Жыр алыбы өмірін өлең етті
Жуырда қазақ халық поэзиясының даңқты тұлғасы, ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай, Қазалы аудандық орталық кітапханасының оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен, «Тыңда, дала Жамбылды» атты аудандық жас ақындар мүшәйрасы өтті.Тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор шараға ауданның әр түкпірінен келген сөз өнерін серік еткен жас талапкерлер қатысып, оқрымандар зылын шығармашылық алаңға айналдырды.
Мүшәйра барысында қатысушылар жыр алыбының өнегелі өмір жолы мен шығармашылығы жайлы білімін мазмұнды ойларын ортаға салып, өнегелі өмір иесін шығармаларына арқау етіп, туындылары арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік, адамгершілік, достық, адалдық, елдік рух сияқты мәңгілік тақырыптарды көркем тілмен өрнектеді. Жас ақындардың өнерлерінен олардың дүниетанымы, өмірге көзқарасы, жүрек тебіренісі мен шығармашылық ізденісі айқын байқалып, олардың поэзияға деген қызығушылықтары жоғары екенін көрсетті.
Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар өздері жазған авторлық өлеңдерін оқып, шығармашылық шеберліктерін танытты. Қазылар алқасы әр үміткердің тіл байлығына, ой тереңдігіне, көркемдік деңгейіне және сахна мәдениетіне ерекше назар аударды. Екінші кезеңде жас ақындар Жамбыл Жабаевтың жырларын жатқа айтып, поэзияға деген шынайы құрметтері мен рухани сабақтастықты жалғастыруға деген ниеттерін паш етті.
Байқау қорытындысы бойынша әділқазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар анықталды. Байқаудың бас жүлдесін Жанқожа батыр атындағы №70 қазақ орта мектеп оқушысы Эльвираға Алдабергенқызы еншіледі. Өнері озған М.Матаев атындағы №170 орта мектептің оқушысы Жәнел Жеткерген бірінші орынға қол жеткізді. Екінші орын биігіне С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектептен қатысқан Сезім Ниеталы мен Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия шәкірті Альбина Орысбай шықты. Үшінші орынға Ж.Жабаев атындағы №234 орта мектеп атынан қатысқан Сабина Қуантқан мен №266 мектеп-лицейдің үмітін арқалаған Бексұлтан Төлеген ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Кеш соңында Қазалы аудандық орталық кітапханасының директоры Индира Әбілқасымқызы сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып, мүшәйра қатысушыларының өнер жолындағы қадамдарына сәттілік, шығармашылық табыс тіледі.
Жамбыл Жабаевтың бай әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың бойында ұлттық рух пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, сондай-ақ жас ақындардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, олардың әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын арттыруға үлкен үлес. Ұлт руханиятының темірқазығына айналған жырау мұрасын жас буынға дәріптеу арқылы ұйымдастырушылар ұлттық құндылықтарды ұлықтауды, тарихи сабақтастықты нығайтты. Жас таланттардың талабын шыңдап, шығармашылыққа қанат бітірген мұндай мазмұнды, ұлттық әдебиеттің дамуына серпін беретін игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба беретіні сөзсіз.
Мирамкүл ШАМШАЕВА













