Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауғанның асуында от кешкендер

Ауғанның асуында от кешкендер

Қызығы балалықтыңтарқамаған,
Кезінде әр ауылдан,
әр қаладан.
Аттанып қан майданға
сендерсің ғой,
Соғыстың бар азабын
арқалаған.

Бұл жыр жолдары жауқазын жастық шағының жарқын кезеңiн оқ пен оттың ортасында өткiзген жандарға арналады.
Тура тоғыз жыл, он айға созылып, мыңдаған адамның өмірін өзгертіп, қаншама қайғы әкелген Ауған соғысына Қазалыдан аттанған 69 азаматтың 28-і ортамызда. Ардагерлер – Айдар Әлиев, Жаңабай Алмағанбет, Ғабиден Тәжібеков, Қайрат Ілиясов, Болатбек Өмірзақов және Жеткерген Жолтаев Қазалы қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектепте оқушылармен кездесті. Бұлардың барлығы да аталған білім ордасының түлектері.
Алдымен Ауған соғысы ақиқатымен бейнеролик арқылы танысқан оқушылар ардагерлерге сұрақ қойып, естеліктер тыңдады. Алғашқылардың бірі болып майданға аттанған Ғабиден Тәжібеков: «Соғысқа барасыңдар деп ешкім ештеңе айтпады. Бір күннің ішінде ойламаған жерден алып кетті. Біз жат жерге әуе арқылы кірдік. Тапсырылған тапсырманы орындадық. Қиындықпен талай рет бетпе-бет келдік. Ұрыс даласында қоршауда қалған машинаны алып шыққан ерлігімді ескеріп, «Ерлігі үшін» медалін берді. Қандай сәт болмасын жараланған жолдасымызды жарты жолда қалдырмайтынбыз. Ата-анамызға 4-5 айда бір рет хат жазатынбыз. Тіпті мен қайтыс болды деп ойлап, қоштасып та қойған екен», – деді өткен күнді еске алып.
«Ауғанның асуында от кешкендер» тақырыбындағы кездесу кешінде шәкірттер ардагер ағалардың құрметіне ән арнап, күй тартты. Жас ақындар арнау өлеңдерін оқыды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
12 ақпан 2019 ж. 2 500 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930