Қазақстанның Ұлттық банкі теңге бағамына қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Фото: pixabay.comҚазақстан Ұлттық банкі 2025 жылдың 4 желтоқсанында валюталық нарыққа байланысты ақпараттық хабарлама таратты. Бұл хабарлама АҚШ долларына қатысты теңге бағамының соңғы уақытта нығаюына орай жасалды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық банктің мәліметінше, биылғы қазан айынан бастап теңге бағамы тұрақты түрде күшейіп, бір доллар үшін 499–500 теңге деңгейіне дейін жақсарған. Бұл — шамамен 9 пайыздық нығаю.
Ұлттық валютаның нығаюы қолайлы сыртқы жағдайлардың және дәйекті макроэкономикалық саясат пен инвесторлар тарапынан жақсарған күтулердің үйлесім тапқанын көрсетеді.
Астанада көзге жасалатын оталар МӘМС бойынша жүргізіліп жатыр
Алматылықтар жер сілкінісін сезді
Мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 60 АҚШ долларынан жоғары деңгейде тұрақты сақталып тұр. Сонымен қатар АҚШ Федералды резерв жүйесінің мөлшерлемені төмендету циклі жаһандық доллар индексінің 8,3%-ға әлсіреуіне және жыл басынан бері дамушы нарықтардағы валюталар индексінің 8,3%-ға нығаюына ықпал етті. Осы жағдайлардың аясында дамушы елдердің активтеріне, соның ішінде Қазақстан нарығына деген халықаралық инвесторлардың қызығушылығы жоғары деңгейде сақталып отыр.
Инфляциялық қысымды төмендетуге және макроэкономикалық ортаның болжамды болуын еселеуге бағытталған Үкімет пен Ұлттық Банктің үйлесімді саясаты теңгенің нығаюына айтарлықтай үлес қосты.
Атап айтқанда, Үкімет, Ұлттық Банк және Агенттік 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асырып отыр. Аталған бағдарлама сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті жоюға, бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға, микро- және макропруденциалды реттеу шараларын іске асыруға, халықтың нақты табысын өсіруге және инфляцияны төмендету мен тұрақтандыру арқылы орнықты экономикалық өсімге жағдай жасауға бағытталған.
"Ұлттық Банктің дәйекті шешімдері нарыққа қатысушылардың сенімін күшейтті. Қалыпты қатаң ақша-кредит саясаты инфляциялық күтулердің қайта қаралуына және теңгедегі құралдардың нақты кірістілігін арттыруға себеп болды. Бұл өз кезегінде олардың тартымдылығын, соның ішінде бейрезиденттер үшін едәуір күшейтті.ҚР Ұлттық банкі
Қазан айының басынан қараша айының соңына дейінгі кезеңде бейрезиденттердің ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздарына (МБҚ) салған портфельдік инвестициялары 1,1 млрд АҚШ долларына ұлғайып, тарихи максимум саналатын 3,6 млрд АҚШ долларына жетті. Жыл басынан бері өсім 1,5 млрд АҚШ долларын құрады.
Бұл, өз кезегінде, қисықтың ұзын бөлігінде Қаржы министрлігінің қарыз алу құнын 1 пайыздық тармақтан аса төмендетуге ықпал етті: желтоқсан айында 9 жылдық МБҚ 16,1%-бен орналастырылды (қазанда – 17,2%).
Шетелдік инвесторлар тарапынан шетел валютасының өспелі ұсынысы теңгенің нығаюына тікелей фактор болды. Сыртқы қолайлы ахуал да қосымша қолдау көрсетті.
Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын дамыту бойынша Ұлттық Банктің жүйелі жұмысы – операциялардың ашықтығын арттыру, кірістілік қисығын қалыптастыру, бейрезиденттер үшін қолжетімділік пен есеп айырысу рәсімдерін жетілдіру – нарықтың сапалы негізін қалыптастырып, шетелдік инвесторлардың қызығушылығын қолдап отыр.
Сонымен қатар, ұлттық валютаның нығаюы инфляцияны тұрақтандыруда маңызды фактор саналады. Тұтыну себетінде импорт үлесін ескере отырып, теңгенің нығаюы сыртқы баға қысымының ішкі бағаларға берілуін шектейді.
Осылайша, айырбастау бағамының қазіргі динамикасы экономикалық саясаттың сапасы жақсарғанын және мейілінше болжамды макроорта қалыптасқанын көрсетеді (ақша-кредит және салық-бюджет саясатының үйлестірілуі), соның нәтижесінде жаһандық инвесторлар Қазақстанды оң бағалап, елге портфельдік инвестициялардың келуіне жол ашты.
Ұлттық Банктің бірізді әрі қалыпты қатаң ақша-кредит саясаты баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге берілген маңызды сигнал саналады. Бұл өз кезегінде инвесторлардың теңгемен бағаланатын құралдарға сенімін күшейтеді.
Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбас бағамы режимін сақтайды және теңге бағамының екіжақты қисынды құбылмалылығына жол береді. Валюта нарығындағы жағдай тұрақты бақылауда. Қазіргі уақытта Ұлттық Банк алыпсатарлыққа қатысты белсенділікті және оған араласуға итермелейтін қандай да бір факторларды байқап отырған жоқ.










