Тарихына сусап қалған халықтың ынтасы ерекше
Көрнекті жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, жерлесіміз Молдахмет Қаназ – 80 жаста. Жазушының «Түркістан» газетіне берген сұхбатын басылымымызға жариялап отырмыз.
Сіз әдебиетке ең алғаш ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі балалар өмірін арқау еткен шығармалармен келдіңіз. Әдеби ортадан да, оқырман қауымнан да жақсы бағасын алған бірнеше хикаятыңыз жарық көрді, дегенмен одан кейінгі дәуірде ересектерге арналған әңгіме, повестер жазып келесіз. Балалар мен жасөспірімдердің бүгінгі өмірі туралы жазу ойыңыз жоқ па?
– Әдеби ортаға «Чикамен» түскендіктен болар, көбіне маған сауалдар осы тараптан келеді.
Ең алғаш, ұмытпасам, 3-курста «Қызыл көйлек» деген әңгіме жазғам. Институттың әдеби үйірмесінде талқыланып, Керімбек Сыздықов ағайымыз жетелеп алып барып, облыстық радиодан оқытқан. Мұғалім кезімде «Сонар» деген повесть жазғам.
1971 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік шығармаларға әйгілі жабық конкурс жарияланды. Енді ой түсіп, өзімнің азғантай көрген-білгендерімді қазбалағам. Тырнаққа ілінетін бірдеңе бар тәрізді. Мені қатты қинаған болашақ шығарманың пішімі болды. Содан ойлана, толғана келе осы ықшам пішінге мықтап тоқтадым. Оның үстіне шығарма бірінші жақтан баяндалады, демек, өріс шектеулі. Қалайда жас оқырманның қабылдауына оңтайлы болуы керек. Қазалыдан жазу машинкасы табылмай, Аралға барып бастырғам. Шығарма үшінші орынға іліккенін білесің. Титімдей повесть жалғыз қалды. Өзім көрген, түйсінген жайттарды одан әрі қазбалап едім, «Ақ тайлағым-ай» шықты. Кітап шығаруға бұл да аз. Кейін «Қияндағы күн нұры» жазылды.
Бұлардың барлығы да өзің айтып отырғандай, соғыс кезіндегі жайттар. Балаға трагизм жүрмейді. Олардың ұғымына сыйымсыз. Кішкентайларды тұңғиыққа итерудің қажеті де жоқ. Сондықтан бұл повестердің барлығы титімдей болса да үмітті оптимизммен аяқталады. Бәрібір бала үшін ауыр тақырып. «Арғы ауыл мен бергі ауылдың балаларының» жазылу себебі сол. Кішкентай оқырмандарды сергіту. Тура мағынасында бір шығарма ендігі бір шығармаға жетелеп әкелді. Кейін Кеңес үкіметі кезінде балаларға «Ақ қанат», «Жайлауы келісіп жатқан бейғам батыр Бидастың жайбасар майтабан қолбасшы бастаған сарбаздар мен Асаталасат атты күлегеш аждаһаға не себептен аттанғаны жайлы» екі ертегі жазылды. Сонымен біздің балаларға арналған шығармаларымыз тәмам. Бұл жайттарды еске алып отырған себебім – мен балалар жазушысы емеспін. Адам балалар жазушысы болып туады, дүниеден балалар жазушысы болып өтеді. Өзге де себептерін тізбей-ақ қоялық, мен бүгінгі балалар мен жасөспірімдерден алыстап кеткенмін. Оның үстіне бұлар – қалада өскендер. Көп жайтқа қанық емеспін.
Өздерің «Бидас батыр» дайын тұрған мультфильм деп айтқансыңдар да. Пәленбай жыл болды, бұл тараптан хабар болған емес. Айтпақшы, осы ертегінің Фариза «әдемі» деп қол қойған алғашқы нұсқасы менде сақтаулы тұр.
Әсіресе, бүгінде балалар әдебиетінде қалған үлкенді-кішілі қаламдастарыма ілтипатым зор. Олардың еңбектері адал, қандай да құрметке лайық.
– Көркем прозадағы жетістіктер қаламгер дарынының ғана емес, көп оқу мен үздіксіз ізденудің жемісі екені белгілі. Сіз әңгіме жанрын игеруде неге сүйендіңіз, сізге қайсы ел қаламгерлерінің шығармашылығы әсер етті? Қазақ әңгімесінде өз қолтаңбаңызды қалыптастыру жолында қандай эксперименттерге бардыңыз?
– Ешкімнен де үйренген емеспін десем, Алла алдындағы күнә, адам алдында ұят. Мектепте екі пән: қазақ әдебиеті мен тарихқа ынталы болдым. Институтта әдебиеттен көзімді ашқан Әбіш Байтанаев деген ісіне берілген кеңқолтық қазақы ағайын. Одан әрі орыс классиктері оқытыла бастады. Сәл көз ашылған соң өз бетімізше ізденіп оқи бастадық. Барынша ықшамдап айтқанның өзінде Л.Толстой, И.Тургенев, А.Чехов, К.Бунин, Пришвин, Достоевский, Булгаков, И.Бальзак, Эмил Золя, Сартр, Мопассан, Джек Лондон, Марк Твен, Хорхе Луис Борхес, Альбер Камью, Хулио Котасар, Андерсен Миксе, Хэмингуэй, Роулинг, Мо Янь болып кете береді. Осы тұлғалар бір қазанға түскенде сорпа бетіне қайсы халық шығар еді? Онысын екеуміз де білмейміз, мен де дәп басып айта алмаймын.
Орыс әдебиетінен маған ең жақыны – К.Паустовский. Бұл жазушыға ауық-ауық оралып тұрамын. Ал қалғандары көңіл күйге байланысты. Жазу үстіндегі ең басты мақсатым – қалай да ойыма алғандарды асқақтатпай, дабыралатпай, тым келте де қайыр май мазмұнды көтере алатын дәрежеде орындап шығу. Қай маңда жүргенімізді анықтау – сыншылардың шаруасы.
– Бізде өткен ғасырдағы (қазір де бар) жазушылардың арасында тарихи та-қырыпқа қалам тербемеген жазушы аз. Сіздің «Кек» повесіңізден өзге шығарма-ларыңызда тарихи тақырыпқа бару жоқ есебі. Бұны қалай түсіндіресіз, тарихи тақырыпта шығарма жазудың қиындығынан қашасыз ба әлде басқа себептері бар ма?
– Әр сөзіңе қарауыл қарап отырған Кеңес дәуірінде, оның үстіне тарихшы да емес, әдебиет пәнінің ботатірсек мұғалімінде соншалық ауыр, соншалықты жауапты шаруаға кірісіп кететіндей жүрек пен тәжірибе қайдан болсын. Әрине жазылмайды. «Кекті» «қазаннан» қақпақ кетіп, жазармандар жамырай бастағандықтан соларға ескерту болар деп еріксіз жазғам. Алайда тоқтау болған жоқ. Дайын тақырыпты қалпақпен ұрып алатын дәлдүріштер құрамы молайып кетті.
Атамзаманнан арпалыста келе жатқан қазақтың бас бұйдасы өзіне тиген соң тарихына сусап қалған халықтың ынтасы ерекше. Өзді-өзін танып-білгісі келеді. Тарихи тақырыпқа барған қаламгер алдымен тарихтың өзіне, сонан кейін таңдап алып отырған кейіпкерінің аруағына, үшіншіден, оқырман алдында жауапкер. Әбден зерттеп білу керек, құрметтеу ләзім. Сонда бұлардан оқырман сенімін аяқасты етпеу жауапкершілігі шығады. Тақырыптың темір төзім мен тәжірибені талап етері 10-сыныпты «очно» бітірген жұрттың бәріне түсінікті.
– Бүгінгі қазақ әдебиетінде роман аз деп жатады, бұған не дейсіз? Соңғы жарты ғасырда әдебиеттің ірі жанрында жазылған туындылар арасынан көңіліңіз толған қандай шығармаларды атар едіңіз?
– Роман деген «сөздің» өзі дәрежеңді асқақтатып тұратындықтан, нобайлап айтқан-да, махаббат, сатқындық, тайталас, психология тақырыптарында жаза беруге ешкім бөгесін болып тұрған жоқ. Бізде роман тапшы деп жүргендердің аңсары өткен шақтағы халқымыздың тағдырының болу-болмау сыни кезеңдегі дәуірді бейнелеуді күту деп түсінемін. Қажығалиша айтсақ, «сүйекті шығармалар». Оқи алмаған авторлар айыпқа бұйырмас, бұл тұрғанда есіме еліміздің тағдырлы кезеңдеріне арналған Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парызы», Ә.Кекілбайдың романдар сериясы, М.Мағауиннің «Аласапыраны», Қ.Жұмаділовтің «Дарабозы», Д.Досжанның «Жібек жолысы», К.Мұханбетқалиұлының «Тар кезеңі», С.Жұбатырұлының «Абыржысы» түсіп отыр. Көріп отырсың, Қазақстанның барлық шаруасы түгенделіп болып, бұдан былайғы тағдыры тек Шыңғысханға қарап қалғандай-ақ, шыңғысханшылдар күпінің битіндей көбейіп кетті. Ал біздің жайдақ түсінігімізде, Шыңғысханды бауырға басу әрекеті дұшпанды молайта түседі. Мәселенің ол жағында шаруасы жоқ жазармандарға керегі «бұл шіркін Шыңғысхан туралы да жазған» деген атақ. Шын мәнінде Шыңғысханның күні бізге қарап, біздің күніміз Шыңғысханға тәуелді еместігі түсінікті жайт.
Белгілі бір тарихи адам туралы жазылған дүниенің бәрі тарихи шығарма бола бермейді. Қажығали Мұханбетқалиұлы Исатай мен Махамбеттің өлімін ұйымдастырушылардың бірі Баймағамбет Айшуақов туралы «Бас жұтқан бас» атты көлемді повесть жазды. Оқиға тарихта болған, кейіпкерлердің бәрі де өмірдегі кісілер. Соған қарамастан жазушы шығармасына «тарихи» деген ен таққан жоқ. Бұны біз тарих алдындағы жауапкершілік деп түсінеміз.
Есті ел тарихын тәлкек етпесе керек!
– Ғұмыр бойы ұлт азаттығы үшін күресіп өткен халық батыры Жанқожа Нұр-мұхаммедұлының өмірін, оған қатысты оқиғаларды көп зерттедіңіз. Әдеби-публицистикалық шығармалардан тұратын «Ел қорғаны – Ер Жәкем» атты кітабыңыз елдің сұранысына орай бірнеше рет қайта басылып шықты. Сонымен бірге 2014 жылы Жанқожа батырдың туғанына 240 жыл толуына орай тарихи құжаттар мен зерттеу еңбектерді, мақалаларды жинақтап «Жанқожа Нұрмұхаммедұлы» атты кітап шығардыңыз. Бүгінге дейін батыр туралы 30-ға тарта мақала, зерттеулеріңіз жарияланыпты. Сұрайын дегенім, бұл тарапта қамтылмаған жайттар әлі бар ма?
– Бар! Солардың біріне ғана тоқталайын.
Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – тірі күнінде тағдыры қандай қиын болса, өмірден кеткен соң да оның атының, қылған ерлігінің дәріптелуі сондай кедергіге тап болған тұлға. Оның ерлігі туған халқына қанша жақын болса, өз тұсындағы Патша өкіметіне де, оны қиратып тарих сахнасына шыққан Кеңес өкіметінің саясатына да сонша жат болды. Себебі, «езілген елдің мұңын мұңдап, зарын тыңдаушы» қызыл большевиктер құрған мемлекет елді тапқа бөліп, байды шеттетіп, кедейді бауырына басқанымен орыстан өзге ұлттарға шовинизммен қарап, өздерін жарылқаушы, «өркениет таратушы» ретінде сомдағысы келді. Сондықтан ұлттық республикалар халқына «орысқа өз еркімен қосылған» деген тұжырымды зорлап таңуды мақсат тұтты. Міне, осы кезде әлгіндей саясат жүргізуге қолбайлау болатын факт алдарынан шықты, яғни, өзгелермен бірге қазақты Ресейге «өз еркімен» қосқысы келгендер қазақ тарихында Ресей империясына қарсы соғысқандар барын біліп, олар туралы шындық тұғырынан түспей тұрғанда зымиян мақсаттары іске аспайтынын жақсы түсінді. Енді оларға не істеу керек? Әрине қаралау керек және ондай масқара тірлікті Қазақстанның өз қолымен жасауы керек. Осылайша, Ермахан Бекмахановтың 1948 жылы Мәскеуден шыққан «Казахстан в 20-40-годы ХІХ века» кітабы мен Тілеуқажы Шойынбаевтың 1949 жылы Алматыда жарық көрген «Восстание сырдарьинских казахов под руководством Джанкожи Нурмухамедова (1856-1857 гг)» кітаптарын бекерлеу науқаны басталып кетті. Өйткені әлгі кітаптардағы Кенесары хан мен Жанқожа батырдың тұлғасы империялық пиғылға тосқауыл еді.
1951 жылы «Правда» газетінде Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якуниннің қол қойған мақаласы шығып, онда Е.Бехмахановтың еңбегі мансұқталды. Содан көп ұзамай Бекмаханов университеттегі жұмысынан қуылып, партиядан шығарылды.
1952 жылы қыркүйек айында қамауға алынды. Осылай бір істі тындырған большевиктер енді Т.Шойынбаевтың Жанқожа батыр туралы монографиясын да жоққа шығаруға белсене кірісті. Сөйтіп, 1952 жылы қазан айының 10-ы мен 17-сі күндері аралығында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бюросы залында Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған қазақтар көтерілісінің себептері мен сипатын анықтауға арналған Қазақстан КП ОК хатшысы М.Сужиковтың басқаруымен құпия мәжіліс өтті. Мәжіліске Тарих, археология және этнография институтының директоры С.Покровский, Экономика институтының директоры С.Толыбеков, тарихшы ғалымдар Х.Айдарова, Т.Шойынбаев, Ә.Тұрсынбаев, М.Ақынжанов, Т.Елеуов, А.Нүсіпбеков, В.Шахматов, В.Савосько, Республикалық орталық архивтің директоры И.Чумак, партия қызметкерлері Пыхтин, Я.Пильгук қатысты. Бүгінде ол мәжілісте не айтылғанын толық біле аламыз. Оның стенограммасының түпнұсқасы (орыс тілінде) 2018 жылы тарих ғылымының докторы А.Ахметтің дайындауымен Атырау қаласынан кітап болып басылып шықты. Онда айтылғандарды, қатысқандардың Жанқожа көтерілісінің ұлт-азаттық сипатын теріске шығару үшін айтқан жала сөздерін оқығанда денең түршігеді. Мысалы, іс жүзінде бес мың шаруа қатысып, төрт-бес айға созылған Жанқожа бастаған халық көтерілісі туралы И.Чумак «…Национально-освободительное восстание предпологает обязательное участие масс, а массы здесь не участвует» деп көтеріліске халықтың қатынасқанын бекерлесе, Т.Елеуов «…основные массы сырдарьинских казахов не поддержали Джанхожу, а кучка феодалов, султанов, возглавляемая Джанхожей, была легко разбита» деп өтірікті қолдағанымен тұрмай, өзі де өтірік үстейді. Ал Ә.Тұрсынбаев болса, «Джан-хожа – инициатор движения орентировался на среднеазиятских ханов, за спиной которых стояли Англия и Турция» деп өмірінде ағылшындар туралы түсінігі жоқ батырдың ісін сонау Еуропаға дейін созып әкетеді. Дегенмен аталған талқылауда жарыссөздің соңында сөйлеген Жанқожа туралы ғылыми еңбектің авторы Т.Шойынбаев «алғашқы еңбегі болғандықтан оның кемшіліктері бар екенін, таптық күреске мән бермегенін «мойындай» тұра Жанқожа бастаған қозғалысты ұлт-азаттық қозғалыс» деп бағалағанын, енді оны «отаршылдыққа қарсы көтеріліс» деп бағалайтынын айтады. Бірақ мәжіліс қорытындысында Жанқожа көтерілісінде ұлт-азаттық сипат жоқ деген тұжырымға келеді. Сөйтіп бұдан кейінгі дәуірде мерзімді баспасөзде, ғылыми кітаптарда Жанқожаның атын атауға тыйым салынды. Міне, осы мәселе туралы мақала дайын, тек бірер деректермен толықтыру қажет.
– Жоғарыда атап кеткен Жанқожа туралы еңбектеріңіз батыр жайында жазамын деген авторларға мол мәлімет берері анық. Бүгінгі әдебиетте Жанқожа ба-тыр туралы қандай шығармалар көзге түседі?
– Аяқасты жазармандар көбейді. Батырдың атына екі-үш бумадан тұратын жазбалар жарияланды. Бұларда бабамыздың аты бар, алайда тірі әдеби кейіпкерлер түгілі бас кейіпкер Жанқожаның ең алдымен адам, қайраткер, ретті жерінде сүйінетін де күйінетін өзі жоқ. Бұл күндері әр ауылда, әр ауданда, әр облыста жазармандардың өздері шығарып жатқан кітаптардың сапасын қарайтын бір мекеме не бір пенде жоқ.
Тарих дегенді зерттеп, әбден біліп барып жазу керек. Алайда жеткілікті зерттелмей, іс-әрекеттердің түп-төркіні бағамдалмайды. Кейбіреулер жарияланған деректерді ғана малданады. Ал әдеби кейіпкер жасаудың тәсілдері ұшан-теңіз, онымен шаруасы жоқ. Аяқ астынан тап келген жазармандар өзі жазады, өзі шығарады және өз жақындарына дәріптеткізеді. Тіпті, бүгіндері батыр атағын сатып, мал табуға көшкендер көп.
Шығарма тарихи аталуы үшін сол дәуірдің жай-жапсары, әлеуметтік ахуалдар, ең бастысы, кейіпкердің іс-әрекеттері, оның сөздік қоры, болмысы, түгелдей не керек, сол кезеңнің түбегейлі оқиғаларын сұрыптап, дәуірдің көлемді полотносын беруге міндетті. Атқа мініп шауып жүрген тұмақты төрт-бес қазақ әрекеттері тарихи шығарма бола алмайды.
Жазарманда табиғи талант болмағаннан кейін жазушы болмақшы кісі – кәдімгі еңбек торысының әдеби сауаты, әдебиет теориясынан хабары болғаны абзал.
Жазушының ең басты «жаналғышы» – оқырман. Жазарман ең алдымен соған жүгінеді. Оқырманның қолында сені мүлде оқымай қоятын құдірет бар.
Ал Жанқожа туралы жазылған шығармалар туралы айтар болсақ, ол тақырыпқа бұрын да, кейін де өлең-дастандар біршама жазылды, қазір де жазылып жатыр. Ал прозалық шығармаға келсек, кеңестік кезеңде белгілі ақын Зейнолла Шүкіровтің екі томдық «Сыр бойы» романы шықты. Сондай-ақ жазушы Бегділдә Алдамжаровтың «Ұлы сел» атты үш кітаптан тұратын романында да батыр жайлы кейбір оқиғалар енгізілген. Бірақ оларда қызыл өкіметтің цензурасы «орыстың қас жауы» деп санаған Жанқожа туралы кең көсіліп, еркін сілтеуге мүмкіндік болмады. Соңғы кезде жазушы ініміз Бегабат Ұзақовтың «Жантаза» атты әңгімесі жарық көріп, кітабына кірді. Әңгіме батыр бабамыз жайындағы аңыздарға сүйене отырып, фэнтези стилінде жазылған. Жаңа бағытта туған бұл туынды бүгінде еліміздегі орыс мектептеріне қазақ тілі мен әдебиетін үйрететін «Бәйшешек» оқулығына және Ташкенттен басылып шыққан «Қазақ-қарақалпақ әдеби байланыстары» кітабына енгізілгенін есіттім. Демек, қазір Жанқожа туралы жазылған көркем шығармаларға оқырмандар тарапынан қызығушылық солғындаған жоқ.
– Жазушылар туралы әркім әртүрлі айтады, бірақ сөзінің салмағы бар кісілердің пікірі әрдайым елеп-ескеруге тұрарлық. Сіз туралы мен өз құлағыммен естігенімді айтайын: күні кеше фәниден бақиға көшкен қазақтың классик жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 90 жасқа толған күні – 2014 жылдың 22 қазанында өзіңізге еріп ақсақалға сәлем бере барып, ол кісінің үйінен дәм татып, қайтар кезде қонақтарын шығарып салып тұрған Әбеңнің «Молдахмет өзімнің інім ғой, үлкен жазушы» деп ризалықпен айтқан сөзін естіп қалған едім…
– Әбе, Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз – өткен ғасырдан қалған халқымыздың жеке-меншік классиктерінің соңғы тұяғы. Тәуір жазушы боламын деп қалам ұстаған кейінгі ұрпаққа ол кісіден талдап, таңдауға, мүлдем күмәндануға жатпайтын екі бірдей үлгі – бірінші, қалай жаман жазбау керек те, екіншісі өмірінің ақырғы сәтіне дейін қасиетті қазақ сөзіне деген жанкешті еңбек үлгісі қалды. Ол – аса еңбекқор, сол еңбегінің арқасында жеткен сөз өнерінің шебері.
Есте қалмапты, айтса айтқан болар. Ауызша сөз желге ұшады да кетеді. Біреу сенеді, біреу сенбейді. Көп жағдайда сенбейді. Өзін көтеру үшін айтып отыр деп ойлайды.
Кітаптарым шығып, араласып жүріп көңілі түзу-ау деген ағаларымның бір де біреуіне пікір айтыңыз деп көрген емес. Шындығында, өздері көріп, біліп отырған соң әлдеқандай өтініш айтуды намыс көрдім. Әдебиетке жаңа келген таланттарды демеп, алғы сөз жазып баспаға ұсыну дәстүрі болатын. Кейін ұмытыла бастады.
Тұңғыш повесім облыстық газетке жариялануы үшін сол кездегі дәстүр бойынша Зейнолла Шүкіровтен алғысөз сұрадым, жазып берді. Кетті. Әлдеқандай конкурсқа ұсыну үшін пікір керек екен, Қадекеңе бардым. Жазып берді.
Әбеңді мен туралы жазбады, пікір айтпады деп титімдей де кінәлаған емеспін. Бауыр басып кетпегенмен, ағаны құрмет тұттым. Шындығына келсек, Әбекең өзінен кейінгі жазушыларға сирек пікір айтатын.
– Жазушы адам жазбай тұра алмайды ғой, кейінгі кезде не жазып жатырсыз? Алдағы кезде ағаларыңыз бен тұстастарыңыз туралы қандай естелік, эсселеріңізді оқып қалуымыз мүмкін, қандай әңгіме, хикаяттарыңызды жариялағалы жүрсіз?
– Тірі пенденің тағдыр-талайы бар, іс-әрекеті түгелдей Алланың қолында. Менің айтқаным емес, Алланың дегені болады. Өмірлік тәжірибеде әлі болмаған істі алдын ала айтып дабыралау, оның үстіне кесіп айту біздің дәстүрде жоқ. Ондай істерімнің бәрі сүрініп жатады. Мүлде құрдымға кетуі де мүмкін. Екінші жайт – шығармашылық деген жағдай мен көңіл күй («шабыт» деп әсірелемей-ақ қояйық) таңдайтын сәби тәрізді шамшыл нәрсе. Қазір бар, қазір жоқ. Бүгінгі жазғаныңды ертең жыртып тастай бересің. Сондай-сондай себептермен бұл тараптағы шаруаларды насихаттау ауырға соғады.
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ
Ахмет ӨМІРЗАҚ