Қазақстанда заңгерлер мен нотариустарды аттестациялау тәртібі оңтайландырылады – Сенат заңды мақұлдады
Сенат депутаттары әкімшілік әділет, нормашығармашылық және заң көмегін ұйымдастыру мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Zakon.kz.Сенатор Мұрат Қадырбек атап өткендей, заң әкімшілік әділет саласын кеңейтеді. Бұл – азаматтық іс жүргізу кодексінен жекелеген жария-құқықтық даулар санаттарын алып, оларды Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске көшіру арқылы жүзеге асады.
"Бұл өзгерістер Конституциялық Соттың қызмет ерекшеліктерін және конституциялық іс жүргізуді заңға тәуелді нормативтік актілердің заңдылығына қатысты даулардан нақты ажырату қажеттілігін ескере отырып енгізілуде. Тиісті түзетулер қабылданғаннан кейін кез келген азамат немесе заңды тұлға өз құқығы мен заңды мүддесі қандай да бір нормативтік құқықтық актіні (немесе оның бөліктерін) қабылдау кезінде бұзылды деп есептесе, мұндай актіні әкімшілік сотқа беріп, даулауға мүмкіндік алады", – деді Қадырбек.
Оның айтуынша, "Жол жүрісі туралы" заңға да өзгерістер енгізіледі. Олар көлік құралдары мен олардың тіркемелеріне міндетті техникалық байқаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі операторының өкілеттіктеріне, сондай-ақ техникалық байқау пункттері операторларының компетенцияларына қатысты.
Заң сондай-ақ әкімшілік рәсімдерді жүргізу тәртібін жетілдіруге бағытталған бірқатар өзгерістерді қамтиды.
Олар мыналар:
дауларды сотқа дейін қарау;
өтініштерді қабылдау, тіркеу және қайтару тәртібін нақтылау;
әкімшілік рәсімдердің мерзімдерін және оларды есептеу тәртібін айқындау.
"Бұдан бөлек, "Нотариат туралы", "Сот-сараптамалық қызмет туралы", "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы", "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" заңдарда тиісті кәсіби қызмет түрлерімен айналысу құқығына үміткер адамдарды аттестациядан өткізу тәртібі біріздендірілді. Аттестацияны өткізу тәртібі мен талаптарының егжей-тегжейлі регламентін Әділет министрлігі бекітетін болады", – деп қосты сенатор.
Бұған дейін Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық түлік тауарларының тізбесі едәуір кеңейтілетіндігін жазғанбыз.












