Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бастысы – қарапайым қағидаттарды ұстану

Бастысы – қарапайым қағидаттарды ұстану

«Балам ауырып қалды». Бұл қазіргі таңда ата-аналардың жиі айтатын сөзіне айналды. Шынында да жөтеліп, іші өтіп, дене қызуы көтеріліп жатқан бала саны артқан. Оны дәрігерлер де растап отыр. Осы орайда Қазалы ауданаралық ауруханасына барып, балалар бөлімінің меңгерушісі Болтай Серікқызына көптің көкейінде жүрген сауалдарды қойған едік.
– Болтай Серікқызы, қазіргі таңда ауруханада қанша бала жатыр?
– Ауа райының да өзгеруіне байланысты науқас саны артып отыр. Негізі аурухана 20 орынға арналған. Қазіргі таңда 46 науқас жатыр. Екі баласымен жатқан аналарда бар. Барлығын сыйдыруға тырысудамыз.
– Күніне қанша балаға дейін түсуде? Олардың көпшілігі неше жастағылар?
– Он науқасқа дейін түседі. Көбіне 1 мен 3 жас аралығындағы балалар арасында ауру көбейіп тұр.
– Салыстырмалы түрде қандай ауру белең алып отыр?
– Балалардың ауру белгілері ұқсас. Шағымдары – дене қызуының түспеуі, іш өту, жөтел, өкпедегі сырыл. Яғни, тыныс жүйесі аурулары өте көп.
– Балалардың аурушаңдығына не себеп деп ойласыз?
– Қазіргі таңда жасанды сүт қоспасын пайдаланатын аналар қатары артқан. Сонымен бірге тез дайындалатын, фасфуд өнімдері дейміз ғой сол тағамдарды балаларға беруге мүлде болмайды. Аналар салауатты өмір салтын сақтауды бірінші кезекке қоюы керек. Әсіресе, сырттан келгенде қолды сабындап жуып жүрген дұрыс. Терезені ашып, үйдің ауасын жиі желдетудің де пайдасы бар. Баланың иммунитетін көтеру аса маңызды.
– Тарқата айтып өтсеңіз, иммунитетті қалай көтереміз?
– Оның еш қыиндығы жоқ. Бір жасқа дейінгі балаларды ана сүтімен жиі тамақтандыру қағидасын сақтау керек. Таза ауада серуендеудің де пайдасы зор. Көктем, қыс айларында иммундық жүйені қалыптастыру үшін витамині, белогы мол тамақтарды жегізу аса маңызды.
– Балада тыныс жолдарының аурулары басталған сәтте үй жағдайында қандай ем қолданған жөн?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, баланы жиі-жиі емізген дұрыс. Ал омыраудан шыққан бала болса, жылы сұйықтықты көбірек ішкізу керек. Құнарлы тамақтандырып, мұрнына оксалин майын жағу қажет.
Сонымен қатар вирусқа қарсы перпаратты пайдаланып, витаминдік терапаия жүргізген жөн. Тезірек дәрігердің кеңесіне жүгінген абзал.
– Кейбір балада дене қызуы көтерілген сәтте тырысу (судороги) ұстап қалып жатады. Осындай сәтте жедел жәрдем келгенше қандай алғашқы көмек беру керек?
– Тырысу басталған сәтте тез арада терезені ашып, қысып тұрған киімді босату қажет. Баланы сол қапталмен жатқызып, үстіңгі қолын басының астына қойып, үстіңгі аяғын, яғни тізесін бүгіп жатқызу керек. Тілі кетіп қалмауы үшін қасықпен тілін басып ұстаған жөн. Бұндай жағдайда жедел жәрдем міндетті түрде шақырылуы керек.
– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Аурудың алдын алуда ата-анаға қандай кеңес бересіз?
– Тағы да айтамын ең бастысы – салауатты өмір салтын ұстану. Құнарлы тамақтану, таза ауаға баланы шығару. Бала тоңады деп үйге қамай берудің қажеті жоқ. Керсінше жылы киіндіріп, жас шамасына қарай белгілі уақытпен далада жүргізу керек.
Ең өкініштісі, ата-ана балаға тамақ берерде талғамайды. Яғни, өздері жеп отырған фасфуд өнімін балаға да ұсынады. Ол өте зиян. Газды сусындардың да денсаулыққа әкелер кесірі көп. Ата-аналарға осындай қарапайым қағидаттарды ұстану арқылы ұл-қызымыздың денсаулығын жақсартатынмызды ұмытпайық дегім келеді.
– Кеңестеріңізге рақмет.
Сұхбаттасқан,
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

18 қазан 2022 ж. 467 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 84

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930