Ғалымдар неге пандемияны тоқтата алмай отырғанын айтты
Түрік ғалымдарының зерттеуінше, ауру белгілері байқалған адамдардың ағзасына қарағанда, ауру белгілері байқалмағандардікінде SARS-CoV-2 вирусының мөлшері көп. Сондықтан әлем елдері қанша локдаун мен шектеу шараларын ұйымдастырса да, вирусты тоқтата алмай отыр, деп хабарлайды Infection журналы.
Ғалымдардың айтуынша, 19-шы ковидтің өзге коронавирустардан айырмасы да сол – ауру белгілерінің байқалмайтыны. Вирус жұқтырған, бірақ белгілері жоқ науқастар да вирусты таратып жүре беретіні белгілі. Не дене қызуы, не жөтел болмайды. Бірақ түрік ғалымдарының зерттеуінен шыққан нәтижені ешкім жорамалдамаған да еді.
Яғни, түрік ғалымдары ауру белгілері жоқ адамдағы коронавирустың мөлшері өте көп болатыны әрі оны анықтау қиынға соғатынын айтады.
"COVID-19 – күрделі, бас қатырар, қиын пазл. Оның табиғатын толық тану үшін вирусологиялық, иммунологиялық зерттеулер қажет. Соның арқасында жалпы жағдайды анықтай алар едік. Біздің зерттеу ауру белгілері асқынған сайын, ағзадағы вирус мөлшері керісінше, азая бастайтынын анықтады", - дейді түрік ғалымдары.
Ғалымдардың ойынша, коронавирустың табиғаты өте жұмбақ, қазіргі жүргізілген зерттеулердің барлығы шынайы картинаның тек бергі жағы ғана.