Депутат жастарға микронесие беру шарттарын қатаңдатуды талап етті
Фото: pexelsСенат депутаты Геннадий Шиповский 2025 жылғы 4 желтоқсанда өзінің депутаттық сауалында жастардың микрокредиттерге тым оңай қол жеткізетіндігін мәлімдеді, деп хабарлайды корреспондент Zakon.kz.
Оның пікірінше, бұл жағдай көптеген мәселелерге әкеледі.
"Жастар көбіне микроқаржы ұйымдарының жарнамасына ілігіп, қарыз алып жатады. Алайда, жоғары пайыз бен айыппұлға байланысты оны өтей алмай қарыз тұзағына ілігеді. Бұл бүгінде тек бір отбасының мәселесі емес, әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретін үрдіске айналды",- деді Шиповский.
Сенатор бейінді агенттік мұндай қарыз алушылар бойынша статистика жүргізбейтінін, осылайша мәселенің ауқымын бағалау мүмкін болмай отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың өтініштері мен әлеуметтік желілерден алынған деректер жастар арасында борыштық жүктеменің өскенін көрсетеді.
"Аталмыш мәселе микронесиелерді рәсімдеудің жеңілдігі мен жылдамдығы, микроқаржы ұйымдарының тарапынан жүргізілетін жарнама мен жастар арасындағы қаржылық сауаттылықтың төмендігінен туындап отыр. Тек жеке деректерді енгізу арқылы бірнеше минутта қарыз алу мүмкіндігі жастарды олардың салдарын бағаламай, қаржылық міндеттемелерді қабылдауға итермелейді. Бұл олардың психологиялық жағдайына теріс әсер етеді, күйзеліске және әлеуметтік оқшаулануға әкеледі", – деп атап өтті депутат.
Мәселені шешу үшін ол мыналарды ұсынды:
тексерусіз 18 жастан бастап оларды ресімдеу практикасын тоқтата отырып, жастарға микрокредиттер беру тәртібін қатаңдату;
жас шегін 21 жасқа дейін көтеру және жас қарыз алушылардың қаржылық жағдайын міндетті бағалауды енгізу;
мектептер мен колледждерде қаржылық сауаттылық бойынша міндетті пәнді енгізу;
борыштық, құқықтық немесе психологиялық қиындықтарға тап болған жастар тегін консультациялық және психологиялық көмек ала алатын Мемлекеттік онлайн-платформа мен өңірлік қолдау орталықтарының желісін құру.
Бұған дейін депутат Жанна Асанованың дәрі-дәрмек өндірісін бақылауды күшейтуге шақырғанын жазғанбыз.











