Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауғанның асуында от кешкен

Ауғанның асуында от кешкен

Қазақ ұлты өз тарихында көптеген қиындықты бастан кешті, аяусыз шабуылға ұшырады, талай азапты көрді. Соның ішінде зардабы ауыр ауған соғысының жарасы әлі де жазылмады. Талайдың тағдырын тәлкекке салған Ауған соғысы он жылға созылып, қаншама жас қыршыннан қиылып, қаншасы елге дел-сал болып оралды. Сол сұрапыл соғыстың қатеріне бел буып, ел үшін күресіп, жанқиярлық ерліктің ерен үлгісін көрсете білген қазақ жауынгерлері қарасы басым болды. Солардың бірі – «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» сарбаздар қатарында сап түзеген, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, қазалылық азамат Күмісбай Серікбаев. Майдангермен кездесіп, сұхбаттасу сәті түскен еді. Алайда жүректі жауынгерге өткенді еске алып, әңгіме өрбіту оңайға соқпады.
– Сіз қан майданға аттанғаныңызда неше жаста және қандай сезімде болдыңыз?
– Ауған жеріне 19 жасымда,1985 жылдың көктемінде аттандым. Ал оған дейін №216 Қ.Сәтбаев атындағы мектепті тәмамдап, Өзбекстан Республикасының Самарқан қаласына 1983 жылы ауыл шаруашылығы институтына оқуға қабылдандым. 1984 жылы күзде сол жердегі теміржол әскери комиссариатынан Мәскеу маңындағы Горький облысы, Дмитриевский ауданы, Молина поселкесіндегі №06709 артеллериялық полкіне түстім. Мұндағы барлаушылар бөлімінен алдын ала барлау пункті (ПРП-З) ауыр әскери көлігін тізгіндеп, сержант шенін алып шықтым.
Сөйтіп, Ташкентке жетіп, сол жерден Шыршыққа жіберілдік. Шыршықта болған күндерде ауа райына бейімделіп, әскери машыққа дағдыландық. Көп ұзамай Өзбекстанның Термес қаласынан 3 күн жаяу жүріп, Ауғанстанның Хайратон деген қаласына көпке ерген жанымдағы жалғыз досыммен жеттік. Ауған аумағына аяқ басқан сәттен жантүршігерлік оқиғаға куә болдық. Яғни, дұшмандар жаңадан келіп жатқан сарбаздардың сағын сындырмақ ойда тұтқынға түскен бір байғұстың қос құлағын кесіп, қансырата қайтарып жіберіпті. Мұны көргенде жанымдағылардың кейбірінің жанарынан жас, жүректерінен қорқыныш байқалды. Алайда бұған мал сойып, жілігін жіктеп, сүйегін шағып, қанын көріп жүрген қос қазақ міз қақпадық.
Онан соң сарбаздарды күтіп алған орында көп кідірмеген серіктесім екеуіміздің қару асынар қаламыз екі жақта болып шықты. Содан мен Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз қаласына, стратегиялық маңызы бар орынға жалғыз қазақ болып аттандым. Ал ол мүлдем басқа қалаға беттеді.
– Ұрыс алаңында сізге қандай міндеттер жүктелді? Яғни, кім болдыңыз?
–Алғашында аудармашы ретінде алды. Себебі өзбек елінде оқыған соң орыс тілі мен тәжік тілін түсіне білдім. Онан кейін аға барлаушы болдым. Негізі гвардия сержантымын. Содан жақсы қырынан танылғандар қатарынан көрініп, әскери билетке әскери барлау командирі шені жазылды.
– Өткенді еске алып әңгіме өрбіту оңайға соқпасын білеміз. Бірақ сол жылдардан бір оқиға айтып берсеңіз...
–1985 жылы 25 мамыр күні үлкен екі айлық әскери операцияға қатысып, аман шықтық. Ізі суымай Баграмдағы жүзім алқабында он жігіт жау тасасында қалып қойғанымыз бар. Бұған дейінгі әскери дайындықтан өтіп, жоғарыда аталған операцияда жинаған тәжірибеміздің арқасында дереу он жігіт доғалдана жатып, көзге түскен жауды оққа ұшырып отырдық. Алайда сол сәтте үш сарбаз ауыр жарақат алды. Соның бірі мен.
Қуанышымызға орай, көп күттірмей жаяу әскер де жетіп, бізді жағалай жапқан жауды алқаптан қуып шықты.
– Ең ұзақ ұрыс қанша уақытқа созылды?
– Жиырма бесінші мамыр күні арнайы операция болды. Күндізгі 12-де басталған айқас он сағатқа созылып, қаруымыздың басы шоқтай қызса да, кеш қарая діттегенімізге жеттік. Дұшпанның мұнша қызғыштай қорғаштаған орны тау басындағы қару-жарақ қоймасы болып шықты.
– Күмісбай аға, майданға аттанған жауынгердің алғашқы миссиясы ол Отанын қорғау. Ал екінші орында кеудедегі жанын сақтап шығу. Сіздің екінші миссияңызды сәтті, бұлжытпай орындап шығуыңызды сыры неде? Сізді не жігерлендірді?
– Майданға аттанған кез келген сарбаз ажалмен түскен бәсте жанын тігері хақ. Себебі мұнда аяқ басқан жанның ажал құшуы әп-сәтте. Оны өз көзімізбен де көрдік. Кейбірі ұрыс алаңына кірер-кірместен өмірімен қош айтысып жатты. Ал енді келесісі, ауыр жарақат алса да, бүгінгі күнге дейін көрер жарығын көріп келеді.
Бала күнімде әдебиетші апайымыз болатын. Сол кісі маған өмірдегі жолымды айқындауға көмегін аямаған. «Серікбаевич, сен әдебиетші боласың. Кітапты көптеп оқы!» деп қолымды қалың том, бір құшақ кітапқа толтырып жіберетін. Оның белгілі бір кітапты межелеген уақытта аяқтап келуді тапсыратыны тағы бар. Сөйтіп күндердің күнінде, Төлеген Тоқтаров деген Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батыр ағамыздың «Аққан жұлдыз» атты кітабын оқыдым. Онда Ұлы Отан соғысында аса ерлік танытқан батыр ағамыз жайында жазылған. Оған қаныққан мен анама көрсетіп, «Анашым, менде осы ағамдай боламын» дейтінмін. Бәлкім сол бір бала күнгі арманым мен анамның тілеуінің арқасында дін-аман оралдым деп те ойлаймын.
– Бүгінде ауған соғысының ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетіліп жүр ме? Жалпы майдангерлердің жайы қалай?
– Қазір мемлекет ауған соғысының ардагерлерін барлығымен теңестіріп жіберді. Ай сайынғы жиырма екі мың теңге қарастырылған. Бұл шыны керек, қан кешкен сарбаз үшін лайықты емес деп ойлаймын өзім. Себебі сұрапыл соғыстан соң қаншама адам дені сал, кейбірінің тіптен ақыл-есі кеміс болып оралды. Бүгінде олардың жартысынан көбі үйсіз-күйсіз жүр.
Бұған дейін тікұшақпен не поездпен белгілі бір орынға барып келу жылына бір рет тегін қарастырылған еді. Сондай-ақ көптеген орындарда елу процент жеңілдіктер беріліп, құрмет көрсетіліп жүрді. Былайша айтқанда, майдангерлер мәз емес.
– Қазіргі жастардың 50-60 проценті әскер десе, орнынан тұра қашатыны жасырын емес. Сол бір болашақ ел қорғандарын сапта қайта бой түзеуіүшін не істеу қажет деп ойлайсыз?
– Иә, бұл – бүгінгінің үлкен бір мәселесіне айналған тақырып болып тұр. Ақтара берсек, оған да себеп-салдар жеткілікті. Батыс елдеріне еліктеуі, тағысын-тағы бар. Оның үстіне қазіргінің аналары да балаға тым нәзік қарайды. Олай деуімнің себебі бұрынғының аналары ұл туса ерім дейтін. Ал қазіргілер еркем дейді. Бұдан соң қай баланың әскерге құлшынысы болсын.
Бір ғана мысал, кезінде күйші Құрманғазы атамыз зынданға айдалып бара жатып, анасын көріп көзіне жас алады. Сонда оны көрген Алқа анамыз: «Мен ұл таптым деп жүрсем, жасық неме екен ғой туғаным. Кімнің алдында көзіңнің жасын шығарып тұрсың», – деп бетінен тартып жібереді. Осыдан кейін Орал қаласындағы темір торда отырған Құрманғазы өз қатесін түсініп, «Қайран шешем» атты күй шығарған. Күйді тыңдаған болсаңыз, ол баяу басталып, бірте-бірте әсерленіп, шабыттана төгіледі. Ол дегеніміз анасының шапалағы емес сөзі ауыр тиіп, күйшіні жігерлендірді деген сөз.
Жастарға айтарым, қиындықтан ешқашан қашпаңыздар. Біле білсеңіздер ең қымбат кристал үлкен қысымның нәтижесінде сондай көркі көз тартар, керемет болып шығады. Сол секілді кез келген қиындықтың өз жемісі бар. Сол үшін әскерден жалтармаңыз. Онда сіз шымыр болып шығасыз. Онымен қоймай әрбір ер азаматтың парызы Отан ананың алдындағы борышыңызды өтейсіз. Ал әскерден қашқаның – Отаныңды, отбасыңды, бауырларыңды, еліңді сатқаның.
– Осынау мереке қарсаңында барша қазалылықтарға жылы лебізіңізді білдірсеңіз...
– Тәуелсіз мемлекетіміздің айбынды мерекесі – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еңсеміз биік, мерейіміз үстем болсын. Отанға адал, елге қайырымды, отбасына мейірімді болыңыздар. Жүректеріңіз оттай лаулап, жандарыңыз әрдайым жас болсын. Қайратты, мақсатты болыңыздар. Ешқашан соғыс бомласын. Төбемізде тек бейбітшілік құсы қалықтағай.
– Әңгімеңізге көп рахмет!


Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА
06 мамыр 2023 ж. 591 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 110

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930