Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жұмабек Табынбаев «Таңдау пенденің өзінде болса, тек тілшілікті ғана қалар едім»

Жұмабек Табынбаев «Таңдау пенденің өзінде болса, тек тілшілікті ғана қалар едім»

Журналистика – қыры мен сыры мол, еркіндік пен дарынды талап ететін шығармашылық мамандық. Осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген жанның бірі – Сыр жұртына аты таныс Жұмабек Табынбаев.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, белгілі журналист, ақын Жұмабек Айдарбекұлының тырнақалды туындысы сонау бастауыш сыныпта туған еді. Шығармашылық қызметін аудандағы «Қазыналы Қазалы», «Тұран – Қазалы» газеттерінде бастаған тілші қазір облыстық «Сыр бойы», республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз «Халық» газетінің Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі қызметінде.
Журналистика саласындағы сүбелі еңбегі бағаланып, Қазақстан Журна¬листер Одағы басқармасының дипломы, Қызылорда облысы әкімінің «Ауыл өмірін үздік ақпараттандырғаны үшін» номинациясы, бірнеше мәрте Қазалы, Арал аудандары әкімінің «Құрмет Грамотасы», «Алғыс хаттарымен» мара¬патталды. Ол әр жылдары Қызылорда облысының және Қазалы ауданының «Жыл журналисі» атанды. Қаламы қарымды, сөзі өткір тілші «Үздік әмбебап тілші», «Үздік журналист», 2017 жылдың қортындысымен Жанқожа батыр ау¬ылы әкімдігі тағайындаған «Ауыл жанашыры» бағамдарын иеленген. Сонымен қатар «Сыр бойы» газеті тағайындаған «Алтын қалам» жүлдесі мен көптеген мерекелік медальдардың иегері.
Ақын Жұмабек Айдарбекұлының сөзіне жазылған «Қос бабам», «Ерліктің қос шынары», «Жанқожа баба», «Жеңімпаздар», «Ауылым әнім», «Анашым», «Аралдағы ару қыз», «Ақ көйлекті ару қыз», «Биле, биле», «Қарындасым – қарлығашым» әндері аудан, облыс, республика көлемінде орындалып жүр.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмабек Табынбаевпен әңгімелесіп, сыр тартқан едік.
– Жұмабек аға, мерекеңізбен құттықтаймын. Әңгіме басын біздің ау¬данда жалпы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі қай деңгейде тойланатындығынан бастасақ...
– Рахмет, айналайын! Шерхан көкеше айтқанда «арқалағаны алтын, жегені жантақ» барша қалам ұстаған қауымды төл мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін. Қоғам өміріндегі оқиғалардың, жағымды жаңалықтар, тіпті кез келген шараның басы-қасында тілшілер қауымы жүретіні белгілі жайт. Олай болатыны түсінікті де. Өзінен гөрі өзгенің мұң-мұқтажына баса көңіл бөліп, оны құзырлы орындарға жеткізіп ғана қоймай, мүмкіндігінше оң шешілуіне себепші болуға тырысатын журналист ағайындардың жылына бір келетін төл мерекесін асыға күтетінін несіне жасырамыз?! Көз майын тауысып жазған еңбегі еленіп жатса кімге де мерей екені анық.
Аудандағы БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі бір сарында аталып өтіледі деген орынды болар. Аудан басшысы қабылдап, марапаттайды, концерттік бағдарлама. Әрине, көп рахмет. Әйтсе де сәт сайын жаңалықтар легі толас¬сыз тасқындап жатқан қазіргідей уақытта жаңаша тұрғыда ұйымдастыруға да болар еді.
– Бұл салаға кештеу келдіңіз, қалай тап болдыңыз?
– Журналистика саласына кештеу келгенім рас. Десе де өкінішім жоқ. Ұзақ жыл (нақтысы 20 жыл) өзім туып-өскен Жанқожа батыр атындағы кеңшарда (бұрынғы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшарда) құрылыста қоймашы, осы ауылдың аудан орталығындағы шаруашылық ауласының меңгерушісі бо¬лып еңбек еттім. Есімі көпшілікке жақсы танымал, ел ағасы Ленин орденінің иегері Шынтас Жалғасбаев ағаның қарамағында жұмыс істеп өмір мектебінен өттім. Алғаш жұмысқа қосылған сәтім әлі есімде. Ол кезде небәрі он тоғызда едім. Сол кездегі бозбалалардың киім үлгісімен кала-кала аталатын кең балағы жер сыпырған ақ шалбар, етегі шолтиған, денемен тырысқан тап-тар ақ көйлек, резеңке аспалы тартқыш (өзі бойы сорайған, қылдырықтай жіп-жіңішкемін) тар¬тып алғанмын. Шашым жалбырап иығымды, құлағымды жауып тұр. Оған қоса «хамелон» деген жалтыраған көзілдірікті көйлегімнің омырауына қыстырып алғанмын.
Мені көрген Шәкең қатты ашуланды. Қаһарын төгіп «маған гастроль¬де жүрген әртістің қажеті жоқ. Қолға түскен шайтан құсамай, адам сияқты киініп, жалбыраған шашыңды күзетіп, салбыраған мұртыңды алдырып кел!» деп кабинетінен қуып шықты. Қолды бір сілтеп, кетіп қалғым келген. Үйден шығарда отқа май салып, менің тілеуімді тілеп, бәтесін беріп шығарып салған әжемнен ұялдым. Қанша қимағанмен шашты қидырып, мұртты алдыруға тура келді. Киім өзгерді. Бұл өзгерісіме бәрінен бұрын әке-шешем қатты қуанды. Әжемнің шаттығында шек жоқ. Шынтас ағаның қарамағында тура он жыл жұмыс істедім. Ол кездегі бозбала жігіттер топқа бөлініп жанжалдасатын. Сон¬дай бір топтың белсендісі ретінде директордың талай талқысына түскенімді мойындауға тура келеді. Шәкең, нағыз ұстаз болатын. Отты жанарын тура қадап, тіке қарағанда жаның мұрныңның ұшына келгендей сезінесің. Қаншама ашуланса да балағаттау мүлде әдетінде жоқ. «Ұятың шамалы екен» деген¬де өзіңді қоярға жер таппайсың. Еңбегіңді бағалайды. Ол кезде коммунистік партияның қатарына өту оңай емес. Шынтас ағаның сенім білдіруімен партия қатарына қабылдандым. Партия билетін қоғам қайраткері Елеу Көшербаев ағамыздың қолынан алғаным да мен үшін мақтаныш. Журналистикаға келуіме белгілі қаламгер Әлмәмбет Әлішев ағаның ықпалы тиді. Өлеңдерім сол тұста газет бетіне жиі жарияланып тұрды. Менің журналистика саласындағы алғашқы ұстаздарым Әлекең көкемізбен, қарымды қаламгер Раушанбек Сейтенов аға.
– Журналист болып жұмыс істеу үшін арнайы мамандандырылған білім керек пе? Бұл сұрақтың төркінін түсініп отырсыз. Қазір әнші немесе әртістер телебағдарлама жүргізуге құмартып кетті...
– Әрине, өмірдің өзі ізденуден тұратыны белгілі. «Халықтан асқан – сыншы жоқ». Қай нәрсенің де бағасын халық беретіні басы ашық жайт.
– Журналист ретінде қандай хоббиіңіз бар?
– Кітап-газет оқимын. Әлеуметтік желіге назар аударып, ақпараттар ағынымен танысамын.
– Жұмыс бабында жүріп қателескен тұстарыңыз болды ма?
– Ертеректе бір кейіпкердің айтуымен тірі адамды өмірден өткен деп жазып қатты ұялғаным бар. Ағамыз азамат екен, ескерту ғана жасады. Маған өмірлік сабақ болды.
– Қатты қиналған және қуанған сәтіңіз...
– Байқоңыр қаласында өткен бір шара туралы жазған мақаланы сол за¬матында марқұм Оразбек Мақсұтұлы ағама телефонмен баяндап, түні бойы ағамыз екеуміздің қиналғанымыз әлі есімде. Тәжірибем аз, Байқоңырда таны¬сым да жоқ. Оның үстіне ол кезде түнемелікке қалада телефон байланысы да қиындау екен.
Ал, қуанған сәтім, мұнан екі жыл бұрын облыс әкімінің Құрмет грамота¬сымен марапатталғанымды білгенде қатты толқыдым. Мен ол кезде қатты сырқаттанып, жансақтау бөлімінде жатқан едім. Қиын-қыстауда демеу болған басшыларыма, әріптестеріме, ел ағаларына сансыз ризашылығымды жаудырдым.
– Сізді көпшілік ақын әрі журналист Жұмабек деп таниды. Ал, оқырман ретінде өзіңізді кім деп танисыз?
– Әкем майдангер болғандықтан шығар соғыс тақырыбында жазылған туындыларды қызыға оқимын. Кейіпкерімнің басынан өткен қиындығы мен қуаныштарын бірге жүргендей бөлісуге тырысамын. Әрбір жазған сөйлемің жарыққа шыққан соң сенің емес, оқырманның еншісінде деп түсінемін.
– Бойыңызда өзіңізге ұнайтын және ұнамайтын қасиетіңіз қандай?
– Адам болған соң кемшіліксіз болмайтының шындық. Менің бойымдағы ұнайтын немесе ұнамсыз жақтарым көпшілікке мәлім шығар. Бағасын оқырмандарымнан естігенім жөн болар.
– Қайтадан өмірге келсеңіз, қандай мамандықты таңдар едіңіз?
– Таңдау пенденің өзінде болса, тек тілшілікті ғана қалар едім.
– Аға, әсерлі әңгімеңізге рахмет, қарымды қаламыңыздан туатын тың дүниелер толастамасын.
Сұхбаттасқан:
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
02 шілде 2018 ж. 2 860 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930