Доллар 499 теңгеге дейін арзандады: Ұлттық банк себебін жария етті
Доллар 499 теңгеге дейін арзандады: Ұлттық банк себебін жария етті
Фото: istockphoto.com
Фото: istockphoto.comҚазақстанның Ұлттық банкі доллардың неге 500 теңгеге дейін арзандап кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазан айынан бастап теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы 499-500 теңге деңгейіне дейін (9%-ға) тұрақты нығайғаны байқалып отыр. Ұлттық валютаның нығаюы қолайлы сыртқы жағдайлармен, жүйелі макроэкономикалық саясатпен және инвесторлар болжамдарының жақсаруымен байланысты», - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің ақпаратынша, мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 60 доллардан жоғары болып тұр. Сонымен қатар АҚШ Федералды резерв жүйесінің мөлшерлемені төмендету циклі жаһандық доллар индексінің 8,3%-ға әлсіреуіне және жыл басынан бері дамушы нарықтардағы валюталар индексінің 8,3%-ға нығаюына ықпал етті. Осы жағдайларда халықаралық инвесторлардың дамушы елдердің активтеріне, оның ішінде Қазақстан нарығына деген қызығушылығы жоғары.
Бұған қоса теңгенің нығаюына Үкімет пен Ұлттық банктің үйлесімді саясаты да айтарлықтай үлес қосқан.
«Айырбастау бағамының қазіргі динамикасы экономикалық саясаттың сапасы жақсарғанын және мейілінше болжамды макроорта қалыптасқанын көрсетеді, соның нәтижесінде жаһандық инвесторлар Қазақстанды оң бағалап, елге портфельдік инвестициялардың келуіне жол ашты. Ұлттық банктің бірізді әрі қалыпты қатаң ақша-кредит саясаты баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге берілген маңызды сигнал саналады. Бұл өз кезегінде инвесторлардың теңгемен бағаланатын құралдарға сенімін күшейтеді», - деп атап өтті Ұлттық банк.
Ұлттық банк валюта нарығында алыпсатарлыққа қатысты белсенділікті және оған араласуға итермелейтін қандай да бір факторларды байқап отырған жоқ.










