Сазгер кеші

Қасиетті Қазалы топырағы талант дарыған тұлғаларға бай мекен. Туған жерден тұрақ тауып, жан сырын әнге арқау еткен ақын, сазгер Әбілқасым Романды аудан жұртшылығы жақсы таниды. Жақында Қазалы қалалық мәдениет үйінде «Толықсиды жеңгем, үйге жаңа келген... » деп көпшіліктің құлағында жатталған хит әннің авторы, сазгер шығармашылығына арналған «Құс ғұмыр» атты кеші өтті.
Шығармашылық кеш қалалық мәдениет үйі «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығы тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «АRT-уақыты» жобасы аясында өтті. Сазгер кешінен ерекше күйге бөленіп, концерт деңгейі жоғары дәреже өткенін көрерменнің ыстық ықыласынан аңғаруға болады. Шара еркін форматта болды. Ерекшелігі – кеште жүргізуші болмады. Әдемі көріністер, керемет қойылымдар қойылды, өлеңнен, ән мен жырдан шашу шашылып, махаббатқа толы лириканың әсем келбеті үйлесті. Шығармашылық кештің шымылдығы басы Айдос Тұрардың орындауында сазгердің «Насихат» термесімен ашылды. Одан соң сазгердің автопортретін өнерпаздар орындап шықты. Көптің көңілін ғажайып сезімге бөлеген кештің режиссері, басынан аяғына дейін өткізілу тәртібін қолға алған – Бақытбек Макеев.
– Шарада оқылған өлеңге байланысты ақынның әндері шырқалды. Мәселен, «Өмір» деген өлеңін оқыдық, артынан ағамыздың әкесі мен анасына арналған «Аңсау» әні кетті. Сазгердің өлеңінің басым бөлігі сезімге, лирикаға толы. «Сағынып жүрмін», «Сұлулық», «Несін жасырамын?» деген өлеңдері оқылды. Қыз бен жігіттің махаббат сахналары болды. Қармен, түтінмен көркемдедік. Артынан Әбіш ағамыздың «Сыр» өлеңі шырқалды. Барлығы қойылымды концерт болды. Плюс болған жоқ, бірыңғай жанды дауыста өткізілді. Қанша күнгі еткен еңбектің, төккен тердің арқасында керемет дүниені алып шықтық. Ауданда ерекше, әсерлі өткен шара деп көрермен ықыласына бөлендік. Әбіш ағамыздың сырт жақтағы, әр аймақтан достары келді. «Толықсиды жеңгем, үйге жаңа келген» әнінің кейіпкері, ағамыздың жеңгесі де келді. Өзінің жұбайына арнаған әнін өзі шырқады. Нұрман Бекжан, Ақжол Сұлтан, Қанат Сырлыбай сынды жігіттер өлеңді нақышына келтіре орындады. Өзім де өнер көрсеттім. Шара 2 сағатқа созылса да уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамадық. Дәл осы шараның ұйымдастырылып, өтуіне ұйытқы болған қалалық мәдениет үйінің директоры Кемеңгер Өтеп ағамызды атап өткім келеді, – дейді ол.
Кеш барысында Қазалы қаласының әкімі Қайрақбай Орынбасар сазгерді арнайы құттықтап, шапан жапты. Аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Оңдасынұлы да қатысып сазгер мен зайыбы Ақзира екеуіне шапан жауып, құттықтады. Біршама зиялы қауым өкілдері қатысқан кеште Сәукен Әліш, Арман Әуез, Кемеңгер Өтептер сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Аудан көркемөнерпаздары жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, шара соңы Дастан Пірімбаевтың орындауындағы сазгердің әні мен сөзіне жазылған «Құс ғұмыр» әнімен аяқталды.
Айнұр ӘЛИ