Мәслихат депутаттары мәселе көтере ме?
Ашығын айтайық, елдегі депутаттардың халық алдындағы абыройы асып-тасып тұрған жоқ. Анау астанадағы халық қалаулыларының жиын үстінде ұйықтап отыруы, Үкімет талқыға салған Заңды бірауыздан талқылаусыз қабылдай салуы жұрттың қитығына тиеді. Сонымен бірге мақтау мен мадақтан алдына жан салмайтындардың Заң шығаруға қатысатын куәлік алуы оларға деген сенімсіздікті үдеткені бар. 16 наурыздағы Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та халық қалаулыларына байланысты біраз мәселенің ара-жігін ашып айтты. Әсіресе жиында елдің мұң-мұқтажы жайында жақ ашпайтын, ұлт мүддесіне жұмыс істеуге қауқарсыздарды сынады. Мұндай депутаттар аудандық мәслихат қабырғасында жоқ десек, Мемлекет басшысының сөзіне негізсіз қарсы келген болар едік.
Қазалы ауданында бірер жыл бұрын 15 депутатқа мандат берілді. Әдеттегідей 13-і қазіргі «AMANAT», екеуі «Ауыл» партиясының мүшелері. Мәслихаттың хатшысы болып сайлаудан кейін Бақытжан Жарылқап бекітілгенін жақсы білеміз. Жақында Б.Түзелбайұлына өткен жыл ішінде депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер мен әріптестері тарапынан мақұлданған немесе қараусыз қалған сауалдардың саны көпшілік қызығушылығын тудырып отырғанын хабарладық. Ізін ала, олардың праймериздегі жұмыс жоспары қаншалықты іске асып жатқаны мен белсенділігі жоғары және төмен депутаттардың атын атап, түрін түстеп беруін сұрап, хат жолдадық. Толық жауап алмасақ та, редакцияға ішінара ақпарат келіп түсті.
Сәл бұрынырақ Президент тапсырмасына сәйкес депутаттық корпус құрамы жаңару керек болған. Сонымен бірге сайлауда жастар мен нәзікжандылар үлесін арттыру міндеті тұрды. Аудандық мәслихат сол жылы бұрынғы қалаулылардың 30 процентін ғана қайта өткізген. Елдік іске тағы үш әйел тартылған болды да, мемлекет басшысының пәрмені орындалды. Шын мәнінде қазіргі депутаттық корпуста «сен тимесең – мен тиме» Мекеме Басшылары мен жыл көлемінде бір-екі қабылдау өткізуден әрі аса алмаған мандат иелері отыр. Әрине, барлығын бірдей елдік мәселе көтере алмайды деп айта алмаймыз. Алайда біразы мәслихаттағы жиынға тек «келісемін» деген дауыс иесі екенін көрсету үшін келеді. Сондай қалаулылар Қазалыда қордаланған мәселелерді шешуге қаншалықты атсалысып жатыр? Бақытжан Жарылқап тұрғындар тілегінің 75 проценті орындалғанын айтты.
– Мәслихат депутаттары өткен жылдың 8-15 ақпан және 11-20 қазан аралығында қала, кент, ауылдық округтерді аралап, сайлаушылармен кездесу өткізді. Кездесу барысында сайлаушылар тарапынан барлығы 209 ұсыныс-пікір жинақталып, 156 ұсыныс толық шешімін тапты. Қалған 53 ұсынысты орындау үшін бюджеттік комиссияға өтінім беріліп, кезекке қойылды, – деді мәслихат хатшысы.
Қазалылықтар мәслихат алдында нақты қандай мәселе қойғаны көрсетілмеген хатта бүгінге дейін мандат иелері 36 ұсыныс көтергені көрсетілген. Оның 31-і қолдау тапқан. Демек 15 депутат бір жыл, үш айда жан басына шаққанда бірлі-жарым ғана мәселе қозғаған. Ал ауданда күрмеулі қиындықтар соншама аз ба еді? Жастардың жұмыссыздығынан бастап, баспанасыз жүргендердің жоғын жоқтайтындар табылмағаны ма? Бұл сұрақтардың жауабы хатта: «Депутаттар әрдайым халықтың әлсіз топтарына, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созып отырады» деп басталыпты. Жұрт мұңын мінберге шығып мәлімдемесе де, әлсізге жәрдем болып жүрген кәсіпкер депутаттардың жақсылығын да айта кеткен жөн.
– Қасиетті Рамазан айында тұрмысы төмен отбасындағы жалғызбасты анаға аудан жастарының бастамасымен салынып жатқан тұрғын үй құрылысына мәслихат депутаттары қаржылай көмек берді. Covid-19 індетімен ауырған науқастарға шұбат алып берілді. Тұрмысы төмен отбасы балаларының лагерге баруы үшін әрбір депутат бес баланың ПТР тесттен өту ақысын төлеп берді. «Мектепке жол» акциясы аясында балалардың оқу құралын алуға, қаңтар оқиғасы кезінде тоқтап қалған пойыздағы жолаушылардың мұқтажын өтеуге атсалысты, – делінген хатта.
Ақыры айтқаннан кейін, мәслихат хатшысы осы уақытқа дейін атқарушы органға жолдаған үш депутаттық сауалына да тоқтала кетейік. Алғашқысы, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі» туралы жасалған. Бұл жайында бізге белгілісі – хаттың жолданғаны, жауабы берілгені. Шын мәнінде, МӘМС-тің айналасында жұрт түсінбейтін түйіткіл баршылық. Сайлаушыларға пайдасы тиген болар деп сендік. Екіншісі – «Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атағын беруге қатысты. Мұнан қарапайым тұрғындарға келіп-кетер пайда жоғы түсінікті. Соңғысы, кент орталығында көлік кептелісін болдырмауға байланысты Әйтеке би мен Жанқожа батыр көшелерін бір бағытты ету үшін аудан әкімі М.Оразбаевқа жолданған ұсыныс. Көзі қарақты оқырман қауым соңғы тақырыптың «Қазалы» газетінде тұрақты көтеріліп келе жатқанын жақсы біледі. Қорыта келе, халық қалаулыларының атқарушы орган өкілдеріне тұрғындардың өзекті мәселелерінен хабар бермейтінін ұқтық.
Бұдан бөлек, жеке қабылдау, бюджетті мақұлдау, ұсынысты ескеру, мәселені шешуге ықпалдасу сияқты депутаттар бітірген «шаруа» көптеп көрсетілген. Мұны жоққа шығармаймыз. Бірақ біткен немесе басталған жобалардың көпшілігі жергілікті атқарушы органның күшімен іске асып жатқанын мойындау керек. Аудандағы әрбір іске «депутаттар ұсынысымен» деген тіркесті жалғау – басқаның маңдай терін өз бетіне көрінеу жағып алғандай көрінетіні бар емес пе?!
Президент тапсырмасына сай, бұдан былай сессияға қатысқанынан басқа бітіріп жатқан ісі жоқ халық қалаулылары депутаттық корпуста болмауы
керек. «Мұндай азаматтардың аты-жөнін біреу білсе, ол – мәслихат хатшысы болар» деген едік. Бірақ олардың белсенділігін бағалау мәслихат хатшысын көп алаңдатпайтын секілді.
– Сіздің хатыңызда көрсетілгендей белсенділігі жоғары және төмен депутаттардың аты-жөні туралы сұрақ бойынша әрбір депутаттың өзіне тікелей жазбаша хат жолдап сұратқаныңыз жөн деп есептеймін. Халық қалаулыларына «Біреуі жоғары, біреуі төмен» деп баға беру мәслихат аппаратының құзіретіне кірмейтінін хабарлаймын, – деді Б.Түзелбайұлы.
Мандаты бар тұлғалардың түйіткілді мәселелер көтеріп, елдік істі шешуге қауқар-қабілетін басқа кім білуі мүмкін екенін таба алмадық. Мәслихат хатшысының кеңесіне сүйеніп, әрбір депутатқа хабарласып көруге бекінген едік, райымыздан тез қайттық. Әрі-беріден кейін «белсенді емеспін»» деп, шындыққа тура қарайтындарды табу құм арасынан ине іздегенмен бірдей екенін білдік. Алайда дәл қазір ел-жұрт мұңын айтуда «белсендімін» дейтін депутатты да таба алатынымызға күмән бар.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ