Бүгінгі жетістіктер – жаңа жеңістерге берік серпін

«Мектептің дамуына бір қадам» атты есепті-семинарға негізделген пресс-турдың алғашқы нүктесі Е. Бозғұлов атындағы №249 лицейде республикалық олимпиада жүлдегерлерімен кездесуден бастау алды. Гуманитарлық, жаратылыстану бағыты бойынша пәндік олимпиадаларда топ жарып жүрген жастар өздерінің жетістікке жету жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, алдағы уақытта бұдан да үлкен белестерді бағындыруды көздейтінін жеткізді.
«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерден озады», – деп Абай атамыз бекер айтпаса керек. Осындай жолмен өз қатарластарынан оза шыққан, білімге құштар жастың бірі – №276 орта мектептің 10 сынып оқушысы Ерасыл Жеткерген. Ол тарих пәні бойынша 5-сыныптан бері олимпиадаға қатысып келеді. Айтуынша, үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек оны осындай жеңістерге жеткізген. Олимпиада тұғырынан түспей, аудан абыройын асқақтатып жүрген Ерасыл сынды жастар ауданда аз емес. Олар түрлі пәндер бойынша бәсекелерде бақ сынап, мектеп мерейін көкке көтеріп жүр.
Одан әрі пресс-турға шақырылған арнайы қонақтар «Жүректі жаулаған поэзия» шығармашылық алаңына аялдады. Мұнда қатысушылар республикалық байқаулардың жеңімпаздарының шығармашылығымен танысты. Одан соң, Айтжан Өмірзақ, Ерасыл Қаржаубай, Жанерке Қалас, Әлия Кенжебекқызы, Нұрбек Әбжәлиев сынды оқушылар ақын-жазушылардың шығармаларын мәні мен мазмұнын аша, мәнерлеп оқыды. Қазақ «Көңілдің тілі – көркем сөз» демекші, жастар оқыған әсем шығармалардан жиылғандар жақсы көңілге бөленді.
Ал «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты ақындар мүшәйрасын тамашалағандар республикалық «Мәшһүр Жүсіп» оқуларының жеңімпазы, №70 мектептің оқушысы Аяулым Жәуміттің «Тарих тағылымы »атты өлеңін сілтідей тұнып тыңдады. Таңдайына жыр тұнған осындай жастар бар да қазақ өлеңі өміршең болады деген қонақтар ақын қыз-жігіттерге «қанаттарың талмасын» деп тілегін білдірді.
Пресс-турдың келесі бөлігі «Ғылымдағы серпіліс: инновациялық идеялар мен жаңа мүмкіндіктер» атты семинармен жалғасты. Мұнда «Дарын» ғылыми жобалар байқауының облыстық, республикалық кезеңдерінің жеңімпаздарының жобалары таныстырылып, жеңімпаз оқушылардың жетекшілері іс-тәжірибесімен бөлісті. Білім мен ғылымды қатар алып жүруге тәуекел еткен білім алушылардың ұмтылысы көңіл тоғайтады.

Қонақтарға өз жобасын таныстырған №97 орта мектептің 9-сынып оқушысы Нұрдана Базарбай «Күйікқала» тарихи нысанының ерекшелігімен тарихи мазмұны туралы мағлұмат берді. Талдырмаш қыздың осыншама ізденісінің артында табандылық жатқанын аңғардық. «Көп ізденген көмбе үстінен шығады» демекші, жастардың толассыз ізденісі осындай жетістіктерге жеткізері анық.
Кәсіптік бағыттағы зерттеушілердің өнертапқыштық және шығармашылық жобалар алаңында көпшілікке оқушылар мен жетекшілердің экологиялық креативті жобалары көрсетілді. Одан соң жиналғандарға «Эко-өнер: табиғатпен үндесу» атты көрме ұсынылды.
Пресс-тур аясында аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов шараның маңызына қысқаша тоқталып өтті.
– Көпшіліктің басын қосқан бұл бастаманы дамудың жаңа сатысына шығаратын тың шара деуге болады. Өйткені аталған есепті-семинардың басты мақсаты да қол жеткізген жетістіктер негізінде алға қарай жаңаша қадам басуды көздейді. Бұл шара – педагогтардың өзара іс-тәжірибе алмасуына, сондай-ақ алдағы мақсаттарды игеруге ықпал етеді. Өздеріңіз білесіздер, білгеніңмен бөлісіп, білмегеніңді үйрену – дамуымызға импульс береді. Сондықтан бұл шараға біркісідей атсалысуға шақырамын, – деді Әділхан Оңдасынұлы.
Көшпелі пресс-тур М.Матаев атындағы №170 орта мектеп базасында жалғасын тапты. Мұндағы секция жұмысы төрт бөліктен тұрады. Біріншісі – «Ұлттық педагогика – мұғалімнің кәсіби дамуының темірқазығы» деп аталды. Мұнда білікті ұстаздар «Ұлттық педагогика мен STEM тоғысқан сәт: Ыбырай мұрасы» шебер сынып, «Абай әлеміндегі әдістемелік бренд» TED x, «Мағжан педагогикасы – оқу тәрбие үдерісінде» деген тақырыптарда іс-тәжірибелерімен бөлісті.
«Педагогикалық шеберлік: тәжірибе мен инновацияның түйісуі» атты бөлімде Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Бағила Ахметова «10 минут-10 әдіс» педагогикалық лайфхактарымен әріптестерін тәнті етсе, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер Лайла Куламетова «Шебер педагог жұмысының озық үлгілері» педагогикалық кейс-шоуын көрсетті. №93 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог шебер Райса Рахмет «Оқу жетістігі белсенді қалыптаспаған оқушылардың жеке білім траекториясын қалыптастыру жолдары» шеберлі сағатын өткізді. №102 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Тамаша Мұратбай «Заманауи сабақты жобалау: педагог шебер көзқарасы» интерактивті жобалау алаңын жүргізді. Ал Е. Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі, педагог шебер Ғалымжан Жантөре «EdTech құралдары: педагог шебер тәжірибесінде» ізденіс ойын форматындағы жұмысын көрсетті.
«Бастауыш сыныптағы креативті орта: мұғалім мен оқушы арасындағы шығармашылық серіктестік» бөлімде оқушы мен мұғалімнің бірлескен ізденісі көрініс тапты. Яғни, мұғалімнің жетекшілігімен жүргізілген зерттеу жұмыстарын жеткіншектер қонақтардың алдында қорғады. Оқушылардың арасынан таңдайы тақылдаған талдырмаш қыз ерекше көзге түсті. №234 орта мектепте 2-сынып оқитын Әдемі Абдикеримқызы өзі таңдап алған «Киелі қылқобыздың үні» атты зерттеу жұмысына тыңғылықты дайындалғанын байқатты. Жобасын қорытындылай келе, қонақтарға қылқобызымен күйін де ойнап берді. Ойы озық озат оқушыға ардагер ұстаз Серік Қуанышбай «талабың таудай болсын» деп батасын берді.
«Ұлттық ойындар – рухани байлығымыз» ұлттық ойындар алаңында ұлттық ойындарымыз ұлықталды. Шара барысында «Бес табан», «Ләңгі тебу», «Бес асық» ойындарын дәріптеген ұстаздар мен оқушылар шеберліктері мен икемділіктерін ортаға салды. Кейін көпшіліктің назарына ұлттық спорт түрлерінен сындарда жеңіске жеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлердің жетістіктер көрмесі ұсынылды.
Матаев атындағы маңызды шараларға шолу жасаған соң, қатысушылар №266 мектеп-лицейдегі секция жұмыстарымен танысуға жол тартты. Мұнда да қонақтарды тосын сыйлар күтіп тұрды. Шаралардың шымылдығы театрландырылған қойылыммен түрілді. Көзі қарақты көрерменге оқушылардан құралған театр ұжымдары бірнеше қойылымды ұсынды. Атап айтсақ, №216 мектептің 2-4 оқушылары «The Magic love», №170 орта мектептің 5-9 сынып оқушылары «Письмо с фронта», сондай-ақ №266 мектеп-лицейдің 5-9 сынып оқушылары «Баллада о солдате» қойылымдарын қойды. Сонымен бірге №92 мектептің «Жас өркен» театр ұжымы Әбіш Кекілбаевтың «Бір шөкім бұлт», №204 орта мектептің «Алтынсарин жастары» театр ұжымы Нұрсұлтан Жұбатұлының «Майданнан хат» шығармаларынан үзіндіні сәтті сахналады. Оқушылар өз образдарын алып шығуға барынша тырысқан. Айта кететіні, «Бір шөкім бұлт» шығармасының желісімен сахналанған қойылым қалың қараны ерекше толғанысқа бөледі. Әсіресе басты кейіпкерді сомдаған арудың «Аққаймақтың» қилы да қиын тағдырын жан-тәнімен сезініп, оның бет-бейнесін ашуға деген талпынысы көпті тәнті етті.
Шыны керек, әлі бала болса да әр кейіпкердің дара болмысын, тұлға танымын ашуға тырысқан жастардың бұл жемісті еңбегінің арқасында оларды шығармашылыққа бағыттап, жетелеген ұстаздар тұр. Олардың да еңбегін ескермей кетуге болмайды. Осы ретте, №94 мектептің қосымша білім беру педагогы Бағила Құрманәліден пікір сұрауды жөн көрдік.
– Барлық мектепте қосымша білім беру педагогтары бар. Олардың атқаратын жұмыстарының бір бөлігі – шығармашылыққа қабілетті оқушылармен жұмыс жасау. Яғни, балаларды мектептен тыс үйірме жұмыстарына баулу боп саналады. Қазіргі таңда оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында «театр жобасы» жүзеге асырылуда. Жоба аясында республикалық деңгейдегі түрлі байқауларға қатысамыз. Ол мектепшілік кезеңнен бастау алып, кейін аудандық, аймақтық, облыстық республикалық кезеңге ұласады. Биыл Құмжиек ауылындағы Қүлетов атындағы №92 мектептің «Жас өркен» театр ұжымы республикалық байқауға жолдама алды. Ұлы Жеңістің – 80 жылдығына орай «Бейбіт күннің бағасы» деген атаумен ұйымдастырылған байқауда жоғарыда аталған театр ұжымы өздеріңіз тамашалаған «Бір шөкім бұлт» қойылымымен жеңіске жетті. Әріптесіміз Жанат Қанатбаеваның жетістігіне шын қуанамыз. Бізге де осындай жетістікті бұйыртсын дейміз, – дейді әріптестеріне тілеулестігін білдірген Бағила Қуантқанқызы.
Секция жұмыстарының келесі аялдамасы «Білім берудегі инклюзия: тиімді тәжірибелер мен жаңа көзқарастар Start up» көрмемен жалғасты. Нақтырақ айтсақ, №266 мектеп-лицейдің маманы Айдана Молдасова «Инклюзивті қолдау кабинеті: Әр балаға тең мүмкіндік», №24 мектептен Фариза Садақбай «Tanym fashion: әр бала – бір әлем», №276 мектептен Гүлсая Төрекелді «Танымдық белсенділікті арттыруға бағытталған дидактикалық ойындар жүйесі» жобаларын таныстырды. Олардың қатарында бірнеше мектептің шәкірттері дайындаған құрастырылымдар бар.
Көрменің келесі бөлігінде көрермен назарына жас өнертапқыштардың еңбектері ұсынылды. Олар өздері құрастырған робототехника модельдерін іс жүзінде қалай жұмыс жасайтынын көрсетті.
«Робо-IT»: Жаңалық ашқың келсе, IT саланы зертте!», «Білім-IT: Білімді техникаға айналдыру», «Жаңалық-IT: Әр сайыстардың артықшылықтары», «Халықаралық-IT: Ауданнан халықаралыққа шығу жоспары» атты информатика пәндерінің жұмыстары аясында оқушылар ғылыми-техникалық шығармашылық қабілетін дамытып қоймай, робототехника шеңберінде бағдарламалаудың жалпы негіздерін үйренуге, қызығушылығын арттыруға және технологияларға сын тұрғысынан ойлауды қалыптастыруға, инженерлік және дизайндық-ойлау, 3D моделдеу дағдыларын қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар. Одан соң қатысушылар эко көрмені көруге келді. Бұл бөлікте де бірнеше білім беру ұйымдарының мұғалімдері жұмыстарын көрсетті.
Секция жұмыстары бітуге таяғанда білім беру ұйымдарының, білім округы басшылары мен орынбасарларына №266 мектеп-лицейдің директоры Ерлан Өтепбергенов кәсіптік бағытқа баулитын кластармен таныстырды. Нақтырақ айтсақ, заманауи үлгідегі жабдықтармен жабдықталған телестудия, арт студия, STEM, робототехника, қыздар шеберханасы (аспаз, тігін), музыка, ер балалар шеберханасы, кадет сыныбы көпшіліктің көңілінен шықты. Шара соңында Ерлан Өтепбергенов «Бар білім кеңістігі – бір мақсат: Округтік мектептердің өзара ықпалдастығы» турасында кейс-сессия өткізді.
Пресс-тур бағдарламасының мазмұны бай әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны ардагер ұстаздардың тарапынан ерекше бағаланды. Ардагер ұстаз Серік Қуанышбай: «Бұл шараны кәсіби тұрғыдан өсуге, оқуда және оқытуда өзгерістер енгізуге, жаңа мақсаттар қойып, алға тағы да қадам жасауға берілген мүмкіндік және міндет деп түсіну керек. Ұлт болашағының көсегесін біліммен көгерткен елдің ертеңі кемел, еңсесі биік. «Білімдінің күні жарық» дегендей, ауданның білім бәсекесінде бағындырар белесі бүгінгіден де көп болсын» деп ізгі тілегін білдірді.
Пресс-турдың қорытындысында әдістемелік кабинеттің меңерушісі Лаура Ізбасар сөз сөйледі. Лаура Ізбасар білім саласындағы жетістіктермен бөлісіп, ұстаздар мен оқушылардың әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстарды атап өтті.
– Сіз куә болған жетістіктер біздің жұмыстарымыздың бір парасы ғана. Педагогтарымыз үнемі үздіксіз ізденіс үстінде. Соның арқасында Қазалы аудандар арасында «шебер ұстаздар» бойынша алдыңғы орында. Зерттеу жұмыстары бойынша да халықаралық аренаны бағындырып, беделімізді арттырып келеміз. Ал үздік педагогтар әзірге облыстық деңгейді місе тұтып тұр. Алдағы мақсат – республикалық межеден көріну. Сол жолда жұмыстанып жатқан жайымыз бар.
Ауданда 38 мектеп жоба аясында жұмыс жасайды. Жобалар аясында аудандағы 4 мектеп округқа бөлініп, шағын жинақталған мектептермен жұмыс жүргізеді. Округқа бекітілген ұстаздар зум арқылы іс-тәжірибелерімен бөлісіп, сабақ өткізеді.
Байқағаныңыздай, бүгінгі шараның бағдарламасы тек республикалық байқауларда жеңімпаз танылған жұмыстарға негізделген. Былтыр дәл осындай пресс-тур ұйымдастырғанбыз. Биыл да сол үрдістен жаңылмай есеп беруді құп көрдік. Негізінде бұл есептік шара жоспарға сәйкес сәуір айына өту керек болған. Халықаралық зерттеу жұмыстарына қатысқандықтан кейінге шегеріліп, пресс-турды ұйымдастырудың сәті бүгінге бұйырды. Жалпы, білім көкжиегіндегі атқарылатын жұмыстар қыруар. Білім өшпес қазына – деген дана халқымыз. Осы ретте білім саласын дамытып, өркен жаюына өз үлесімізді қоса береміз, – дейді Лаура Ізбасар.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ