арманына жете алмаған көңілім,
Сені ойлаудан басқа сауық-ей құрмастан.
Қалшы бір сәт кезігіп, сағынғаның сезіліп,
Әуеніңе салшы қалқам, кетейінші-ей езіліп.
Қалшы бір сәт кезігіп, сағынғаның сезіліп,
Әуеніңе салшы қалқам, кетейінші-ей езіліп, – деген ән болатын. Жасым 21-22-де болуы керек. Әнші Жаңабай Өтегенов орындады. Содан кейін «Анаға тілек», «Қырғыз қызы», «Беу, дүние-ай», «Сүйкімді», «Мектепке сағыныш», «Ауылға кеткім келіп тұрады» және тағы басқа әндер шықты.
– Сіздің әндеріңізді қазақ эстрадасындағы ең танымал деген әншілер орындайды. Әніңізді ұсынарда әншінің танымалдығына баса назар аударасыз ба?
– Ең бірінші ән қай әншінің табиғатына, дауысына сәйкес келеді соны ойлаймын. Әр әннің өз орындаушысы болады. Соны дөп басып тапқан сәтте ән әншінің, әнші әннің бағын ашады.
– Әншінің бағын ашқан әндеріңізді қаншаға бағалайсыз?
– Менің әндерімді Төреғали Төреәлі, Роза және Әбдіжаппар Әлқожа, Ернар Айдар, Заттыбек Көпбосынов, Еркін Нұржанов, Таңат Мамырханов, «Тұран» триосы, тағы да басқа әншілер орындап жүр. Бұлардың ешқайсысына мен ән сатқан емеспін.
– Шығармашылық тоқырауды қалай жеңесіз? Шабытты қайдан аласыз?
– Шығармашылық адамы үнемі іштей ізденіс пен дайындық үстінде жүреді. Менде де солай. Ойыңа алып, қаншама уақыттан бері қорытып жүрген дүниең бір күні жарыққа шығады. Осыдан екі жыл бұрын жол апатына ұшырап, басыма, көзіме қатты зақым келді. Ұзақ уақыт ем алдым. Анам әркез жанымда болды. Ауруханадан шыққаннан кейін ештеңеге зауқым болмады. Ән шығармақ түгіл, ән айтуды да, домбыра шертуді де қойдым.
Шығармашылыққа қайта оралуыма анам себепші болды. Бір күні анамның хабарласып «Балам қолыңа домбыраңды ал, әніңді айт. Сенің емің өнерің» деп айтқан сөзі қанаттандырды. Сөйтіп қайта қалпыма келе бастадым. Отадан кейінгі шығармашылығым «Ауылға сағыныш» әнімен басталды. Одан кейін де әндер жазылды. Бұйырса жақын арада жарыққа шығады.
– Мені қызықтырғаны – ауылдан өнер ордасы Алматыға емес, Ақтөбеге кетуіңіз...
– Асаба болып, той басқарып жүрген кезде Арал, Қазалы аудандары, Төретам, Сексеуіл кенттері мен Қызылорда қаласы шақыратын. Бір күні Ақтөбеден той жүргізуге ұсыныс түсті. Бардым. Ол жақтың халқының сөз тыңдауы ерекше ұнады. Өнерді барынша бағалайды. Сол тойда «Шалқардан ұшқан аққулар» деген топтың әншілерімен танысып, дос болып араластық. Олар маған «Шәке, Ақтөбеге кел» деп қолқалады. Көп ойландым. Анаммен ақылдастым. Анам батасын беріп, шығарып салды. Міне, осылай аяқасты Ақтөбеге көшкен жайымыз бар.
– Әңгімеңізден сырласыңыз анаңыз екендігі аңғарылады. Әлде қателестім бе?
– Жоқ, өте дұрыс аңғардыңыз. Мен қандай жаңалығым болсын алдымен анаммен бөлісемін. Жақсы адамдармен жолықсам да, бір істі қолға алсам да үнемі анама айтып, ақылдасып, ой бөлісіп отырамын. Әкем Байғара 1998 жылы өмірден озды. Анам қаншама баланы бір өзі жетілдірді, аяқтандырды. Мені жақын тартып, үйдің сыртқы тірліктеріне жұмсайтын. Ақкөңілділігім, қонақжайлылығым анама тартқан.
– Аға, мақтау сүйесіз бе?
– Егер шын ниетпен мақтаса, қарсылық жоқ. «Бала сылаумен, қар қылаумен өседі» дейді ғой. Ел арасында айтылған жақсы сөздермен біз өсеміз. Орынды айтылған мақтау сөз, қолпаштау өнер адамына керек-ақ.
Кейбір адамдардың әлсіздігі – мақтаған сайын тұмсығын аспанға көтеріп, дандайсып кететіндігі.
– Бойыңыздағы өзіңізге ұнамайтын қасиетіңіз...
– Шыдамсызбын. Аяқасты әлденеге шыж-быж болып қаламын. Сосын ойымдағыны тік айтып саламын. Бұл қасиеттің жаман да, жақсы да тұстары бар.
– Нені армандайсыз?
– Анамды қажылыққа апарсам деген үлкен арманым бар. Ойға алған екінші бір мақсат – кітап шығарғым келеді. Оқушы кезімнен бергі жазған өлеңдерімді жинақтаудамын. Кітап шығарған соң оқылатындай кітап болғанын қалаймын. Мен кітап оқуға құмармын. Мақал-мәтелді көп жаттадым. Айтыста болсын, той басқару кезінде, күнделікті өмірде мақал-мәтелдердің көп көмегі тиді. Қалың «Мақал-мәтелдер» деген кітабым бар еді. Онда қазақтың емес түрлі халықтың мақалдары жинақталған. Бәрі мағыналас. Кітаптан оқыған «Бір шал суға батып бара жатып, сасқанынан кемпірін мама депті» деген тіркесті айтыста қолдандым.
Бір айтыста қарсыласым Шынберген, Шынберген деп отырды да аяқ жағына келгенде аға деп қалды. Содан мен оған:
«Бас жағында Шынберген деп отыр еді,
Ортасында аға депті.
Жарып шығар ақының дара көпті,
Баяғыдан бері алып отырған абыройын өзімен ала кетті.
Баяғыда бір шал суға кетіп бара жатып,
Сасқанынан кемпірін мама депті» деп қосып жібердім. Халық ду күліп, қол шапалақтап, орындарынан түрегеліп кетті. Кілең мықтылар қатысқан сол айтыста үшінші орын иелендім. Бұл жерде айтқым келгені кітап оқудың берер пайдасы мол.
– Сіздің түсінігіңіздегі бақыт ұғымы қалай?
– Менің түсінігімдегі бақыт ұғымын:
Бақыт деген батырдың пырағында,
Бұқара ұранында,
Өзіңнің босағаңда,
Жағылған шырағыңда,
Бақыт деген досыңның табағында,
Домбыра шанағында
Бақыт деген халқыңның қабағында,
Бақыт деген жарыңның жанарында, – деп өлең жолдары арқылы жеткізіп көрейін. Аллаға шүкір бақыттымын. Әкемнің көзін көрдім, анам, бауырларым, жарым, балаларым жанымда. Әр күніме шүкір деймін.
– Ініңіз Дастан атбегілік қырыңыз туралы айтып қалды...
– Нұрбол деген інім бала күннен атқа құмартып өсті. Үйде тұрған сиырды жылқыға ауыстырып алған кездері де болды. Құдалар тарту еткен жорға ат бар еді. Жорғаның үстіне шалқалап жатып алатын. Соны күтіп-баптап, қарады. Тіпті бәйгеге қосты. Сол жорға бірнеше рет жүлде алып, мерейін өсірді. Осы кездері менің де атқа деген қызығушылығым оянды.
Қайда тәуір ат болса, көруге тырысатынмын. Қызығушылықтың әсерімен Польшаға аукцион арқылы жылқы алмақ болып бардық. Қаз-қатар тұрған аттардың арасынан біреуі маған қарап тұрды. Жанына барып, бірден ұнаттым. Нөмірін жазып алып, залға келіп отырдым. Ақыры сол атты алып келдім. Аты – Шатыра. Ол жақта аттың тарихы түгелімен жазылып тұрады. Шатыра бірнеше бәйгеде топ жарды. Одан бөлек Ақжайнақ, Қызғалдақ, Нурикамал, Қырмызы атты аттарым бар.
– «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз сізге қарап айтылғандай. Олай дейтін себебім, мен кезінде Сіздің спектальде де ойнағаныңызға куә болдым...
– Мен ауылдағы театрда жұмыс істедім. Екі жылда бір рет 27 наурыз – Халықаралық театр күні қарсаңында халықтық театр атағын қорғайтынбыз. Бірнеше рет спектакль дайындап, облыс орталығында сахналадық. Бір кітаптан «Театр – тарих, театр – таным» деген сөзді оқыған едім. Шынында да театр ол тарихты баяндайды, таным-түсінігіңді кеңейтеді. Әр спектакльдің, әзіл-қалжыңға құрылған көріністің астарында түсінген адамға терең мағына бар.
– Қазір жас әншілерге баласының тұсауын кестіретіндер көп. Бұған Сіз қалай қарайсыз?
– Тұсау кесудің де өз реттілігі бар екен. Мәселен баланың тұсауын пышақпен аяғының арт жағынан кеседі. Баланың алға басқан әр қадамы өткір әрі түзу болсын дегенді білдірсе керек. Өмірге жаңа ғана қадам басқан сәбиге жолын берсін деген ниетпен тұсауды елге сыйлы, өнегелі, өсіп-өнген азаматқа кестіретін.
Ал, қазір әншіге, оның ішінде жас әншіге тұсау кестіріп жатқандар бар. Әншінің әнін ғана тыңдайды. Оның мінез-құлқына, жүріп-өткен жолына аса мән бермей жатады. Мен жас әншілердің тұсау кескенін құптамаймын.
– Аға, өмірден не ұттыңыз, неден ұтылдыңыз?
– Ұтқаным – елдің арасында шешен, ша­йыр, жыраулардың сөздерін жаттап, жұртшылыққа жеткізгендігім. Айтысқа қатысып, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді көтеріп, азды-көпті елге пайда тигізгендігім деп ойлаймын. Ұтылғаным бәлкім ауылдан кеш шыққаным шығар.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет. Шығармашы­лығыңыз өрлей берсін!
Әңгімелескен
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

23 ақпан 2019 ж. 6 667 1

ElyseSap от 18 ақпан 2024 14:53
persona 4 dating benefits weird internet dating stories We need you. Join us. Link availability is limited. http://bpl.kr/oTnT

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 74

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930