Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бақытжан Жарылқап: Мәслихат атқарар жұмыс көп

Бақытжан Жарылқап: Мәслихат атқарар жұмыс көп

Естеріңізде болса, екі жыл бұрын халық қамын ойлайтын, олардың талап-тілегін іске асыруға құлықты көптеген азамат праймеризге қатысқан еді. Оның ішінде бағдарламасын халыққа насихаттап, көбірек қолдау тапқандардың 15-і Қазалы аудандық мәслихатының VIІ шақырылымына депутат болып сайланды. Халық қалаулыларының 13-і қазіргі аты ауысқан «Amanat», екеуі «Ауыл» партиясынан ұсынылды. Көзкөргендер іріктелген әр саладағы мекеме басшыларын, өз ісінің білгір мамандарын мақтап, депутаттық корпустың сапалылығын арттырады деп санаған. Ал олар бүгін сенім үдесінен шығып, сайлаушыларға берген уәдесін орындап жүр ме? Осы жайында бірер күн бұрын аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқапты әңгімеге тартқан едік.

– Бақытжан Дүзелбайұлы, депутаттардың құрамы жаңарғанына аз уақыт өткен жоқ. Халықтың қалаулылары өздеріне мандатты сеніп тапсырған сайлаушылардың игілігіне қандай мәселелерді шешті?
– Әлбетте, депутаттардың сайлаушылармен байланысы тұрақты жолға қойылған. Олар сайлау алдындағы бағдарламаларының орындалуы туралы халық алдында есеп беруге міндетті деп санаймын. Соның дәлелі, осы жылдың наурыз айында депутаттар қала, кент, ауылдық округтерді аралап, сайлаушылармен кездесу өткізді. Ауылдағы ағайынның жиі ұшырасатын қиындықтарын тыңдап, жүзге жуық ұсыныс-пікірді тізімге алдық та, сол бойынша жұмыс істедік. Жіктеп айта кеткен дұрыс, 41 ұсынысқа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бақылаудан алынса, 30 ұсыныс орындалды. Қалған 29 ұсынысқа қаржы көздерін қарастыру үшін тиісті атқарушы органдар тарапынан бюджеттік өтінім берілді. Жоғарыдан қаржысы шешілуіне қарай тұрғындарды мазалаған бұл сұрақтарға да нүкте қойылады.
– Қазіргі күні статистикалық мәліметтерге бұқараның сенімсіз қарайтынын білеміз. Сіздің ықпалыңызбен сессия отырысында қаржысы шешілген жайттар туралы тарқатып бере аласыз ба?
– Көп саланың ішінен бір мәселе шешілсе, бұл алдымен халықтың бастамасы екенін ұмытпауымыз керек. Олар қоғамды өмір сүруге ыңғайлы етуге бағытталған ұсынысын, мұң-мұқтажын бізге айтады. Біз мұны жергілікті атқарушы орган өкілдеріне жеткізіп, келісе отырып, іске асыруды мерейлі міндет санаймыз. Дәл осындай реттілікпен Бірлік ауылындағы «Нарман» каналының төлқұжатын жасаттық. Біле білген адам, мұның каналды бабында ұстауға қалай әсер ететінін түсінеді. Бұдан бөлек, Бозкөл ауылындағы Мамытов көшесін жарықтандыруға біркісідей жұмылдық. Сол сияқты Ү.Түктібаев тұрғындарының тілегіне сәйкес, миллион теңгеге жуық қаржыға ауылдық клубты видеопроектормен қамтыдық, ауыл әкімдігінің алдына пандус орнатуға ықпалдастық.
Халықтың талап-тілегін негізге алып, Байқожа стансасындағы Байділдаев көшесін жарықтандыру, №249 мектеп-лицейдің автотұрағын кеңейту, Қазалы спорт клубының жылу жүйелері мен бу қазандығын жөндеу, Жалаңтөс батыр ауылындағы «Қызыл-ой» көшесін жарықтандыруға қомақты қаржы қараттық. Бұдан басқа ел ішіндегі күрмеуі қиын мәселелердің шешімін табуда халық қалаулылары қалыс қалмай келеді. Жыл соңына дейін алға қойған межелі жоспарымыз бар. Түгел іске асса, сайлаушылардың дән риза боларына сенім мол.
– Өзіңізге белгілі, аудан әкімі Президент пәрменіне сай, тоқсан сайын халық алдында іске асқан жұмыс жайында есеп береді. Сондай сапарларда сізді де жиі байқап жүрміз. Мәслихат хатшысына әкімге еріп жүру міндеттелген бе?
– Ашығын айтайық, мұндағы негізгі мақсат ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне құлақ түруде жатыр. Әкімнің есепті кездесуінде тұрғындар бұрын естімеген мәселелерді көтеруі мүмкін. Азаматтарды алаңдатқан жайттың қаншалықты тереңдігін түсініп, оны шешу жолдарын бірге талқылау үшін кездесуде депутаттардың да болуы маңызды деп есептеймін. Бұдан бөлек, қазан-қараша айларында аудандық мәслихат депутаттары елді мекендерді аралап, сайлаушылармен есепті кездесу өткізуді ойға алып отырмыз.
Әлгінде жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту мәлсихаттың құзіретіне кіретінін айттым. Жылдық бюджет тиісті аумақты басқарудағы және оның тіршілігін жүргізудегі негізгі құжат саналатындықтан жыл ішінде түрлі себептерге байланысты оны нақтылап отыру қажет.
Аудандық мәслихат депутаттары мәслихат сессияларының қарауына ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды бекіту барысында әрдайым атқарушы органдармен ұғынысып, елдік мүддеге сүйеніп, шешім қабылдап отырады. Бірлесе қабылданған шешім нәтижесінде Жанқожа батыр ауыл орталығындағы көне саябақ қоршалды. Бозкөл-Тасарық автожолын қайта жаңғырту ісі біржақты етіліп, «Қожабақы-Бекарыстан би автомобиль жолын орташа жөндеу жобасы бойынша сараптама мәселесі шешілді. Бұл аз десеңіз, Қожабақы ауылынан спорт кешенін тұрғызу үшін сараптама құжаттарына 4 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, Бірлік ауылындағы спорт алаңы жөнделіп жатыр.
Аудандық мәслихатта бүгінге дейін 3 кезекті және аудан әкімі мен қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің ұсынысына сәйкес 4 кезектен тыс сессия шақырылды. Сессияда депутаттардың дауысқа салу қорытындысымен 61 шешім қабылданып, олардың ішінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына байланысты 7 шешім мемлекеттік тіркеуден өтті. Солардың ішінде 2022-2024 жылдарға арналған аудандық және аудандық маңыздағы қала, кент, ауылдық округ бюджеттері бекітіліп, оларға 2 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
– Халық қалаулылары жергілікті мәсе­лелерге байланысты қаулы қабылдайтынын білеміз. Мұның қаншалықты күші бар? Құжат қандай қиындықтарға байланысты қабыл­данады?
– Дұрыс айтасыз, депутаттар аудан көлеміндегі өзекті мәселелерді сессия мен тұрақты комиссия отырыстарының күн тәртібіне енгізіп, шешу жолдарын іздеуге араласады. Құрылыс, жолдардың жөнделуі, олардың сапасын жақсарту бағытында бірқатар шараларды жүзеге асырады. Халық қалаулылары облыстық мәслихаттың сессияларында қаралатын мәселелерге байланысты құрылған комиссия құрамында да белсенділік танытып, ұсынылған мәселелердің оң шешімін табуға ықпал етіп келеді.
Аудандық мәслихаттың құрамында 3 тұрақты комиссия жұмыс жасайды. Тұрақты комиссиялар отырыстарында сессияда қаралатын мәселелерді алдын-ала талқылаумен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін және халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына септігін тигізетін маңызды мәселелерді талқылайды. Жыл басынан бері осындай 11 іс қаралып, дауысқа салу қорытындысымен қаулы қабылданды. Оларға қысқаша тоқтала кетсек, Әйтеке би кенті бойынша қоршаған ортаны қорғау, көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалығы, жастар саясатының жүргізілуі және алдағы атқарылатын жұмыстары, Қызылқұм және Сарыбұлақ ауылдық округтерінің кәсіпкерлікті дамыту, білім бөлімінің атқарған жұмыстары және ҰБТ дайындығы, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жыл ішінде атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттеріне байланысты талдау жүргізіліп, саладағы қиындықты еңсеру бағытында тапсырма берілді. Олардың басым бөлігі бүгінге дейін орындалды десем қателеспеймін.
– Қазіргі депутаттар корпусы кәнігі кәсіпкерлер мен лауазымды басшылардан құралғаны жасырын емес. Олардың әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жиі қолұшын созатыны да осыдан болар. Биыл қалаулылар қайырымдылыққа қалай араласты?
– Депутаттар ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, демеушілік көмектерін көрсетіп отырады. Дарынды жастардың түрлі спорт жарыстарына, өнер байқауларына қатысуға демеушілік танытып, тұрмысы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек беріп, балалардың жазғы лагерге баруына жәрдемдесіп келеді. Мәселен, кент орталығындағы медресе құрылысына, Жанқожа батыр көшесінде тұратын бірнеше тұрғынға қаржылай көмек көрсетілді. «Мектепке жол» акциясы және Балалар жылы аясында жеткіншектердің оқуға қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып берген депутаттар да аз емес. Қазақта «оң қолың бергенді сол қолың білмесін» деген тәмсіл бар. Олардың атын атап, түсін түстемеуді меценаттардың өздері сұраған. Көмекке мұқтаж жандардың да аты-жөнін көрсету әбестік болар.
– Әлеуметтік желіден депутаттардың «Amanat» партиясының филиалында тұрғын­дарды қабылдап жатқан жазбасын жиі байқаймыз. Не мәселе шешіліп жатыр?
– Мәслихаттың негізгі жұмыс қағидасы оның ашықтығында. Депутаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларының орындалуы, сайлаушылармен байланысы, сессия, тұрақты комиссияда қаралатын мәселелер туралы халықты хабардар ету мақсатында аудандық мәслихаттың сайты мен парақшасында, жергілікті баспасөз беттерінде хабарландыру жарияланып келеді.
Алдын ала бекітілген кестеге сәйкес аудандық мәслихат депутаттары тоқсанына бір рет «Amanat» партиясының ғимаратында 28 жеке қабылдау өткізіп, 70 өтініш тіркелді. Олардың 33-і оң шешімін тауып, 37 өтінішке түсініктеме берілді.
Сонымен бірге, жыл басынан бері аудандық мәслихат хатшысында 15 азамат жеке қабылдауда болды. Олардың 10-ы шешіліп, қалған 5 тұрғынға қолданыстағы заң талаптарына сәйкес түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, осының арқасында 2 адам ақылы қоғамдық жұмысқа орналасты. Бір азамат тұрақты табыс көзін тапса, тағы біреуі жастар практикасына жіберілді.
– Жыл басында депутаттар рейтингісі туралы сіздерге хат жолдаған едік. Президент тапсырмасына сәйкес, халық қалаулыларының жұмысына баға беріліп жатыр ма?
– Мемлекет басшысы 2021 жылдан бастап барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттарын кешенді түрде бағалау бойынша электронды платформа алғаш рет пилоттық режимде іске қосуды тапсырды. Қазіргі күні депутаттардың рейтингісін қалыптастыру ережесі әзірленіп, ақпараттық жүйе құрылды.
Депутаттық рейтинг партиядан сайланған депутаттардың қызметін жандандыруға, халықпен кері байланысты күшейтуге, сайлауалды бағдарламалардың орындалуына серпін береді деп айтуға болады. Жоба толығымен іске қосылып, жария форматта жұмысын бастағанда кез келген сайлаушы халық қалаулыларының жұмыс барысымен танысып, өздерінің толғандырған сұрақтары мен өзекті мәселелерді шешу үшін жауап алуға мүмкіндік туады.
Халық қалаулысы атанып, сайлаушылардың сенімін иеленген аудандық мәслихат депутаттары жергілікті жерлерде орын алып отырған көкейтесті мәселелерді атқарушы органдар алдында көтеріп, шешімін табу жолында аянбай еңбек етуі тиіс. Сондықтан аудандық мәслихат депутаттары атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, Президентіміздің тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына атсалысып, аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек.
– Тың мәліметтер үшін ризашылық білдіремін!

Әңгімелескен
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
06 қыркүйек 2022 ж. 461 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031