Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұхаммед-Қанапия ШАРХАНҰЛЫ: Жүрегімдегіні жазып көруге жүрексінген емеспін

Мұхаммед-Қанапия ШАРХАНҰЛЫ: Жүрегімдегіні жазып көруге жүрексінген емеспін

Бір ғана өнердің аясына сыймайтын, шығармашылықтың сан қырынан өзін іздейтін жандар болады. Мұхаммед-Қанапия Шарханұлы да сондай ізденіс үстіндегі жас қаламгердің бірі. Ол бірде қаламын поэзияға бұрса, бірде прозаға бағыттайды. Ал кейде көңілге қонған әуенді әнге айналдырып, көкейіндегі ойын сценарий арқылы сөйлетеді. Сөз бен саздың арасынан өзіндік өріс тапқан оның шығармашылық жолы да, ой әлемі де өзінше өрнекті.Қазалыдан қанат қаққан жас бүгінде Алматыдағы Ұлттық кітапханада Көрмелер және мәдени бағдарламалар бөліміне жетекшілік етіп, руханияттың қарашаңырағында еңбек етіп жүр. Жуырда өзіндік қолтаңбасы мен дара үні қалыптасып келе жатқан ақын, жазушы һәм сазгер Мұхаммед-Қанапиямен мазмұнды сұхбат құрып, оның шығармашылық әлеміне бойлаған едік.

– Туған топырақтың киесі мен өскен ортаның тағылымы адам болмысының қалыптасуына айрықша әсер ететіні анық. Сіздің әдебиет әлеміне келіп, өлеңге деген құштарлығыңыздың оянуына туған ортаңыздың қандай ықпалы болды, ал ақындық жолыңызға кімдер бағыт-бағдар берді?
– Біздің сырдың топырағы сиқырлы. Сары топырақ даласын табаны тигеннің таңдайына шығатын талант жайлап жатыр. Адам баласының бойындағы өнерге өлкенің әсері орасан зор. Айналамның бәрі зор болғанда мен қалай қор болам деп ұрандап өстім өз басым. Қырық құшақты Қазалының Майдакөл деген ауылда дүниеге келдім. Көзімізді ашқалы көк бейнетті көріп өстік. Бұл бейнеттің бәрі мені өмір мектебіне дайын шәкірт етті. Әкемнің құрдасы Ермекбай Ағырай деген көкем менің қолыма алғаш домбыра ұстатқан адам. Болмысы бүтін елге азық болатын асыл адам. Сол көкемнен алған тәлімім алға сүйреп, шығармашылықтың соңынан шам алып түстім. Сондай-ақ алдыңғы көш Ұлан Қалиев, Абдулла Сапар, Есет Табынбаев, Ақжол Түменбай сынды ағаларымыздың етегіне жабысып әдебиетке ентелей түстік. Бізде мықты әдеби орта болды. Сол ортада жарыса жүріп шыңдала бердік. Сөзге төркіндеп келгенде шығармашылық адамы үшін ортаның маңызы орасан. Сенің қайда баратының, кіммен бара жатқаныңа тікелей байланысты демей ме?! Өлеңге деген ықыласымды оятып, құштарлығыма құбыла болған осы ағаларым. Ешбір ұлы тұлғаның қайталанған көшірмесі болып қалмай, бөлек болмыс қалыптастыр деген ақылдарын санамның саңылауына құйып алдым. Расымен де, әдебиеттегі еліктеу мен үйренудің ара-жігін ажыратып берген алдыңғы толқынды ағаларыма алғысым шексіз.
–Поэзиямен қатар проза жанрында қалам тербеп жүрсіз. Екі жанрдың табиғаты бөлек. Қаламгерден екі түрлі темпераментті талап ететіндей. Дегенмен, осы екі жанрдың қайсысы сіздің болмысыңызға жақынырақ?
– Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді деген сөздің әсте әдебиетке түк қатысы жоқ. Тарихты түртіп қарасаңыз, классиктердің көбі прозаға поэзиямен келген. Сондықтан да бұл қалыпты жағдай ретінде қаралуы тиіс деп ойлаймын. Әу баста қолыма қос ішекті домбырамды алып айтыспен бастаған болатынмын. Кейіннен поэзияға ден қоя бастадым. Ал қазір жазушылық қырымнан өзімді сынап жүрмін. Бір күні менің ішімді сұрақ сағаттың тіліндей түрткілеп маза бермей қойды. Сондағы беймаза сұрақ «Осы мен тұрақсыз адам емеспін бе?» деген еді. Ойларымды допша домалатқан бұл сұрақтың жауабын бір жазушы ағам берді. «Тұрақтылық деген ұғымды мінез бен жауапкершілікке келгенде қолданған абзал. Ал адам баласының қабілеті хамелеон болу керек. Тақтай денең табытқа тигенше қырық қырыңды ашуды тоқтатпа!» деген болатын. Осыдан кейін жаным байыз тауып, жүрегіме тыныштық орнады. Десе де, маған жазған ұнайды екен. Мен жазуға отырған бұл дүниеден тысқары бір кеңістікте өмір сүремін. Жаным тыныстап, рухым дем алады. Ол жақта пендәуи, дүниеуи кемшіліктер жоқ.
– Әдебиеттен бөлек, ән де жазасыз. Музыкаға деген қызығушылық қайдан басталды? Қоржыныңызда қанша ән бар?
– Иә, арасында ән жазатыным да бар. Жігітке жеті өнер де аз демей ме?! Нағашыларым Жиембет жыраудың ұрпағы болғысын ау, әйтеуір ән-жырдан ауылым алыс емес. Ғалымдар өзі хронологияға салсаң да, хромосомаға салсаңда талант балаға анасының генінен беріледі дейді. Санаға салып қарасам, жалағаны жоқ сөз сияқты. Әнге деген әуестігімді ашқан әлемдік жұлдыздар. Әлемнің әр бұрышындағы адамдармен сүргеніміз бір өмір болса да, көргеніміз басқа құбылыс. Сондықтан жаһандық музыкада жанға жайлылық беретін жанрлар жетіп артылады. Маған «Битлз»-дың әндері ұнайды. Ал, өзімнің әндерім жалпыға жаға ма, жақпай ма? – білмеймін. Десе де, жүрегімнің айтқысы келгенін жазып көруге жүрексінген емеспін. Жиырмадан астам авторлық әндерім бар. Кейбірі ел сахнасында шырқалып, тыңдарманның жүрегінен орын алғанын байқасам іштей марқайып қаламын. Ең танымал болғаны Ерлан Қанаттың орындауындағы «Бір ғажап» әнім. Соған ұқсас бірнеше әндерімді сұрағандар алды. Олар да өз кезегін күтіп, халыққа жетер. Жетпесе сөз өзімдікі демей ме Абай атамыз.
– Өнердің бір саласынан екіншісіне ену сіз үшін қалыпты шығармашылық қозғалыс сияқты. Өзіңіз туралы іздене отырып, анимация жанрына да сценарий жазатыныңызды білдік. Ересектерге арнап әңгіме жазудан балаларға арналған анимация әлеміне ену – мүлде басқа тіл мен басқа жауапкершілікті талап ететіндей. Жалпы бұл жанрға қалам тартуыңызға не түрткі болды?
– Анимацияға сценарий жазу – бұл менің өмірімнің бояуы қанық бөлігінің бірі. Мені бұл жанрға күтпеген бір ұсыныс алып келген болатын. Бір күні маған елу минуттық толық метрлі анимациялық фильмге сценарий жазу бойынша ұсыныс келді. Мен бұрын бұл іспен айналысып көрмесем де, білемін дедім. Небәрі екі аптада мен оны жазып шыға алдым. Осылайша мен өзімді жаңа қырымнан тани алдым. Сценарий бойынша әрине балаларға жазу қиынырақ. Өйткені оның артында үлкен жүгі ауыр жауапкершілік жатыр. Жалпы баланың психологиясымен жұмыс жасау үлкен мұқияттылықты талап етеді. Себебі, сценарийдан кеткен кішкене бір қателік баланың тағдырына әсерін тигізуі бек мүмкін. Балапан телеарнасында жобалармен жұмыс жасаған кезімде мен де өзімді баладай зерттедім. Біздің өзіміз бір ашылмаған ғаламшар тәріздіміз. Әр адамның жанына терең үңілсек бір балалықтың белгісін табу тіпті де қиын емес. Сондықтан ізденіс бар жерден қалағаныңды табуға болады. Сценарий жазу, әсіресе анимацияға бұл адамның қиялының шкаласын тексеруге арналған үлкен таразы тәріздес құрал. Болашақта сценарий бағыты бойынша тағы да қалам жүгіртетініме іштей сенімдімін.
– 2022 жылы жарық көрген «Тәтті мұң» жинағыңызда өлеңдер мен әңгімелер тоғысқанын білеміз. Кітаптың тағы бір ерекшелігі – Брайль қарпімен және аудиожазба нұсқасында жарық көруі. Мұндай кітап жасау идеясы қалай дүниеге келді?
– «Тәтті мұң» жинағым тұңғыш баламдай тым ыстық. Бұл кітапта осы күні көзім шалған өзіме аян қалетіктер де баршылық. Брайль қарпінде кітапты басу бұл менің идеям емес. Бұл жай ғана маған келген ұсыныс болатын. Нәтижесінде, мен қаншама жанарынан айырылған зағип оқырмандардан жаныма жылы тиген лебіздер естідім. Оқырманның жылы лебізі бұл жазушы үшін үлкен мотивация. Қиялыңа қос қанат, қаламыңа қос талап бітіреді. Кітабым Брайль қарпінде жарық көру арқылы мен келесі кітабымды жазуға деген үлкен серпіліс алдым. Өмірде ештеңе кездейсоқ емес. Бізге Құдайдың беретін қаншама мүмкіндіктері бар. Миллиондаған. Біз тек көзіміз шалғандарын ғана байқаймыз.
– Кітаптың атауының өзінде бір қарама-қайшылық бар секілді. Мұң қалай тәтті болуы мүмкін?
– Бұл өте жиі қойылатын сұрақ. Мен де жауап беруден жалыққан емеспін. Қазір біз қиындық деп санаған дүниелер кейін жай ғана тәтті естеліктерге айналады. Сол сәтте біз бұрын мұң деп санаған дүниелеріміздің өткенннің еншісінде қалатын естелік екеніне көзіміз жетеді. Қазір де солай, бізге кезіккен көп қиындық, ертеңгі күннің сүйкімді естелігі ғана. Сол сәтте кейбір мұңдар тәттілене түседі.
– Осы тұста 2026 жылы жарық көрген «Рояль» жинағына тоқталсақ. «Рояль» – музыкадағы аспап. Ал әдеби кітапқа мұндай атау беру оқырманды бірден елең еткізеді. Бұл атау сіз үшін қандай мағынаға ие? Кітаптың ішкі әлемі мен рояльдің арасында қандай байланыс бар?
– Алғашында бұл кітаптың атауы «Кішкентай ханшайым» болмақ еді. Бұл Рояль кітабындағы алғашқы әңгіме. Бірақ кейіннен «Рояль» деген әңгімемнің кітап атауына лайықтырақ боларын түсіндім. Рояль әңгімесі Алматыдағы Жазушылар одағы орналасқан Абылайхан көшесінің бойындағы белгісіз бір мейрамхананың маңайында өрбиді. Сол мейрамхананың алдында үнемі үнсіз тұратын Рояль аспабының тілін тапқан жалғыз жан бар. Бұл әңгімем сол музыкант жігітке арналған.
– Қазір жас қаламгерге танылудың жолы бұрынғыдан әлдеқайда көп. Бірақ танылу мен әдебиетте қалудың жөні бөлек. Сіздіңше, бүгінгі күні танымал болу мен қаламгер болып қалудың арасы қаншалықты алшақ?
– Қалқаман Сарин ағам: «Қолтаңбаң қалу үшін, том-томдар қалу міндетті емес» деген еді. Бұл сұрағыңызға танымал болу үшін емес, ел жадында қалатын жоқ дегенде бір шығарма үшін жазуға адал боламын деп қысқа қайырғым келеді.
– Қазір Ұлттық кітапхананың Көрмелер және мәдени бағдарламалар қызметіне жетекшілік етіп отырсыз. Күн сайын кітаппен, оқырманмен, қаламгерлермен және мәдени ортамен бетпе-бет келу жазушы ретіндегі көзқарасыңызға қалай әсер етеді?
– Менің Ұлттық кітапханаға келуім өмірімнің ең үлкен сыйы дер едім. Нағыз мәдениет пен әдебиеттің қайнаған ошағына топ ете түстім. Күн сайын бала күнімізде кітабына таласып оқыған талғампаз жазушыларды көзбен көргенде, тілдесіп батасын алғандағы әсер тым бөлек. Әдеби кеңістіктегі сананың қалыптасуына көп қажетті дүниені дәл осы жерден алып жүрмін. Нақтырақ айтқанда менің әдеби қорегім дәл осы ұжымақта. Бірақ кейбір классик деп таныған жазушылардың пенделігін көзбен көргенде, көңіл кірлейді екен. Сол үшін мен ұлы санаған Оралхан Бөкей, Есенғали Раушанов секілді адуынды алыптармен көздеспегінім де дұрыс болған шығар деймін. Себебі, олар мен үшін өз биігінде мәңгіге қалды.
– Бүгінде ақпарат ағыны толассыз, адамның назарын өзіне бұратын дүние де аз емес. Осындай цифрлы дәуірде кітаптың адам өміріндегі орны мен маңызы өзгеріп, оның қажеттілігі төмендеп бара жатқан жоқ па?
– Адамзаттың өміріндегі кітаптың рөлі ешқашан жоғалуы мүмкін емес. Мені де сіз секілді «Қазір кітап оқитын жастар бар ма екен өзі?» – деген сұрақ мазалайтын. Мен жұмыс жасайтын кітапханаға күніге мыңға жуық оқырман келеді. Демек, бұл кітап адамға керек деген сөз. Бесінші ғасырда өмір сүрген Сократ: «Мен жастардан қорқамын, ертеңгі күн не болар екен?» деген. Ол уақыттан бері қаншама дәуір алмасты. Дүние төңкеріліп кеткен жоқ. Үлкен буынның жастарға көңілі толмауы қалыпты дүние. Меніңше кітап оқу Еуропадағыдай эстетикаға айналатын кезең бізге де келіп жетті. Толықтай қалыптаспаса да, ұшқыны алау тудырардай дәрежеге жетіп қалды. Сондықтанда кітап оқудың қоғамдағы рөлі жоғары деп толықтай айта аламын. Ешқандай смарт жүйе дәстүрлі кітаптың орнын алмастыра алмайды.
– Сұхбат соңында туған елдегі ағайынға, сондай-ақ біздің басылымның оқырмандарына айтар жүрекжарды тілегіңіз болса, мархабат...
– Туған жерімнің орны – мен үшін әрдайым ерекше. Қазалының қаныма сіңген қасиеті мәңгі жаныма желеу болары шүбәсіз. Жерлес ағайынның әрбіріне дұғай сәлем жолдаймын. Сіздердің ақ баталарыңыз алақандай ауылдың баласын, Алатаудай алып шаһардың тұрғыны етті. Елге сапарымды үзген емеспін, жиі барып тұрамын.
Ал менімен сұқбаттасқан басылымның ұжымына толағай табыс пен сарқылмас идеялар тілеймін. Шығармашылықтарыңыз шыңдала берсін. Ел-халықтың жүрек көзін ашатын жалынды жазбаларыңыз көп болсын. Қазыналы Қазалының қойнауынан аршып алатын алтын перзенттеріңіз көп болсын. Газет деген – ұлттың жатыры тәріздес дүние. Жара түссе, ұрпақ дертті болады, қасиет бітсе, сертті болады. Ел игілігі жолындағы ақ адал терлеріңіздің қайтарымы – біз бен сіздей білімге құштар перзенттер болсын. Тұғыр биігінен төмендемеңіздер!
– Көңілдегі көп сырды ақтарып, мазмұнды әңгіме өрбіткеніңізге рақмет. Шығармашылық сапарыңыз сәттілікке ұласып, әрбір жаңа туындыңыз оқырман жүрегінен орын тапсын дейміз!

Сұхбаттасқан Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
29 тамыз 2026 ж. 49 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31