Өсімдіктерді қорғау – өзекті мәселе
Жаз айы келісімен ауыл шаруашылығы өсімдіктерін зиянкестер мен аурулардан қорғау, олардың карантині саласындағы фитосанитариялық есептілігін бақылау ісі жандана түседі. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қазалы аудандық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Болат Қалиадинұлы Достыбаевпен әңгімелескен едік.
– Жыл сайын ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Аталған шараның барысы жөнінде білсек.
– Биылғы жылы аудан бойынша шегіртке зиянкестеріне қарсы 21337 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізу межеленген. Зиянды және ерекше қауіпті организмдерге қарсы мониторинг жұмыстарына Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы Қазалы аудандық филиалынан 4 маман, 3 зерттеуші және 3 автокөлік тартылып отыр. Қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету және ерекше қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік объектілерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды маусымдық кезеңде жедел атқару мақсатында штабтар жасақталып, кезекшілік ұйымдастырылды. Қазіргі таңда шегіртке зиянкестеріне қарсы мониторинг жұмыстары ауданның барлық ауылдарын қамтуда.
Италиялық прус дернәсілдердің басым бөлігі Қарақұм беткейінде Майлыбас, Құмжиек ауылдық округтерінің учаскелерінде тіркелсе, азиялық шегіртке дернәсілдері Аранды, Алға, Ақжона, Майдакөл, Көларық ауылдық округтерінің егістік алқаптарынан анықталды. Алдын ала жоспарланған 110 мың гектардың 75 мың гектарына зерттеу жұмыстары жүргізілді. Химиялық өңдеу жер көлемдеріне қарай бөлінген инсектицидтер жөнелтпе құжаттар арқылы толығымен жеткізіліп берілді. Тендер жеңімпаздары «КазАвиа» және «ЗапКазФумигация» ЖШС-тері химиялық өңдеу жұмыстарын жер агрегатымен 2261 гектар, әуе жеңіл ұшағымен 6676 гектар көлемінде атқарса, «Делта Юг» ЖШС азиялық шегірткеге қарсы жер агрегатымен 1091 гектар, жеңіл ұшақпен 5861 гектар химиялық өңдеу жүргізді.
– Ауданда қанша карантиндік объекті бар?
– Ауданда 4 карантиндік объекті тіркелген, олар карантиндік арамшөп – кекіре және сарышырмауық, карантиндік зиянкес-калифорниялық қалқаншалы сымыры мен қауын шыбыны. Карантиндік зиянкес – қауын шыбыны бақша дақылдарының өнімділігіне кері әсерін көптеп тигізуде. Қауын шыбыны – өзінің биологиялық ерекшеліктеріне байланысты өте қауіпті және жойылуы қиын зиянкестердің бірі. Қазақстан Республикасы «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 18-ші бабы 2-тармағында жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі объектілерде, сондай- ақ жер учаскелерінде өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар жүргізу уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің өкілеттік шегіндегі нұсқамалары бойынша меншік иелері мен жер пайдаланушылардың қаражатымен жүргізіледі делінген.
Дегенмен карантиндік зиянкес-қауын шыбынына қарсы химиялық өңдеу жұмыстары екі рет республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіліп келген. Ағымдағы жылы «Өсімдік шаруашылығы өнімін сату, қайта өңдеу, өндіруді дамыту үшін жағдайлар жасау» 255 бюджеттік бағдарламасының, «Өсімдіктерді қорғау және карантин» 107 кіші бағдарламасы шеңберінде қауын шыбыны және арамсояу түрлері, жатаған у кекіре лоттары бойынша пестицидтерді сатып алу жөніндегі конкурсы республикада бірнеше рет жарияланғанымен әлеуетті өнім берушілерден өтінім түспеуіне байланысты, конкурс өтпеді деп танылған. Сондықтан, аудан көлемінде бақша дақылын өсіруші жеке және заңды тұлғалар қауын шыбынына қарсы химиялық өңдеуді өз күштерімен жүргізіп жатыр.
Қауын шыбыны – бақша дақылдарына құрт фазасында зиян келтіретін зиянкес болып табылады. Құрттар дамығаннан кейін азықтанып жол іздеп түйнектің тұқымына қарай жылжып отырады. Зақымдалған орын қатты тесік болып, қаралтым реңге өзгеріп шіриді.
Онымен күресу тәсілдеріне келсек, химиялық препараттармен таңертеңгі сағат 5:00-ден 8:00-ге дейін өңдеу қажет. Себебі, бұл уақытта шыбындар қозғалмай, пәлектердің арасында жатқандықтан, даярланған ерітпе арқылы жойылатын болады. Арада 7-10 күн өткенде атыздарда шыбындардың пайда болуының алдын алу үшін, дәрілеу екінші мәрте қайталануы тиіс. Әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес зиянкестерден қорғану үшін кем дегенде 4 рет өңдеу жүргізілуі керек. Бақша өнімдері қауын шыбыны зиянкестерімен зақымданған жағдайда шет елдерге экспортқа және ішкі нарыққа шығаруда қиындықтар келтіретіні анық. Қауын шыбынымен күресу үшін химиялық өңдеумен қатар, агротехникалық шаралар талапқа сай жүргізілсе зиянкестердің азаю мүмкіндігі туындайды. Қалай дегенде де өсімдіктерді мезгілінде зиянкестерден қорғау – өзекті мәселе.
Әңгімелескен,
Сахи ҚАПАР